Табысталған сөмкелер толықтай оқу құралдарымен жабдықталған.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Балабиев «Баланы мектепке дайындайық» партиялық акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына мектеп сөмкесін табыстады.
Игі іс-шараға қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова қатысты.
«Жалпы бүгінге дейін қаламызда партия мүшелері аталған акция аясында 850-ге жуық осындай сыйлықтар таратты. Мұндағы мақсат - жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, сабақты ерекше ынтамен бастауына жағдай жасау», - деді Ербол Байқонысов.
Бұған дейін депутат қоғамдық қабылдау өткізіп, оған келген бірқатар ата-аналар балаларын мектепке дайындауға көмек сұраған болатын. Сол өтініштер бойынша Нұрсұлтан Балабиев жеке қаражаты есебінен оқушыларды оқу құралдарымен қамтамасыз етті.
– Барша оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Бүгінгі сыйлықтар сабақта озат болуға көмегін тигізсін деген тілегім бар. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді депутат.
Айта кетейік, табысталған сөмкелер толықтай оқу құралдарымен жабдықталған. «AMANAT» партиясы бұл игі шараны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырады.