​АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: Шымкент қаласының өзекті мәселелері қаралды

0
60

Қала әкімі жылу беру маусымына және жаңа оқу жылына дайындықты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.


​АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: Шымкент қаласының өзекті мәселелері қаралды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда алдағы 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына энергетикалық нысандарды дайындау, жаңа оқу жылына білім беру ұйымдарының дайындығы, сондай-ақ, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұловтың айтуынша, 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Магистральдық және орамішілік жылу желілерінің сынақтары аяқталды. Қазіргі таңда анықталған ақауларды жою, қазандықтарды, сорғы станцияларын, көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу маусымына дайындау жұмысы жалғасуда.
Сонымен қатар 18,5 шақырым жылу желісі күрделі жөнделуде. Жылу құбырларының тозығы жеткен учаскелерін қайта жаңарту жобалары іске асырылуда. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынған.
Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов жаңа оқу жылында Шымкент қаласында 1 382 білім беру ұйымы жұмыс істеп, онда 405 мыңнан астам бала білім алатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта мектептер мен балабақшаларда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын жылу беру маусымына дайындау, қосымша оқу корпустарын салу және білім беру инфрақұрылымының жекелеген нысандарын жаңарту жұмысы жүргізілуде.
Қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Оқу жылы басталғанға дейін мектептерге жақын аумақтардағы жол инфрақұрылымын жаңарту жоспарлануда. Атап айтқанда, жол белгілері, жаяу жүргіншілер өткелдері, жасанды жол кедергілері, сыртқы жарықтандыру және қауіпсіздікке қажет басқа да элементтер орнатылды.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Әбдәкімовтің айтуынша, Шымкентте жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған жатақхана тапшылығы жоқ. Қалада жалпы сыйымдылығы 10 782 орын болатын 32 жатақхана жұмыс істейді.
Өткен оқу жылында оларда 6 202 студент тұрған, ал 4 580 орын бос болған. Алдыңғы оқу жылымен салыстырғанда тағы бір жатақхана ашылып, жалпы сыйымдылығы 978 орынға артты. Барлық жатақхана 10 тамыздан бастап басқа өңірлерден келген студенттерді қабылдауға дайын. Студенттерді орналастыру 25 тамыздан басталады.
Сонымен қатар, аппараттық кеңесте колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі жеке қаралды. Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақовтың мәліметінше, қалада жалпы сыйымдылығы 4 050 орын болатын 29 жатақхана жұмыс істейді.
Өткен оқу жылында оларда 2 197 студент тұрған, ал 1 853 орын бос болған. Бұдан бөлек, Жоғары медициналық колледжінде 204 орынды жаңа жатақхана дайындалды. Осылайша, жаңа оқу жылында студенттерді орналастыру үшін қолданыстағы жатақхана қоры жеткілікті.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жылу беру маусымына және жаңа оқу жылына дайындықты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Әлеуметтік сала нысандарының дайындығына, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және студенттерді жатақхана орындарымен қамтуға ерекше назар аударуды міндеттеді.
Бөлісу