Көрермен қауымға әншінің репертуарындағы таңдаулы туындылар ұсынылып, жанды дауыста шырқалды.
Шымкент қаласында Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаеваның «50 жыл сахнада» атты мерейтойлық концерті өтті.
«Қызғалдақ» сарайында ұйымдастырылған бұл кеште шымшаһар тұрғындарының қарасы қалың болды.
Көрермен қауымға әншінің репертуарындағы таңдаулы туындылар ұсынылып, жанды дауыста шырқалды. Роза Қуанышқызының жарты ғасырлық шығармашылық жолын қамтитын кеш жиналған жұртшылықты ерекше күйге бөледі. Әр әнді халық сүйіп тыңдап, бірге орындады. Миллиондардың жүрегін жаулаған, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленген әнші сахнада ән айтып, көрерменмен еркін тілдесуге де уақыт бөлді.
Роза Қуанышқызы кеш барысында: «Бұл өңір – өнердің қайнар көзі. Мұнда талантты композиторлар мен орындаушылар қалыптасқан. Халқының өнерге, әнге деген құрметі ерекше. Әр келген сайын ыстық ықыласқа бөленемін. Бұдан 15 жыл бұрын да концерт берген едім, енді мерейтой аясында қайта қауышып отырмыз», – деді.
Кеш аясында «Әлия», «Атамекен», «Куә бол», «Любовь настала», «Көктем шақырады», «Ғашықпын» сынды алтын қордағы әндермен қатар лирикалық шығармалар мен жаңа әндер орындалды. Сондай-ақ, сахнада әншінің ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев бірқатар әнді бірге шырқады.


