Жыландар мекені, «Матрешка» көл: басқа да құпияға толы 4 арал

0
229


Жыландар мекені, «Матрешка» көл: басқа да құпияға толы 4 арал

Сурет: images.plex.tv

Әлем картасы бізге Жер бетін толық танытатын сияқты көрінгенімен, табиғат әлі де өз құпияларын жасырып келеді. Кезінде картада болғанымен, бүгінде жоқ болып кеткен немесе ешқашан нақты табылмаған жұмбақ аралдар тарихта аз емес. Олардың кейбірі теңізшілердің естеліктерінде, ескі карталарда немесе аңыздарда сақталып қалған. Атлантида, Зеландия, Хай-Бразил, Сэнди аралы – бұл атаулар өз заманының ұлы жұмбақтарына айналған. Ғалымдар мен зерттеушілер оларды іздеп, түрлі теориялар ұсынып келеді. Бұл мақалада біз осындай жұмбақ аралдардың тарихына үңіліп, олардың бар-жоғына қатысты ғылыми көзқарастар мен болжамдарды қарастырамыз.


Залзала

Ғасырлар бойы зерттеушілер көне карталарда көрсетілген, бірақ қазір жоқ болып кеткен аралдар туралы жазып келген. Алайда қазіргі заманда жаңа аралдың пайда болуын ешкім күтпеген еді. 2013 жылы Пәкістан жағалауындағы Араб теңізінде геологтарды таңқалдырған ерекше жағдай орын алды – жер сілкінісінің нәтижесінде жаңа арал пайда болды. Бұл арал урду тілінде «жер сілкінісі» деген мағынаны білдіретін Залзала деп аталды. Арал теңіз түбінен 20 шақырым тереңдікте болған қуатты жер сілкінісінің салдарынан пайда болды. Көлемі аса үлкен емес: ені – шамамен 30 метр, ал биіктігі – 6-дан 12 метрге дейін жеткен.

Алайда Залзала ұзақ өмір сүрмеді. 2019 жылы Пәкістанның Ұлттық океанография институты NASA спутниктерінен алынған суреттерге сүйене отырып, аралдың қайта ғайып болғанын хабарлады. Бұл аймақта осындай балшықты аралдардың кейде пайда болып, кейін жоғалып кетуі – жиі кездесетін құбылыс. Мысалы, 1945 жылы теңіз бетінде осындай төрт арал пайда болса, 1999 бен 2013 жылдар аралығында тағы үш арал қалыптасқан. Бұл балшықты аралдардың түзілу себебі – теңіз түбінде жиналған метан газының әсері.


Сокотра

Сокотра аралы Үнді мұхитында, Африка жағалауынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Аралдың ұзындығы – 134 км, ені – 43 км. Ол әлемдегі ең бай биологиялық әртүрлілікке ие аумақтардың бірі болып саналады. Мұндағы тіршілік иелерінің 94 пайызы – эндемиктер, яғни олар тек осы аралда ғана кездеседі. Аралдағы 825 өсімдіктің 307 түрі басқа еш жерде өспейді.

Сокотраның ең ерекше өсімдіктерінің бірі – айдаһар (дракон) ағашы. Оның қызыл шайыры медицина мен косметикада кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, аралда піл аяғына ұқсайтын, қызғылт гүлді шөл гүлі (адениум) және баобабқа ұқсас қияр ағашы өседі.

Аралға алғаш б.з.д. І мыңжылдықта оңтүстікаравиялық тайпалар келген. Кейін гректер мен үнділер де аралды зерттеген. XVI ғасырда португалдар Сокотраны басып алмақ болды. Аралдың бірегей табиғи байлығы үшін 2008 жылы ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.


Фуэртевентура аралы

Испанияға қарасты Канар аралындағы Фуэртевентура – тек туристік мекен ғана емес, құпиясы көп арал. Мұнда 1937 жылы Герман инженері Густав Винтер салған ерекше үй орналасқан. Ресми түрде бұл жай ғана отбасыға арналған вилла деп көрсетілген, алайда оның құрылысы күдік тудырады.

Үй шөлді жағажайда, жолсыз, портсыз, оқшау жерде орналасқан. Ішінде нацистік үлгідегі бункер, жерасты туннельдері, қалың қабырғалар (1,4 м), түрме камерасына ұқсас бөлмелер бар. Ас үйде тіпті мәйітхана үстелдері мен 700°C-қа дейін қызатын пеш орнатылған.

