​Баланы горшокқа стрессіз үйретудің 7 қадамы

0
226

Басты ереже - күштемеу


​Баланы горшокқа стрессіз үйретудің 7 қадамы

Фото: png.pngtree.com

Баланы түбекке (горшок) үйрету – әрбір ата-ананың алдында тұратын маңызды кезеңдердің бірі. Ал жаз мезгілі бұл әдетті қалыптастыруға өте қолайлы. Себебі жылы ауа райында жөргексіз жүру баланың өз денесін және оның қажеттіліктерін сезінуіне көмектеседі. Ендеше, жазғы уақытты пайдаланып, балаңызды түбекке үйретуді бастаңыз.


1. Баланың дайындығын анықтау

Түбекке үйретуге кіріспес бұрын, балаңыздың физиологиялық және психологиялық дайындығын бағалаңыз. Әдетте, балалар 18 айдан 3 жасқа дейінгі аралықта дайын болады, бірақ әр бала жеке даму ерекшеліктеріне ие. Төмендегі белгілер балаңыздың дайын екенін көрсетеді:

  • Жөргегі 2-3 сағат бойы құрғақ қалады.
  • Дәретке отыратын уақытты сезеді (мысалы, тыжырынып, тығылып, қызарып немесе ыңғайсызданып тұрады).
  • Киімін өзі шешуге немесе киюге тырысады.
  • Ересектердің әжетханаға баруын бақылап, қайталауға ынта білдіреді.
  • «Әжетхана», «піші», «кака» сияқты сөздерді түсінеді немесе айта бастайды.

Кеңес: Егер балаңызда бұл белгілердің бірнешеуі ғана байқалса, асықпаңыз. Дайындық белгілері толық қалыптаспайынша күте тұрыңыз, себебі ерте бастау стресс тудыруы мүмкін.


2. Түбекпен таныстыру

Түбекке үйрету процесі баланың қорқынышсыз, табиғи түрде қабылдауынан басталады.

  • Түбекті ойыншық сияқты көрсетіңіз. Баланың оған қол тигізуіне, отырып көруіне рұқсат беріңіз.
  • Алғашқыда баланы киімімен түбекке отырғызыңыз, осылайша ол бейімделеді.
  • «Сен де үлкендер сияқты түбекке отыра аласың!» деп сенімділікпен айтыңыз. Баланың өзін «үлкен» бала ретінде сезінуіне мүмкіндік беріңіз.
  • Егер үлкен аға-әпкелері болса, олардың дәретханаға баруын бақылауына рұқсат етіңіз (табиғи және ұялмайтындай етіп). Балалар ересектерді немесе басқа балаларды бақылау арқылы тез үйренеді.
  • Түбекке аздап жылы су құйып, баланы отырғызыңыз. Жылы су дәретке отырғандай сезім тудырады, ал судың «сылдыр» дыбысы зәр шығару рефлексін іске қосады.

Қосымша идея: Түбекті балаға «дос» ретінде таныстырыңыз. Мысалы, «Бұл сенің горшогың, ол сенің дәретіңді күтіп отыр!» деп ойын түрінде түсіндіріңіз.


3. Жайлы орта құру

Баланың түбекке деген қызығушылығын арттыру үшін жайлы және қызықты орта қалыптастырыңыз:

  • Баланың сүйікті кейіпкері бейнеленген немесе аты жазылған түбек таңдаңыз. Музыка ойнайтын түбектер де қызығушылықты арттырады.
  • Түбекті үйдің тыныш, бірақ қолжетімді жеріне қойыңыз (мысалы, жуынатын бөлме немесе бөлменің бір бұрышы). Перденің артына қою – баланың өзін жайлы сезінуіне көмектеседі.
  • Түбекке отырғанда балаға кітап оқып беріңіз, әңгіме айтыңыз немесе сүйікті ойыншығын беріңіз. Бұл оның қорқынышын сейілтеді.
  • Қуыршақ немесе ойыншық аюды түбекке отырғызып, «Ол дәрет жасады!» деп ойнаңыз. Балалар ойын арқылы тез үйренеді.

Қосымша кеңес: Түбекке үйрету кезінде оңай шешілетін киімдер кигізіңіз (мысалы, резеңкелі шалбар). Бұл баланың өзін жайлы сезінуіне көмектеседі.


