Көктемгі энергияны пайдаланып, мынау медитациялық жаттығуды бастап көріңіз.
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Көктемде табиғат түлеп жатқанда адам жанында да "жаңару" мен "өзгеруге" деген құштарлық оянады. Енжарлықтан арылып, өміріне жаңа серпін бергісі келеді. Алайда сыртқы өзгеріс — жаңа киім немесе жаңа жоспарлар — ішкі дайындықсыз ұзаққа бармайды. Нағыз трансформация табиғаттағыдай тамырдан, яғни біздің ойымыздан басталады.
Адам санасының құдіретін зерттеуге қаншама ғалым саналы өмірін арнаған. Соның бірі әлемге "Түпсананың құдыреті шексіз" атты кітабымен әйгілі Джон Кехо. Ол ұзақ жыл орманда жалғыз өмір сүріп, сананың күшін тәжірибе арқылы зерттеген. Тәжірибелік жаттығуларының нәтижесінде ол ойдың қуаты адамның өмірін өзгерте алатынын дәлелдеген.
Д. Кехоның медитациялары мен практикаларын Тим Гудмен «Супертренинг» атты еңбегінде жинақтаған. Егер сіз өміріңізде өзгеріс жасағыңыз келсе, бірақ неден бастарыңызды білмей жүрсеңіз, осы кітаптағы қарапайым медитациялық жаттығудан бастауға болады.
- Бұл жаттығуды ұйықтар алдында орындаған дұрыс. Жаттығуды бастамас бұрын бөлмені желдетіп, жарықты сөндіріңіз. Қаласаңыз, жай ғана баяу әрі тыныш музыка қосуға болады.
- Алақандарыңызды бір-біріне қойып, саусақтарыңызды жоғары қаратып біріктіріңіз. Көзіңізді жұмып, назарыңызды асқазан тұсы аймағына аударыңыз.
- Дәл осы аймақта жып-жылы, алтын түсті кішкентай жарық шар пайда болғанын елестетіңіз. Ол әрбір тынысыңызбен бірге үлкейіп, нұры бүкіл денеңізге тарай бастайды. Оның сәулесі денеңіздің шегінен шығып, сіз отырған бөлмені де жарыққа бөлейді. Тіпті бүкіл әлемді жарықтандырып жатыр деп есептеңіз.
- Сіз — сол жарықтың өзісіз. Сіз үшін кеңістік пен уақыттың шегі жоқ. Сіз үшін ешқандай кедергі жоқ. Сіз үшін мүмкін емес нәрсе жоқ.
- Енді сезініңіз: сіздің санаңыз кеңейіп, айналадағы барлық құбылыстар сол сезімге қосылып жатыр. Күннің шығуы, ағаштардың өсуі, көктемдегі гүлдердің бүр жаруы, өзендердің сарқырап ағуы — бәрі сіздің ішіңіздегі ұлы қозғалыстың бір бөлігі.
- Терең-терең тыныс алыңыз. Табиғаттың саф ауасын сезініңіз, жұтыңыз.
- Осы сәтте сіздің санаңыз ғаламмен үндеседі. Асықпаңыз. Тәніңіздің ғаламмен бірлік күйін сезінуге мүмкіндік беріңіз. Ештеңе сұрамаңыз. Ештеңе ойламаңыз. Назарыңызға тыныс алуға аударсаңыз, ойыңыз сан-саққа жүгірмейді. Ауаны ішке жұтып, сыртқа шығарғанда созып «ом-м-м-м» дыбысын айтыңыз. Бұл вибрация денеңіздегі энергетикалық блоктарды шешуге көмектеседі.
- Бойыңызға күш-қуат пен тыныштық толғанын сезінгенде, қолыңызды жайлап ажыратып, көзіңізді ашыңыз.
"Ғаламмен бірлесу" деп аталатын бұл практика қарапайым боп көрінгенімен, қуаты зор. Сондықтан да бей-жай қарамай, күнде орындауға тырысыңыз. Уақыт өте келе сіз адам өмірін өзгертетін күш сыртта емес, оның ішінде, яғни ойы мен сезімдерінде жатқанын байқайсыз. Ой мен сезімдердің өзгерісі сыртқы әлеміңізде үлкен өзгерістер жасауға қабілетті екеніне көз жеткізесіз.
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Байығыңыз келсе АҚШАҒА ХАТ жазыңыз
Әкені кешіру - мол табысқа жол ашады


