​Іш қату мен іш өту саяхаттың шырқын бұзбау үшін не істеу керек?

0
421

Қандай дәрілерді алу керектігін алдын ала дәрігермен кеңесіп алған жөн.


​Іш қату мен іш өту саяхаттың шырқын бұзбау үшін не істеу керек?

фото: ЖИ

Өз елінен жыраққа шыққандардың көпшілігі бөгде жердің ас-суынан асқазаны ауырып, іші өткенін немесе іш қатуы мазалағанын жиі айтады. Бұл туралы тіпті бейресми түрде, ел аузында таралған «саяхатшының іші» деген термин бар.

Сіз жаңа елдің бар кереметін көргіңіз келеді, көп жұмысқа үлгеруге тырысасыз немесе теңіз бен күннің рахатын сезінуді қалайсыз. Ал асқазан-ішек жолының жұмысы кенеттен бұзылып, іш өту немесе іш қату пайда болуы мүмкін. Әр күнің жоспармен, әр сағатың санаулы болатын мұндай сапарда асқазан-ішек жолының кедергі жасауы нәтижені нашарлатады. Оның не себептен болатынын және салдарын қалай азайтуға болатынын қарастырайық.


Саяхаттағы диареяның себептері
Алдымен теңіз жағасында демалып жүргенде туристер жиі тап болатын диареядан бастайық. Оның негізгі себепкерлері – ағзаға тамақпен бірге түсетін бактериялар немесе вирустар. Мысалы, дұрыс жуылмаған жемістер, ауыз су немесе байқамай жұтылған теңіз суы арқылы жұғуы мүмкін.

Әр адамның патогенді микрофлораға сезімталдығы әртүрлі. Сондықтан әркім бұл инфекцияны әрқалай көтереді.

Сонымен қатар, іш өтуді қоздыратын басқа факторлар да бар:

  • майлы тағам;
  • алкогольді шамадан тыс тұтыну;
  • фруктозаға бай жеміс смузилері мен жаңа сығылған шырындар;
  • қою шай, кофе және кофеині бар басқа сусындар;
  • қатты ысып кету, бұл дене температурасының реттелуін бұзып, асқазан-ішек жолына әсер етеді.

Қорытынды қарапайым: демалыстың алғашқы күндерінде осы факторлардың әсерін азайтып, тек термиялық өңделген немесе мұқият жуылған тағамды, бөтелкедегі немесе қайнатылған суды тұтынсаңыз және теңіз суын жұтпауға тырыссаңыз, сапар кезінде асқазаныңыз бен ішегіңізге әлдеқайда жеңіл болады.


Саяхаттағы іш қатуы: себептері
Іш қату (аптасына үш реттен аз дәретке бару) саяхат кезінде диареяға қарағанда сирек кездеседі, бірақ ол да кең таралған. Көбінесе оның себебі – ыстық климат пен алкогольді көбірек тұтынуға байланысты ағзаның сусыздануы.

Оған қоса, тамақтану тәртібінің өзгеруі. Мысалы, тамақты асқазан үйренбеген беймезгіл уақытта жеу. Немесе жеміс-жидек пен көкөністі аз тұтыну, бұл ішектің «жалқаулануына» әкеледі. Демалыста біз әдетте физикалық белсенділікті азайтамыз, ол да асқазан-ішек жолының жұмысы баяулауына апарады.

Сонымен қатар, уақыт белдеулерінің ауысуы ағзаны стресске түсіріп, қалыпты ырғақтарын бұзады. Шалғай жолда дәретханаға баруды кейінге қалдырып, ұзақ уақыт бойы шыдап жүру де ішектің жұмысын бұзады. Әсіресе бұрыннан «тітіркенген ішек синдромы» диагнозы бар адамдар мекен ауыстырудағы өзгерістерге аса сезімтал келеді.

