Осы 6 ДАҒДЫны үйренген бала МИЛЛИОНЕР болады

0
199

​Ата-ана ретінде балаңызға осы бестселлер кітапты сыйлап, ондағы 6 практикалық қадамды бірге орындап өтсеңіз тіптен жақсы!


Осы 6 ДАҒДЫны үйренген бала МИЛЛИОНЕР болады

Фото: ЖИ

Бұрын ата-аналар баласына бата бергенде «Абайдай дана бол. Ахметтей білімді бол», «Елге сыйлы азамат бол. Әкім бол!» деп тілек айтатын. Ал бүгінде ата-ананың арманы сәл өзгергендей. «Бай-бақуатты бол», «Миллионер бол», «Түгеншедей ауылына мектеп, мешіт салып беретін кәсіпкер бол» деген тілектерді жиі еститін болдық.

Өйткені қазіргі қоғамда білімді болумен қатар, қаржылық сауатты болу, өз қабілетіңді дұрыс пайдалану, мүмкіндік көре білу және табыс көзін қалыптастыру да маңызды. Дегенмен балаға «көп ақша тап» деп айта бергеннен оның қаржылық сауаты қалыптаспайды. Байлықтың негізі ақшаның өзінде емес, адамның ойлау жүйесінде, мақсатын анық қоя білуінде, еңбегінде және мүмкіндікті көре алуында жатыр.

Сондықтан баланы бай болуға емес, алдымен өз қабілетін танып, мақсатын айқындап, еңбегінің нәтижесін бағалай білуге үйреткен жөн. Қалай? Бұл тұрғыда қаржылық сауаттылық тақырыбындағы кітаптарымен әлемге танымал Бодо Шефердің жасөспірімдерге арнап жазған «Иттің аты Мани» кітабындағы идеялар назар аударуға тұрарлық.

Кітапта ата-анасының несиесін, ипотекасын әрең төлеп жүргенін көрген 12 жастағы Кира есімді қыздың ақша туралы түсінігін қалай өзгертіп, өз мүмкіндіктерін пайдалануды үйренуі баяндалады. Оның ақшаның қыр-сырын түсінуіне Мани атты ақылды төбет көмектеседі.

Олай болса, баланың бойына ерте жастан сіңіруге болатын кітаптағы бірнеше қарапайым дағдыға тоқталайық. Ал сіз оны балаңызбен бірге орындаңыз.


1. Он себебін тап

Көп бала ғана емес, ересектердің өзі «бай болғым келеді» дейді. Бірақ «Неге бай болғың келеді?» деген сұраққа нақты жауап бере алмай жатады. Сондықтан балаға «Егер сенде жеткілікті ақша болса, оны не үшін пайдаланар едің?» деген сұрақ қойып көріңіз.

Мысалы, ол ата-анасына көмектескісі келуі мүмкін. Жақсы білім алғысы, саяхаттағысы, үй алғысы, сүйікті ісімен айналысқысы немесе қайырымдылық жасағысы келуі мүмкін.

Балаға өз қалауын қағазға түсіріп, бай болғысы келетін кемінде он себебін жазуды ұсыныңыз.

Бұл тапсырманың мақсаты – баланы ақшаға қызықтыру емес, оның ақшаның не үшін қажет екенін түсінуіне көмектесу. Мысалы:

  • жақсы білім алу;
  • ата-анама көмектесу;
  • өз кәсібімді ашу;
  • саяхаттау;
  • үй алу;
  • сүйікті ісіме қажетті құралдарды сатып алу;
  • мұқтаж адамдарға көмектесу.

Бала нақты мақсатты көрген сайын, ақшаны жай ғана жұмсайтын зат емес, белгілі бір нәтижеге жеткізетін ресурс ретінде қабылдай бастайды.


2. Ең маңызды үш арманыңды таңда

Он себепті жазып болған соң бірден келесі тапсырмаға асықпаған дұрыс. Бір аптадан соң сол тізімге қайта оралыңыз. Балаға: «Осы он арманның ішінен саған ең маңызды үшеуі қайсы?» деп сұраңыз. Содан кейін сол үш мақсат бойынша арман картасын бірге жасауды ұсыныңыз.

Плакатқа немесе ақ қағазға баланың мақсаттарына сәйкес суреттер жапсырылады. Мысалы, оның арманы шетелде оқу болса, қалаған университетінің суретін орналастырсын. Әр суреттің қасына «Оған жету үшін мен бүгін не істей аламын?» деген сұрақтың жауабын жаздырған жөн.

Мысалы, бала шетелде оқуды армандаса, бүгіннен бастап тіл үйренуі, жақсы бағасын сақтауы, гранттар туралы ақпарат іздеуі мүмкін. Бұл арман-мақсат-әрекет деген байланысты баланың ерте түсінуіне, оның арманы құр қиял болып қалмауы үшін әрекет ету керек екенін ұқтырады.


