Әйелдер қанатының бастамалары негізінде еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген әйелдердің жұмыс жағдайын жақсарту, әлеуметтік, саяси және экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ отбасылық және демографиялық саясатты қолдау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Әйелдер қанаты» партияның «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» стандарты тұжырымдамасы аясында бірқатар өндіріс орындарында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Аталған шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, «Әйелдер қанатының» төрайымы Наргиза Керімбаева және ұйым мүшелері қатысты. Жиын барысында еңбек етіп жүрген әйелдердің әлеуметтік жағдайы, жұмыс орнындағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ қауіпсіз әрі қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Әйелдер қанаты» қолға алған бастамалар негізінде еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген әйелдердің жағдайын жақсарту, әлеуметтік, саяси және экономикалық мүмкіндіктерін арттыру, сонымен қатар отбасылық құндылықтар мен демографиялық саясатты қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Жұмысшы топ алдымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ауыр әрі зиянды еңбек жағдайында қызмет атқарып жүрген әйелдердің ахуалына талдау жасау мақсатында «Asia Trafo» мекемесіне барды. Мұнда Еңбек кодексінде көрсетілген жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктердің орындалуы, сондай-ақ кәсіпорынның өз бастамасымен жүзеге асырып отырған қосымша шаралары назарға алынды.
Бұдан кейін қатысушылар «Экофарм Интернейшнл» мекемесінің еңбек жағдайымен танысты. Екі кәсіпорында да жұмысшылардың талап-тілектері тыңдалып, ұсыныстары ескерілді. Әсіресе қызметкерлер тарапынан қала орталығына қатынау көлігі мәселесі көтерілді. Бұл мәселені шешу үшін тиісті басқармалармен бірлесіп жұмыс жүргізілетіні айтылды.
Жиын соңында жұмысшы топ өкілдері әйелдердің құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсарту және олардың кәсіби әрі әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.