Кездесу барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі отбасы тұрмысына, балалар тәрбиесіне және әлеуметтік қолдауға тікелей байланысты болды.
Шымкент қаласында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларды қорғау, олардың мәселелерін шешу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.
Соның айғағы ретінде «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен қабылдауды айтуға болады. Мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Бөкейхан Әбішев «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тұрғындарды қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Кездесу барысында көтерілген мәселелердің басым бөлігі отбасы тұрмысына, балалар тәрбиесіне және әлеуметтік қолдауға тікелей байланысты болды. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін балаларын мектепке дайындау үлкен сынаққа айналғаны айтылды. Бірқатар ата-аналар табыстарының жетіспеуіне байланысты оқу құралдары мен қажетті жабдықтарды алуға қиналып жүргенін жасырмады.
Депутат Бөкейхан Әбішев бұл өтініштерге бейжай қарамай, «Балаларды мектепке дайындайық» партиялық жобасы аясында қолдау көрсететінін мәлімдеді. Ол жеке қаражаты есебінен мектеп жасындағы балаларға сөмке, оқу құралдары және қажетті жабдықтар алуға көмектесіп, ата-аналардың алаңын сейілтті. Бұл игі іс – партияның халықпен етене жұмыс істеп, әр отбасының жағдайына жанашырлықпен қарауының нақты дәлелі.
Қабылдау кезінде отбасылық құндылықтармен байланысты тағы бір күрделі мәселе көтерілді. Қала тұрғыны – жасы келген зейнеткер марқұм болған інісінің қызы балалар үйіне өткізіліп кеткенін айтып, оны өз қамқорлығына алуға жәрдем сұрады. Жүрекке ауыр тиген бұл жағдайды назарға алған депутат мәселенің Түркістан облысына қатысты екенін түсіндіріп, облыстық білім басқармасымен тікелей байланыс орнатты. Нәтижесінде өтініш иесінің тиісті органдарға қабылдауға жазылуына ықпал етіп, істің толық бақылауда болатынын жеткізді. Бұл – балалар тағдырына немқұрайлы қарамай, олардың отбасында тәрбиеленуіне басымдық беретін партияның маңызды ұстанымын айқын көрсетеді.
Қабылдау соңында барлық азаматтар көтерген мәселелеріне қатысты қажетті қолдау алып, ризашылықтарын білдірді. Олар үшін тек материалдық көмек емес, ең алдымен жанашырлық танытып, мәселесіне мән бергеннің өзі үлкен демеу болды.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да осындай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп, отбасы құндылықтарын қорғауға, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсартуға басымдық бермек. Өйткені берік отбасы – мықты қоғамның іргетасы.