3. Күн сайынғы бес жетістігіңді жаз

Балаға «Сәттілік журналы» немесе «Жетістіктер дәптерін» арнап беріңіз. Күн сайын кешке сол күні жасаған 3 жақсы ісін жазсын. Ол міндетті түрде үлкен жетістік болуы шарт емес. Мысалы:

  • бүгін бөлмемді өзім жинадым;
  • анама үй шаруасына көмектестім;
  • жаңа он сөз үйрендім;
  • сабағымды уақытында орындадым;
  • досыма көмектестім;
  • қажетсіз затты сатып алмай, ақшамды жинадым.

Мұндай әдет баланың назарын «менде не жоқ?» деген ойдан «мен бүгін не істей алдым?» деген сұраққа бұрады. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл баланың өзін бағалауына, жетістігін байқауына және өз әрекетінің нәтижесін көруіне, өзін-өзі талпынысы үшін мақтауға көмектесетін жақсы тәсіл.


4. «Менде не бар?» деген сұрақты жиі қой

Ақша табудың маңызды алғышарттарының бірі – адамның өз бойындағы мүмкіндікті көре білуі. Кей адамдар «Менде ақша жоқ», «Менің тәжірибем жоқ», «Менің танысым жоқ», «Менің қолымнан ештеңе келмейді» деп ойлайды. Бала да осындай ойлауды үйреніп қалуы мүмкін. Сондықтан ата-ана оның назарын кемшілігіне емес, қабілетіне аударғаны дұрыс.

Балаға мынадай сұрақтар қойып көріңіз:

  • «Сен нені жақсы жасай аласың?»
  • «Достарың сенен қандай көмек сұрайды?»
  • «Қандай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың?»
  • «Осы қабілетіңді біреуге пайдалы етуге бола ма?»

Мысалы, бала сурет салғанды жақсы көрсе, болашақта дизайнер, иллюстратор болуы мүмкін. Компьютерге қызықса, бағдарламалауды үйренуі ықтимал. Жануарларды жақсы көрсе, кинология немесе ветеринария саласына қызығуы мүмкін.

Мұндағы мақсат – баланы жасынан кәсіпкерлікке итермелеу емес. Өз қабілетінің құндылығын түсіндіру.


5. Күн сайын 10 минут қадам жаса

Үлкен мақсатқа бір күнде жету мүмкін емес. Бірақ оған күн сайын аз-аздан жақындауға болады. Сондықтан балаға күніне кемінде он минутын болашағына арнауды әдетке айналдыруды ұсыныңыз. Міндетті түрде күнде жетістік дәптерін жазуын қадағалаңыз.

Сосын күнде он минут арман картасындағы суреттегі мақсатына қарай он минут кітап оқуға, жаңа сөз үйренуге, пайдалы ақпарат іздеуге, тіл үйренуге немесе өзінің болашақ кәсібі туралы зерттеуге арнау кеерктігін есіне салып отырыңыз. Маңыздысы – күн сайын әрекет ету.

Балаға «Бүгін арманыңа жету үшін не істедің?» деген сұрақты әдетке айналдырыңыз. Кейде он минут өте аз уақыт сияқты көрінеді. Бірақ күн сайынғы он минут бір айда бірнеше сағатқа, ал бірнеше жылда үлкен тәжірибеге айналады.

Табысқа жететін адамдардың ерекшелігі – олар міндетті түрде күн сайын үлкен іс жасамайды. Олар маңызды ісін тоқтатпайды.


6. «Қазір қолымнан не келеді?» деп ойлан

Бала «болашақта көп ақша тапқым келеді» деп армандауы мүмкін. Бірақ одан да маңызды сұрақ «Оған жету үшін дәл қазір не істей аламын?».

Мысалы, Бодо Шефердің кітабындағы Кира да бірден үлкен ақша тауып кетпейді. Ол алдымен қарапайым жұмыстан – адамдардың иттерін серуендетуден бастайды. Осы арқылы ол ақша тауып қана қоймайды. Әртүрлі адамдармен танысады, олардың өмір салтын байқайды, ақша туралы әңгімелер естиді, жаңа мүмкіндіктерді көре бастайды.

Бұл жерде баланың түсінуі тиіс маңызды қағида бар. Ол – алғашқы табыс міндетті түрде үлкен болмауы керек. Ең маңыздысы бастау. Мысалы, жасөспірім өз қолынан жасалған бұйымдарды сатуы, сурет салу қабілетін пайдаланып тапсырыс орындауы, кіші балаларға сабақ түсіндіруі немесе цифрлық дағдыларын дамытуы мүмкін.

Әрине, мұндай әрекеттер баланың жасына, қауіпсіздігіне және ата-анасының бақылауына сай болуы керек.


Есте ұстаңыз: Балаға «Миллионер бол!» деп бата беру оңай. Ал шынымен оның жарқын өмір сүргенін қалаған ата-ана балаға миллионға апаратын жолдың неден басталатынын көрсетеді. Ендеше, балаңызға мақсат қоюды, жоспарлауды, еңбектенуді, үйренуді, үнемдеуді, тәуекелді бағалауды және мүмкіндікті байқауды жасөспірім шақтан үйретіңіз.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Мына 5 жағдайда балаға ұрсуға болмайды

Өміріңізді өзгертетін ЖАҢА ҚАДАМ