Шара аясында балаларға оқу құралдарымен толық жабдықталған жаңа мектеп сөмкелері табысталды. Бұл сыйлықтар жас жеткіншектердің оқу процесіне ынтасын арттырып қана қоймай, ата-аналарының да тұрмыстық қиындықтарын жеңілдетуге септігін тигізді.
Жаңа оқу жылының қарсаңында Шымкент қаласында қуаныш пен ізгілікке толы маңызды іс-шара өтті. «AMANAT» партиясының дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 200 балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары сыйға тартылды.
Бұл қайырымды бастама жыл сайын жалғасын тауып келеді. Оның басты мақсаты – балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына жағдай жасау, олардың білімге деген құштарлығын арттыру және ата-аналарға қолдау көрсету.
Игі шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қаратау аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Кеңесұлы, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Данияр Омаров, сондай-ақ қала мәслихатының депутаттары Талғат Балтабаев пен Айжан Наимбекова қатысты.
Іс-шара барысында балалар мен ата-аналарды құттықтаған Мұрат Жолдыхожаев акцияның мән-маңызына тоқталды:
— «AMANAT» партиясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында осындай акция ұйымдастырып, балаларды қуантуды дәстүрге айналдырған. Биыл да сол үрдісті жалғастырып, ауқымды шара өткізіп отырмыз. Мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, олардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауына мүмкіндік беру. Барша бүлдіршіндерге озат оқушы болуды тілеймін, – деді ол.
Шара аясында балаларға оқу құралдарымен толық жабдықталған жаңа мектеп сөмкелері табысталды. Бұл сыйлықтар жас жеткіншектердің оқу процесіне ынтасын арттырып қана қоймай, ата-аналарының да тұрмыстық қиындықтарын жеңілдетуге септігін тигізді.
Жиналған ата-аналар көрсетілген қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, партия мүшелеріне алғыс айтты. Олар үшін мұндай қолдаудың мәні зор, себебі жаңа оқу жылы қарсаңында мектепке дайындық көптеген отбасыларға үлкен шығын алып келеді.
Акция балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың бойында қамқорлық пен мейірімділіктің бар екенін сезінуге жол ашты. Осындай игі дәстүрлер арқылы қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастық нығайып, әрбір отбасыға қолдау көрсетудің маңызы арта түсуде.
«AMANAT» партиясы алдағы уақытта да осындай қайырымды шараларды жалғастырып, балалардың болашағына инвестиция салуды басты міндеттердің бірі ретінде жүзеге асыра бермек.