"​Ұлымды менен алып кетті": баласы мен келіні бөлек кеткен ана қиын жағдайын айтты

0
142

"Осы жалғыз ұлым деп өмір сүрдім, қайта тұрмысқа шықпадым..."


Сурет: i.pinimg.com

"Бар жастық ғұмырымды арнаған ұлымның бұл қылығын кешіре алмай келемін. Қай жерден қателестім екен?" деп жанары жасқа толған ана өткен өмірін қанша парақтаса да, қай жерден мүлт кеткенін түсінбей жүр.

Оның қай жерден қателескенін ERNUR.KZ порталының көзіқарақты оқырманы өміртарихымен танысқан соң бірден ұқса керек.


"Жалғыз ұлым бар. Оны өсіріп-жеткізіп, үйлендіріп, қолымды жылы суға малып отырамын деген арманым болған. Әрине, әрбір ата-ана баласының бақытты отбасы болып, өсіп-өнгенін қалайды ғой. Жалғызбасты анамын. Осы жалғыз ұлым үшін өмір сүрдім.

Өзім ата-анамның тұңғышымын, қыздардан жалғызбын, інілерім бар. Ата-анам кішкентай кезімізде ажырасып кеткен. Содан бері анам қайта тұрмысқа шықпай, балалары үшін өмір сүрген.

Менің бала кезімнен санамда қалып қойған қорқынышым осы шығар, бәлкім. Ата-анам ажырасқанда өзімді өте жаман сезінгенмін. Үлкендердің шешіміне балалардың қатысы жоқ қой. Десек те ата-ананың ажырасуы балаға өмірлік жарақат екен. Сол сезім әлі де бойымнан кете қойған жоқ.

Анам мен әкем ажырасқан сәтте анамның қаншалықты қиналғанын айтып жеткізе алмаймын. Шиеттей үш бала-шағасын асырап-жеткіземін деп неше түрлі ауыр жұмыстарды да істеді.

Мені ұзатып, інілерімді үйлендіріп, ешкімнен кем қылмай үлкен той жасап берді барлығымызға. «Менің тағдырым осындай болды, балаларым бұл тағдырды қайталамаса екен» деп тілеп отыратын. Бірақ, өкінішке орай, қанша тырыссам да отбасымды сақтап қала алмадым.

Өзім жиырма алты жасымда тұрмысқа шығып едім. Сүйген жігітім деп айта алмаймын, бірақ ортақ достарымыз таныстырып, бір-бірімізбен жақсы тіл табыстық. Солай ол да үйленуге асықты, мен де жасым өтіп бара жатыр деп көп ойланбастан етегінен ұстадым. Сол сәтте асығыстық жасағаныма өкінемін.

Күйеуімнен талай таяқ жедім. Шыдамым шегіне жеткен күні, жүкті кезімде ол үйден кетіп қалдым. Олар мені іздемеді де. Анам қайтадан апарып тастамақ болғанында есіктен кіргізбей қойған. Сонда анам «Қызым, адамның аласы ішінде деген рас екен. Бұндай адамдардан дер кезінде құтылыпсың» деп жұбатты.

Ажырасқан соң төркінімде жүріп босандым. Ұл бала. Осы жалғыз ұлым деп өмір сүрдім, қайта тұрмысқа шықпадым. Ұлым ержетіп, үйлендіргенде менен бақытты ана болмаған шығар.

Бірақ ұлым үйленгелі арамыз алыстап кетті. Бұрынғыдай ештеңені ақылдаспаймыз, ақшасын маған әкелмейді. Әйеліне есеп береді. Жалғыз ұлымнан келінімнің кесірінен көз жазып қаламын деп ойламаған едім. Келінім не істегенін білмеймін, ұлымды менен бөлек алып кетті.

Бар жастық ғұмырымды арнаған ұлымның бұл қылығын кешіре алмай келемін. Қай жерден қателестім екен?"