Бұл жолғы іссапар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтті. Жұмысшы топ алдымен «Бал Текстиль» кәсіпорнына барды. Мұнда тоқыма өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген әйелдердің күнделікті жұмыс жағдайы қаралды.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» қоғамдағы әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек құқықтарын қорғауға және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Соның аясында «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» стандарты бойынша жұмысшы топ қаладағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, ондағы әйел қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты.
Кездесулерге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, «Әйелдер қанатының» төрайымы Наргиза Керімбаева және ұйымның белсенді мүшелері қатысты. Олар әрбір кәсіпорында еңбек етіп жүрген әйелдердің нақты жағдайымен танысып қана қоймай, олардың ұсыныстарын, ой-пікірлерін тыңдады.
«Әйелдер қанаты» еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде әйелдердің рөлін арттыруға, жұмыс орындарында олардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Сондай-ақ отбасылық және демографиялық саясатты қолдау, көпбалалы және жалғызбасты аналарға көмек көрсету, еңбек нарығында әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
Бұл жолғы іссапар «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтті. Жұмысшы топ алдымен «Бал Текстиль» кәсіпорнына барды. Мұнда тоқыма өнеркәсібінде еңбек етіп жүрген әйелдердің күнделікті жұмыс жағдайы қаралды. Өндірістік процестің күрделілігіне қарамастан, кәсіпорын тарапынан қызметкерлерге жасалып отырған әлеуметтік қолдау, еңбек заңнамасында көзделген жеңілдіктер мен кепілдіктердің сақталуы талқыланды. Әйелдер қауымы тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар хаттамаға енгізіліп, болашақта шешімін табуына ықпал жасалатыны айтылды.
Келесі кезекте жұмысшы топ «ПК «АГФ ГРУПП» мекемесіне барып, онда да әйел қызметкерлермен кездесті. Жұмысшылар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік пакет, денсаулықты қорғау, жұмыс уақытын тиімді ұйымдастыру сияқты мәселелерді көтерді. Топ мүшелері олардың сұрақтарына жауап беріп, партия тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жиын қорытындысында «AMANAT» партиясының «Әйелдер қанаты» алдағы уақытта да әйелдердің еңбек жағдайын жақсартуға, құқықтарын қорғауға, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жүйелі шараларды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Бұл бастама – тек бір реттік шара емес, қоғамдағы әйелдердің мүддесін қорғауға арналған ұзақ мерзімді жұмыс жоспарының бір бөлігі. Себебі әйелдер – қоғам тірегі, отбасының ұйытқысы, ал олардың еңбек жағдайын жақсарту – ел дамуының маңызды құрамдас бөлігі.