4. Режим орнату

Тұрақты режим – түбекке үйренудің негізі. Мына қадамдарды ұстаныңыз:

  • Күнделікті әдет қалыптастырыңыз. Баланы тамақтан кейін, ұйқы алдында және ұйқыдан оянғанда горшокқа отырғызыңыз.
  • Таймер қолданыңыз. Әр 1,5-2 сағат сайын горшокқа отыруды еске салатын таймер қойыңыз. Бұл балаға режимге үйренуге көмектеседі.
  • Егер бала горшокқа отырса, бірақ нәтиже болмаса да, «Жарайсың, сен горшокта керемет отырдың!» деп мақтаңыз.
  • Түнде түбекті балаға қолжетімді жерге қойыңыз, әсіресе бала түнде жөргексіз ұйықтаса.
  • Жазда далада ойнағанда жөргексіз жүруге рұқсат етіңіз. Бұл балаға өз денесін сезінуге және дәрет қажеттілігін түсінуге мүмкіндік береді.

Қосымша кеңес: Екі ата-ана да процесте бірдей белсенділік танытса, балаға тұрақтылық береді. Егер бала балабақшаға барса, тәрбиешілермен де режимді талқылаңыз.


5. Мультфильмдер мен тақпақтар пайдалану

Балаларға арналған мультфильмдер мен әндер, тақпақтар түбекке үйрету процесін қызықты етеді.

  • YouTube-тағы «Potty Time», «Daniel Tiger Uses the Potty» сияқты қысқа мультфильмдерді көрсетіңіз.
  • Түбекке отырғанда тақпақтар немесе ән айтыңыз. Мысалы: «Түбекке отырамыз, таза болып жүреміз!» деген сияқты қарапайым тақпақтарды айьып әндету балаға көңілді әсер береді.


6. Ашық әңгіме

Баламен дәрет туралы ашық, ұялмай сөйлесу маңызды.

  • Дәрет – табиғи процесс екенін түсіндіріңіз. Мысалы: «Барлығымыз дәретке барамыз, горшокқа отырсаң, ішің жеңілдейді» деп қарапайым тілмен айтыңыз.
  • Баланың сұрақтарына шыдамдылықпен жауап беріңіз, ұят сезімін тудырмаңыз.

Кеңес: Баланың жасына сай түсінікті сөздерді қолданыңыз. Мысалы, «піші» немесе «кака» сияқты сөздер балаға түсінікті болады.


7. Сәттілікті марапаттау

Баланың әрбір сәтті әрекеті мотивацияны арттырады.

  • «Сен нағыз үлкен бала болдың!» деп шынайы қуаныңыз.
  • Стикер, жұлдызша немесе кішкентай тәтті беріңіз. Мысалы, күнделікке әр сәтті отырыстан кейін стикер жабыстырыңыз.
  • Сыйлықты міндетке айналдырмаңыз. Марапаттау әдетке айналса, бала сыйлықсыз горшокқа түбекке отырғысы келмеуі мүмкін.

Есте ұстаңыз: Түбекке үйрету – біртіндеп жүзеге асатын процесс. Кейбір балалар бірнеше аптада үйренсе, басқаларына бірнеше ай қажет болуы мүмкін.

- Шыдамдылық танытыңыз. Егер бала қарсылық білдірсе немесе жыласа, бірнеше аптаға үзіліс жасаңыз.

- Ұрыспаңыз. Егер бала горшокқа үлгермей қалса, «Келесі жолы үлгереміз, бәрі жақсы!» деп жылы сөйлеңіз.

- Стресстен аулақ болыңыз. Ата-ананың тыныштығы – балаға сенімділік береді. Егер сіз ашулансаңыз, бала да мазасызданады.

Егер процесс ұзаққа созылса, баланың денсаулығына көңіл бөліңіз. Кейде дәрет ұстай алмау медициналық мәселе болуы мүмкін. Педиатрмен кеңесіңіз.

Дайындаған. Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Жаздық каникулды пайдалы өткізуге 8 ИДЕЯ

Көзқарас: ЕНЕні "МАМА" деп атаған ДҰРЫС па?