Әйелдер қанаты мүшелері азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік және инфрақұрылым саласына қатысты болды.
Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының кезекті отырысы өтті. Басқосу ұйымның атқарған жұмыстарын қорытындылап қана қоймай, алдағы жоспарларды айқындауға арналды. Іс-шараға Әл-Фараби аудандық партия филиалының төрағасы, Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, атқарушы хатшы Ердәулет Жүнісбек және ұйымның белсенді мүшелері қатысты.
Жиын барысында Наргиза Керімбаева партия жанындағы Әйелдер қанатының соңғы айларда атқарған жұмыстарын саралап, олардың қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ ұйымға жаңадан қабылданған мүшелерді таныстырып, оларға сәттілік тілеп, белсенді қызмет етуге шақырды. Бұл жаңалық қатысушылардың ықыласына бөленіп, жаңа мүшелердің қосылуы ұйымның әлеуетін арттыра түсетіні атап өтілді.
Күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі – тұрғындардың жеке мәселелерін талқылау болды. Әйелдер қанаты мүшелері азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік және инфрақұрылым саласына қатысты болды.
Жібек жолы көшесінің тұрғыны көпқабатты үйдің жылу құбырлары тозып, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, ауладағы қураған және бейберекет өскен ағаштарды кесу қажеттілігі де сөз болды. Бұл мәселе хаттамаға енгізіліп, жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып шешу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Ал Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғыны көпқабатты үйдің сыртқы қасбеті әбден тозып кеткенін, тұрғындардың өз күшімен жөндеуге мүмкіндігі жетпейтінін атап өтті. Бұл өтініш те назарға алынып, тиісті органдарға жолданатын болды.
Қабылдау барысында әлеуметтік қолдауды қажет ететін тағы бір мәселе көтерілді. Бір тұрғын ұлының еміне қомақты қаржы қажет екенін айтып, көмек сұрады. Әйелдер қанаты өкілдері жағдайға түсіністікпен қарап, мәселені заң аясында шешу жолдарын қарастыруға уәде берді. Сонымен бірге, мүмкіндігінше қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы қолдау көрсетілетіні жеткізілді.
Жиын соңында Наргиза Керімбаева: «Әйелдер қанаты әрқашан тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Біз әрбір азаматтың мәселесін назардан тыс қалдырмай, барынша көмек көрсетуге тырысамыз. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз», – деді.
Мұндай кездесулер партияның халықпен байланысын нығайтып қана қоймай, нақты проблемаларды дер кезінде анықтауға және оларды шешуге ықпал етуде. «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыра бермек.