Министрлік энергия тарифі 7 жыл бойы өзгермейді деген ақпаратты жоққа шығарды

0
39

Мораторий аяқталғаннан кейін нарықтық және экономикалық факторлар өзгерсе, энергия компаниялары тарифті қайта қарау туралы бастама көтере алады.


Министрлік энергия тарифі 7 жыл бойы өзгермейді деген ақпаратты жоққа шығарды

фото: Пресс-служба Минэнерго Казахстана

ERNUR.KZ. Энергетика министрлігі 2026–2032 жылдарға арналған электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту тәртібін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.
Ведомствоның мәліметінше бұл рәсім қолданыстағы тарифтердің қолданылу мерзімі (2025 жылдың соңы) аяқталғанға дейін міндетті түрде орындалуға тиіс.
"Жобада көрсетілген (2025 жылғы деңгейде) цифрлар макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы тапсырманы ескере отырып қалыптастырылған. Бағаларды көтеруге қатысты мораторий жағдайында Энергетика министрлігінің болашақ кезеңдерге арналған тарифтердің өсуін нормативтік құқықтық актіде белгілеуге заңды құқығы жоқ. Осыған байланысты құжат қазіргі уақытта күшінде тұрған шектеу шараларына толық сәйкес келетін қолданыстағы баға параметрлерін бекітеді", - дейді министрлік.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы шекті тарифтерді түзету механизмін көздейді. Бұл рәсімді энергия өндіруші ұйымдар экономикалық негізделген шығындарды өтеуге бағытталған объективті нарықтық факторлар өзгерген жағдайда ғана бастай алады.
"Осы ретте, кейбір БАҚ-та жобаны "баға жеті жылға тоқтатылды" деп түсіндіруі құжаттың рәсімдік мәнін толық ашпайды. Бұйрық қазіргі құқықтық жағдайды бекіте отырып, қолданыстағы мораторий мерзімі аяқталғаннан кейінгі нарықтық өзгерістерге ден қою мүмкіндігін жоққа шығармайды", - деп жазылған хабарламада.
Қазір Энергетика министрлігі энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың мүддесін қорғау бағытын берік ұстана отырып, тарифтерді қолданыстағы деңгейде сақтап келеді.