Кей деректер бойынша, жақын маңда ұшу-қону алаңы болған, ал Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мұнда неміс әскери қызметкерлері көзге түскен. Жағалауда сүңгуір қайықтар жүргені де айтылған. Зерттеушілер бұл жерді нацистердің құпия базасы болуы мүмкін деп болжайды.

Құрылыстың нақты салынған жылы да даулы: тұрғындар – 1937 жылы десе, ресми құжаттар – 1946, ал Винтердің өзі – 1958 деп көрсеткен. Бұл мәліметтер Франко үкіметі нацистермен байланысын жасыру үшін құжаттарды әдейі өзгерткен болуы мүмкін деген күдік бар.


Кеймада-Гранди - Жылан аралы

Кеймада-Гранди – Атлант мұхитындағы Бразилия жағалауынан 35 км жерде орналасқан шағын арал (ауданы – 0,43 км²). Бұл арал әлемдегі ең қауіпті табиғи серпентарий – яғни уытты жыландардың шоғырланған мекені болып саналады.

Аралда тек осы жерде кездесетін аралдық ботропс деп аталатын өте улы жылан мекендейді. Ғалымдардың айтуынша, аралда әрбір шаршы метрге 1-5 жыланнан келеді. Мұндай жоғары шоғырлану жыртқыштардың болмауынан туындаған, аралда ботропстарға қарсы табиғи жау жоқ.

Ботропстар басқа жыландармен, кесірткелермен, бақалармен, жәндіктермен және аралда аялдайтын құстармен қоректенеді. Жыланның уы құсты бірден өлтіреді.

Қауіпсіздік мақсатында Бразилия билігі аралға баруға тыйым салған. Туристерді тек қайықпен жағалау маңына дейін әкеліп, бірақ ешқашан аралға түсірмейді.


Лусон

Филиппиндегі ең үлкен арал – Лусонда ерекше географиялық құбылыс бар: аралда – көл, көлде – арал, ол аралда тағы бір көл, ал оның ішінде – тағы бір шағын арал орналасқан. Бұл күрделі құрылым расымен де таңғалдырады.

Маниладан шамамен 50 км жерде орналасқан Тааль көлі бұрын мұхиттың бір бөлігі болған. XVIII ғасырдағы бірнеше вулкан атқылауынан кейін бұл аумақ мұхиттан бөлініп, өз алдына көлге айналды. Уақыт өте келе, жауын-шашынның әсерінен Таальдың суы тұщыланды.

Тааль көлінің ортасында Волкано аралы бар, ол шын мәнінде вулкан кратері. Оның ішінде Йеллоу көлі орналасқан, ал сол көлдің ішінде Пойнт деп аталатын шағын арал бар.

Осы ерекше табиғи құрылым мен әдемі көріністері үшін Тааль – Филиппиндегі ең танымал туристік орындардың бірі саналады.


Титикака

Филиппиннің уру деп аталатын жергілікті халқы Титикака көлінде ерекше өмір сүру тәсілін қолданады: олар қалқымалы аралдарда тұрады. Бұл аралдар негізінен тростник (қамыс) сияқты өсімдіктерден жасалады. Қазіргі кезде көлде 90-нан астам осындай арал бар.

Аралдардың құрылымы үшін тростник бірнеше рет құрғатылады және сулы күйде ұсталады, сонда ол серпімді және төзімді болады. Әр аралдың қалыңдығы 1,5-2 метр, ал ауданы бірнеше ондаған шаршы метрге дейін жетеді. Олардың беті жұмсақ әрі пружинді, кей жерлерінде су аралдың ішіне өтеді. Бірақ аралдар көбіне тас немесе ағаш бөренемен судың түбіне бекітіліп қойылады.

Титикака көліндегі уру халқының өмірі негізінен балық аулау, құс ату және туризмге бағытталған. Олар тамақтарын табиғи отта, арнайы қатты тас үстінде пісіреді. Кейбір аралдарда күн панельдері орнатылған, бұл жергілікті тұрғындарға теледидар сияқты электр құралдарын қолдануға мүмкіндік береді. Аралдарда бастауыш мектептер жұмыс істейді, бірақ жоғары білім алу үшін балалар материкке барып оқу керек.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ТУРИСТЕР кездейсоқ АЛТЫН ҚАЗЫНАҒА тап болды