Қазақстанда мектепке себепсіз бармаған оқушылар мен буллингке қатысты жаңа ереже күшіне енді

0
185


Қазақстанда мектепке себепсіз бармаған оқушылар мен буллингке қатысты жаңа ереже күшіне енді

Фото: РИА Новости/Александр Кряжев
ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп оқушыларын есепке алу және буллингтің алдын алу тәртібіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа ережелерді Оқу-ағарту министрлігі бекіткен, деп жазады Stan.kz.

Құжатқа сәйкес, жергілікті білім басқармалары 18 жасқа дейінгі, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды бірыңғай базаға тіркеуі керек. Онда оқушылардың сабаққа жиі келмейтіні туралы мәліметтер де көрсетіледі.

Бұл ақпарат полициямен бірлесіп тексеріліп, ай сайын 10-ына дейін Ұлттық білім беру деректер базасына енгізіледі.

Оқушы сабаққа неше күн себепсіз келмесе, шара қолданылады?

Егер бала бір ай ішінде төрт немесе одан да көп күн сабаққа себепсіз келмесе, мектеп оған педагогикалық қолдау көрсету мәселесін қарауы керек. Бұл шешімді мектептің профилактика кеңесі оқушының және оның ата-анасының, заңды өкілдерінің қатысуымен қабылдайды.

Буллингке қатысты не өзгереді?

Енді білім басқармалары буллинг туралы түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Сонымен қатар мектептер жәбір көрген оқушыға психологиялық көмек көрсетуі керек.

Ювеналды полиция мәліметінше, жыл басынан бері елде балалар арасындағы буллингтің 355 дерегі анықталған.