фотосуреттер: кейіпкердің жеке мұрағатынан
Көркем әдебиетті дамыту және кітапсүйер қауымның қатарын көбейту, жазушылардың кәсіби деңгейін көтеру және олардың шығармаларын әлемдік кітап нарығына шығару үшін елімізде «Mecenat.kz» жобасы ұйымдастырылған. Аталмыш жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда көтерген мәселесімен дөп түседі десек артық болмас.
Мемлекет басшысы: «Идеологиялық жұмысымыздағы басты бағыттардың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды», – деп атап көрсеткен болатын.
«Mecenat.kz» жобасы жылына бір мәрте ең үздік шығарма авторын таңдап, оған қазақстандық «Freedom Finance Life» өмірді сақтандыру компаниясының 500 АҚШ доллары мөлшерінде өмір бойы ай сайынғы ерікті аннуитеттік сақтандыру полисін табыстап отырады. Биыл бұл марапатқа жас жазушы Әлихан Жақсылық лайық деп танылды. Оның «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы өзге шығармалардан озық болды.
- Әлихан, әңгімемізді алдымен өзіңіздің туып-өскен жеріңізден, отбасыңыздан бастасақ...
- Туып-өскен жерім Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Саралжын ауылы. Мені қиялға жақын қылған да сол ауыл.
- Сонда қалай? Әдебиетке келуіңізге ауылыңыздың қандай қатысы бар?
- Өзімнен 9 жас үлкен ағамнан естіген әңгіме, Саралжын маңында, қоға мен қамыс арасында мұрны өте ұзын, қара жамылғы киіп жүретін, арық, қорқынышты, ел ішінде Шимұрын атанып кеткен адам өмір сүреді екен. Сол Шимұрынды ауылдың бір жігіті мал бағып жүріп көріпті, ізіне түсіп, қорағашпен ұрып өлтіріпті. Өлігін қамыс түбіне қойып, ауылдастарды шақырып келгенше орнында жоқ болып шығыпты. Шимұрын әлі тірі деген әңгіме солай жайыла берген. Ақкемпір деген кейіпкеріміз де болды. Ауыл ішіндегі шағын бақта өмір сүреді. Түнде аппақ киімін жалбыратып бақ ішінде адамдарды қуалайтын көрінеді. Менің жазуыма, яғни қиялыма түрткі болған осындай үй маңындағы әңгімелер шығар. Кейін Шимұрын мен Ақкемпір туралы әңгімені өзім шығарып айтып жүрдім. Әріп танығанда ертегілер, аңыздар көп оқыдым, мүмкін бәрі әсер еткен шығар.
- Өзіңізді толыққанды жазушымын деп сезінген сәт есіңізде ме? Қай кез еді?
- Оқырмандардан сапалы пікір, сын, қолдау көре бастағанда толық жазушымен деп ойладым. Оқырманды әсерлендіріп, ойландырып, ортақ пікірге түскен сәттен ой қозғай алатынымды ұқтым.
- Бір кездері айтысқа да қатысқаныңызды білдік. Поэзиядан прозаға бет бұру қиындық туғызбады ма? Не себепті прозаны таңдадыңыз?
- Прозаны таңдаған себебім, бұл - өте еркін бағыт. Ешкім ауызыңды буып-түймейді. Прозаны себебі шам алып ешкім тексере алмайды, тексерсе де бұл елде оның астарын ұғып, түсініп қоятын тексеруші орындар жоқ. Роман - жазушының еркін көсілетін алаңы. Адам жаны жайлы жазсын, көркем суреттер жазсын, портреттер мен пейжаздар, табиғат, дала мен тау, тағы да адам, бәрін астарлауға болады. Бұл, меніңше ұлы өнер, талай жаңалық ашуға болады, қуаты шексіз.
- Романдарыңыздың тақырыбы да, идеясы да ерекше. Тақырып таңдауда, оқиға желісін ойластыруда неге сүйенесіз? Кейіпкерлерді қайдан аласыз?
- Кейіпкерлер де роман тақырыптары да айналамызда тұнып тұр. Бар-жоғы тыңдауымыз керек, тек қана тыңдау. Есту, бәрінің ойын естуіміз керек.
- Енді «Меценат.кз» байқауына тоқталсақ. Жазушыға әр шығармасы ерекше құнды, ерекше ыстық болады ғой. Десек те неге дәл осы «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» деген туындыңызды ұсындыңыз?

- «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» романы көпшіліктің көңілінен шықты, драматургтер, әдебиетшілер, оқырмандар, жазушылар мен ақындарға да ұнады, ол романның оқылатынын, әлі талай жылдар бойы оқырман қолынан түспейтінін сездім және жазғанда да сондай шабыт болды. Бұл жеңімпаз роман деп түсіндім, және түйсігім алдамады, мені қолдаған барша оқырманға тағы да алғыс айтамын.
- Жеңіске жеткен кездегі алғашқы сезім қандай болды? Бұл жеңіс сізге қандай жауапкершілік жүктейді?
- Жауапкершілік үлкен. Бұл байқаудың шабыты мені алыстарға шақырады, тағы да қиялымды ерттеп мініп ондаған туынды жазамын. Өзіме «Отыз жасыма дейін он роман жазамын» деп сөз бергем. Сол мақсатыма ақырындап қадам басып келемін. Өмір бойы роман жазумен шұғылданамын, оқырмандарымды үнемі қуантып отырамын. Жеңіске жеткен кезде қуандым, әрине, мені қолдаған оқырмандардың шын ықылас-пейілдерін, маған және романыма деген махаббаттарын сездім. Бұл көзге жас үйіретін сәт, еңбек және оның жемісі, қаншама жазушылар бар, еңбегінің жемісін көрмей кеткен. Ал мен көзім тіріде осыншалық керемет, ғажайып, ғаламат қолдауға ие болдым. Тағы да баршаға алғыс!
- Ендеше, шабытыңыз шарықтай түссін! Сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан: А.Қасымбек,
ERNUR.KZ