​АРМИЯ АНАЛАРДЫҢ КӨЗІМЕН: АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРГЕ 4000-НАН АСТАМ АДАМ КЕЛДІ

0
61


​АРМИЯ АНАЛАРДЫҢ КӨЗІМЕН: АШЫҚ ЕСІК КҮНІНДЕ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРГЕ 4000-НАН АСТАМ АДАМ КЕЛДІ

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен ұйымдастырылған бірыңғай Ашық есік күні аясында сарбаздардың 4000-нан астам туған-туысы әскери бөлімдерге жиналды.

Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техника көрмелері ұйымдастырылды. Ата-аналар ұлдарының қызмет барысында нені меңгергенін өз көздерімен көрді. Сап және оқу-жаттығу алаңдарында сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігін көрсетті.

Келушілерге тәрбие жұмысын ұйымдастыру және әскери тәртіпті сақтау бойынша қорғаныс ведомствосы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар қаруды қолдану, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезіндегі қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстарына жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуымен, қызмет және тұрмыс жағдайларымен танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын бөлмелер мен тұрмыстық аймақтарды көрді.
Асханаларда олар сарбаздарды тамақтандыру қалай ұйымдастырылғанын көріп, тағам рационының тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – бірлескен түскі ас болды. Қарапайым өтсе де, мағынасы айрықша бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер етті. Кеше ғана жасөспірім болған ұлдары сенімді, тәртіпті, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын нағыз ер-азаматтарға айналған.
Әскери бөлімдерге келген жас қонақтарды да ерекше атап өткен жөн. Олар сарбаз қызметіндегі ағаларына сүйсіне қарайды. Тараз қаласынан келген он жастағы Алена «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінде қызмет ететін ағасы Владимир Романовта қонақта болды. Әскери бөлімге жасалған бұл сапар мектеп оқушысына өшпес әсер қалдырып, ағасына деген мақтаныш сезімін оятқаны сөзсіз.
Гвардейск гарнизонындағы танк бригадасының барлау батальонында қызмет ететін Айбар Калифановтың үш жасар інісі Әміре ағасының қолынан түскен жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын әскери дәстүр дәл осылай қалыптасады.
Бөлісу