​Шутценбергер ДҰҒАСЫ: Сәтсіздікті тоқтатуға болады

0
193

Тіпті бүкіл әулеттегі бақытсыздық пен кедейлік сияқты мәселелерді тоқтата аласыз.


​Шутценбергер ДҰҒАСЫ: Сәтсіздікті тоқтатуға болады

Фото: ЖИ

Сіз кейде өзіңізді түсініксіз бір шеңбердің ішінде жүргендей сезінесіз бе? Әр үш немесе жеті жыл сайын бір сценарий қайталанып жатқандай көріне ме? Бірдей қателіктер, ұқсас сәтсіздіктер, тіпті әулетіңіздегі әйелдер мен ерлердің тағдырындағы қайталанатын трагедиялар...

Неге? Не үшін? Егер сізді де осы сұрақтар мазаласа, әйгілі француз психологы Анн Анселин Шутценбергердің терапиясына үңіліп көріңіз. Бұл - ғылыми негізделген, зияны жоқ және тамырыңызды тануға көмектесетін әдіс.


А.Шутценбергер деген кім?

Анн Анселин Шутценбергер - психогенеалогия бағытының негізін салушы, психология ғылымдарының докторы, профессор, психоанализ әдістерінің авторы. Шутценбергер адамның жеке мәселелерінің тамыры тек оның өз өмірінде емес, сонау жеті атасына дейінгі әулет тарихында жатқанын дәлелдеген. Оның «Ата-баба синдромы» атты еңбегі - миллиондаған адамға өткеннің ауыр жүгінен босануға жол ашқан алтын кілт.


Әулеттік сценарийлер қалай жұмыс істейді?

Шутценбергер ата-анамыз бен арғы аталарымыз айтпай кеткен құпиялар, аяқталмаған істер мен өтелмеген қарыздар келесі ұрпақтың тағдырына әсер ететінін айтады. Бұны ол мынандай ұғымдар арқылы түсіндіреді.

«Көрінбейтін адалдық»: Бұл - махаббаттың ең ауыр формасы. Егер әулеттегі аналар бақытсыз болса, қыз бала бейсаналық түрде «Анам бақытсыз болғанда, менің шалқып өмір сүргенім әділетсіз» деп есептейді. Бұны саналы түрде білмесе де осындай ішкі кінә сезімі оның жеке өмірін құрдымға жіберуі мүмкін.

«Мерейтой синдромы»: Белгілі бір жасқа келгенде ата-бабамыздың басынан өткен оқиғаның (банкроттық, ауру, ажырасу, өлім т.б.) қайталануы. Мысалы, әкесі 35 жасында дәулетінен айырылса, ұлы да дәл сол жаста қаржылық дағдарысқа ұшырайды.

«Психологиялық есеп кітапшасы»: Әулет ішіндегі әділетсіздіктер, бөлінбеген мұра, әлдекімнің құқығының тапталуы, жетімнің көз жасы, зорлық сияқтылар «психологиялық шот» ретінде сақталады. Бұл қарыздар өтелмегенше, келесі ұрпақ оны өз бақытсыздығымен «төлеуге» мәжбүр болады.

Байқасақ, сәтсіздік, бақытсыздық, кедейлік ген арқылы берілетін ауру сияқты. Қуаныштысы, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан бұндай "қарыз" бен әтсіздіктер тізбегін үзуге болады екен. Әрине бұл терапияның авторы - Шутценбергер. Ол "Біз – ата-бабаларымыздың жалғасымыз, бірақ олардың көшірмесі емеспіз. Біз олардың қасіретін қайталау үшін емес, орындалмай қалған армандарын бақытпен толықтыру үшін келдік" дейді.


Сәтсіздікті тоқтату терапиясы

1-қадам: Геносоциограмма құру

Тегіңді тану. Жеті атаңыздың тарихын қағазға түсіріңіз. Кім, қашан, неден қайтыс болды? Кім қандай ауыр тағдырды бастан кешті? Қайталануларды іздеңіз. Кедейлік немесе жалғыздық қай жерден басталғанын анықтаңыз.

2-қадам: Мойындау

Тегіңді қабылдау. «Иә, менің әулетімде осындай ауыр жағдай болды» деп шындықтың бетіне қараңыз. Шутценбергердің айтуынша, адам өз отбасының тарихын зерттеп, «түйіннің» қайда екенін түсінген сәтте - сәтсіздік тізбегі үзіле бастайды. Құпияны ашу - оны тоқтатумен тең.

3-қадам: Шекара қою

Айна алдында немесе ата-бабаларыңызды көз алдыңызға келтіріп, мына сөздерді дауыстап айтыңыз:

"Сені (есімін атаңыз) тұлға ретінде мойындаймын. Маған өмір бергенің үшін рақмет. Сенің тағдырың, қиындықтарың мен өкініштерің — тек саған тиесілі. Мен оларды құрметпен қабылдаймын, бірақ оларды сен үшін арқалап жүруден бас тартамын. Менің бақытты болуыма, өз жолымды табуыма рұқсат бер. Өткеннің қателіктері – менің қателіктерім емес. Менің өмірім – тек маған тиесілі сый. Мен өз өмірімді таңдаймын!"

Көп арасында "Шутценбергер дұғасы" деп аталып кеткен бұл психологиялық мәтін бейсаналы түрде өткен мен бүгіннің арасына шекара сызады. Сонымен қатар өткенмен татуласуға және «әулеттік тұзақтан» шығуға көмектеседі.


Қанша күн орындау керек?

Шутценбергер терапиясы - сананың трансформациясы мен ішкі түйсінуге негізделген процесс. Дегенмен, психологиялық тәжірибеде бұл терапияның тиімділігін арттыру үшін мынадай мерзімдік кезеңдер ұсынылады:

1. Геносоциограмма құру (жеті атаны зерттеу) бір күнде бітпеуі мүмкін. Сіз жаңа ақпараттар тапқан сайын сызбаңызды толықтыра бересіз. Бұл кезең сіздің әулет тарихын толық түсінгеніңізге дейін созылады.

2. Психологияда жаңа нейрондық байланыстардың қалыптасуы және бейсананың жаңа ақпаратты қабылдауы үшін 21 күн қажет деген түсінік бар. Ескі "адалдық" сезімінен арылып, шекара қоюды бекіту үшін 21 күн жеткілікті, егер мәселе өте терең болса (мысалы, бірнеше ұрпақ бойы қайталанған ауыр тағдырлар), мәтінді 40 күн бойы үзбей оқу ұсынылады.

Бірақ терапияны орындағанда күндердің санынан бұрын, ішкі күйіңізге назар аударыңыз. Егер сіз мәтінді оқығанда "Мен енді өз өмірімді сүріп жатырмын" деген сенім ұяласа - терапия өз мақсатына жетті деген сөз.

Жалпы, терапиялық мәтінді күніне бір рет, тыныш жерде, ешкім кедергі жасамайтын уақытта оқыған дұрыс.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

МАМА-терапия: баланы емдейтін СУПЕР әдіс

Арманды “оятатын” SMART техникасы