Қызықты факт: саяхат кезінде көп жағдайда диарея мен іш қату кезектесіп отырады. Алдымен туристе диарея пайда болып, кейін сусыздану нәтижесінде іш қату туындайды.


Ішек жұмысы бұзылмас үшін...

Егер сізді сапар күтіп тұрса, әсіресе климаты мен асханасы бөлек алыс елге барсаңыз, тамақтану режимі мен сапасына ерекше мән беру маңызды. Алдын ала аймақты зерттеп, су мен тағамның ластану қаупін, инфекциялардың бар-жоғын және вакцинация бойынша ұсыныстарды біліп алыңыз. Кейбір елдерде термиялық өңделген тағамды ғана жеу, тек сенімді орындардан тамақтану, бөтелкедегі суды ғана ішу ұсынылады.

Көптеген танымал курорттарда ішек инфекциялары белгілі бір маусымда, туристер ең көп жиналған кезде жиі таралады. Жұқтыру қаупін азайту үшін демалысты бірнеше аптаға шегеру жеткілікті болуы мүмкін. Сондай-ақ, лас ағын сулар келіп құйылатын шомылу аймақтары да бар. Олар туралы ақпаратты ғаламтордан саяхатшылардың пікірлерін оқу арқылы білуге болады.

Тамақтану режиміне келсек, кейбіреулер сапарда ретсіз тамақтанып, жол-жөнекей жеңіл тамақпен шектеледі немесе жол бойындағы дәмханаларда жейді. Ал енді біреулер қонақүйдегі «швед үстелінен» шамадан тыс тамақтанады. Екі жағдай да асқазан-ішек жолының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан тамақты уақытылы, мөлшермен жеу маңызды, ал тамақтан кейін серуендеу пайдалы. Демалыстың алғашқы күндерінде жергілікті асхананың экзотикалық тағамдарына, жаңа піскен көкөніс пен жемістерге (оларды мұқият жуу керек) және алкогольге сақ болған жөн.


Жол дәрі қобдишасы және алғашқы көмек
Сапарға жиналғанда, чемоданға асқазан-ішек бұзылыстарын емдеуге арналған ең қажетті құралдарды салған дұрыс:

  • ішектегі токсиндерді байланыстыратын сорбенттер;
  • сұйықтық пен электролит теңгерімін қалпына келтіретін регидратация құралдары;
  • диареяға қарсы дәрілер (оларды тек төтенше жағдайда, мысалы ұшар алдында қолданған дұрыс);
  • ішек антисептиктері.

Қандай дәрілерді алу керектігін алдын ала дәрігермен кеңесіп алған жөн. Әсіресе өзіңізбен бірге кішкентай бала алып шығар болсаңыз, бұл аса маңызды.

Іш қату кезінде ең алдымен су тұтынуды арттырыңыз. Рационға жасұнық талшығына бай тағамдарды (мысалы, кептірілген жемістер, салаттар) қосыңыз. Бірақ сұйықтық жеткіліксіз болса, бұл жағдайды нашарлатуы мүмкін екенін ескеріңіз. Іш жүргізетін дәрілерді тек қажет болғанда және сенімді түрлерін ғана қолданыңыз.

Диарея кезінде көбірек су ішіп, регидратация ерітінділерін және сорбенттерді қолданыңыз. Егер дене қызуы көтерілсе, нәжісте қан немесе шырыш байқалса немесе белгілер бірнеше күн бойы басылмаса, дереу дәрігерге жүгініңіз.

Үйге оралғаннан кейін де асқазан-ішек жұмысының қалыпқа келуі үшін бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Дегенмен, әдетте бұл оңайырақ өтеді, өйткені ағзаға жаңа жағдайға бейімделгеннен гөрі бұрынғы қалыпты режиміне қайта оралу жеңілірек.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Азия дәмі: кокостан қандай ерекше мәзірлер дайындалады?

Саяхатта қандай «редфлагтардан» сақтану керек?