​Тіл алмайтын бала қайдан шығады?

0
315

Бала – ақ парақ, қалам – ата-ана мен қоғам, ал жазу – тәрбие.


​Тіл алмайтын бала қайдан шығады?

Фото: img5tv.cdnvideo.ru

Тіл алмайтын бала бір күнде пайда болмайды. Ол – біртіндеп қалыптасқан психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік себептердің көрінісі. Сол себептердің түбіне үңіліп, «тіл алмаудың» артында не жатқанын бірге зерделеп көрейік. Сонда бұл мәселені шешу оңайырақ болады.


1. Сөз бен істің сай келмеуі

Бала – отбасының айнасы. Сондықтан тәрбие – ақыл айтудан бұрын үлгі болуда екенін әркез есте ұстаған абзал.

Ата-ананың, жақын ортасының жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнерін, дауыс ырғағын, эмоциялық реакцияларын бойына сіңіреді. Егер үйде жиі дауыс көтерілсе, бала да айқаймен сөйлесуге бейім болады. Егер ата-ананың сөзі мен ісі сәйкес келмесе, бала сенім жоғалтып, қарсылық білдіре бастайды.


2. Назар мен махаббат тапшылығы

Баланың жүрегі – ашық алаң. Ол алаңды жылылықпен, мейіріммен толтырғысы келеді. Егер бұл махаббатты ата-анасынан көрмесе, басқа жолмен алуға тырысады. Кей бала жақсы болу арқылы назар аудартуға тырысса, кей бала қарсылықпен, тәртіпсіздікпен назар аудартқысы келеді. Бұл – ішкі жанайқайының бір түрі болуы мүмкін. Себебі баланың ішкі әлемі былай дейді: «Мен жаман болсам да, тек мені байқаса екен...»


3. Тым жұмсақ немесе тым қатал тәртіп

Кей отбасында балаға бәрі рұқсат етіледі. Бала не істесе де, «жарайды» деп қолдау көрсетіледі. Мұндайда бала өзін басқаруды үйренбейді. Керісінше, тым қатал тәрбие де жүректі қысып, баланың ішкі қарсылығын оятады. Екі шеткі жағдай да балаға зиян. Балаға біресе қатал, біресе жұмсақ болу – оның шекараны ажырата алмауына әкеледі. Дұрыс тәрбие – махаббат пен тәртіптің тепе-теңдігі.


4. Жас ерекшеліктері мен даму кезеңдері

Кейде бала "өзін табу" жолында тіл алмай бастайды. Бұл әсіресе жасөспірімдік кезеңде көп кездеседі. Мұнда ата-ананың сабырлығы мен түсіністігі маңызды.


НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?


1. Балаңызды тыңдаңыз

Тыңдау – тәрбиенің ең үлкен бөлігі. Бала сізбен ашық сөйлесе алса, ол өзін қауіпсіз сезінеді. Сондықтан оны тыңдағанда:

  • Сөзін бөлмеңіз;
  • Кеңес беруге асықпаңыз;
  • Оны түсінуге тырысыңыз.


2. Мінезін емес, әрекетін бағалаңыз

Балаңыз бір қателік жасаса: «Сен бұзықсың» демеңіз, «Бұл ісің дұрыс болмады» деп айтыңыз. Мінезді емес, әрекетті сынау – баланың өзін-өзі қабылдауына кедергі келтірмейді.


3. Шекара қойыңыз

  • Қандай жағдайларда "жоқ" деп айтылатынын нақтылаңыз.
  • Жазасыз шекара болмайды, бірақ ол қатал емес, әділ болу керек.

Мысалы: «Телефонды тек кешкі сағат 20:00-ге дейін қолдануға болады. Егер бұл ереже бұзылса, ертеңгі күнге телефон болмайды». Бұл жерде бала:

  • Ережені біледі;
  • Жауапкершілікке үйренеді;
  • Салдарын түсінеді.


4. Өз мінез-құлқыңызды бақылаңыз

Баланың алдында айтылған әр сөз, жасалған әр қимыл – тәрбие. Бала сізге қарап өседі. Егер сіз сабырлы, байсалды, сенімді болсаңыз – балаңыз да соны бойына сіңіреді.


5. Баланы қорқытып емес, шабыттандырып тәрбиелеңіз

Қорқыту – уақытша нәтиже береді, ал сенім мен шабыт – өмірлік әсер қалдырады. Мысалы: «Егер сабағыңды оқымасаң, таяқ жейсің» демей, «Білім алсаң, армандарыңа жету жеңіл болады» деңіз.


6. Уақыт бөліңіз

Бала үшін бір сағат бірге ойнау, әңгімелесу – үлкен махаббаттың белгісі. Көп баланың "тіл алмауының" артында – ата-анамен сапалы уақыттың жоқтығы тұрады.


Тіл алмайтын бала – жаман бала емес. Ол – ішкі дүниесінде күйзелісі бар, түсіністікке, махаббатқа, жылы сөзге, бағытқа мұқтаж бала. Әр тілазарлықтың артында — естілмей қалған бір сөз, сезілмей қалған бір сезім жатуы мүмкін. Сондықтан баланың мінезіне емес, жүрегіне үңіліңіз. Сөзіне емес, үнсіздігіне құлақ түріңіз, ата-ана.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Қазіргі балаларға "өтпейтін" тәрбие тәсілдері

Жаздық каникулды пайдалы өткізуге 8 ИДЕЯ