"Жігітімді өзіме үйлендірудің жолын тапсам да онымен мәңгілік қала алмадым"

0
169

«Мен сені сүймеймін. Мені баламен ұстай алмайсың. Босқа басымды байлама. Өзіңнің де өміріңді бұзба» деді...


Сурет: i.pinimg.com

"Қанша талпынып, отбасымды сақтап қалуға тырыссам да ер адам сүймесе бәрі бекер екен. Тек өзің шаршайсың. Оны әлі де сүйемін. Өзі сүю қыздардың соры ғана екенін мықтап ұққан жандардың бірімін" деді ERNUR.KZ тілшісіне жан сырын ақтарған оқырман.


"Студент кезімде өзімнен бір курс жоғары оқитын жігітті қатты сүйдім. Ол мен тұратын жатақханада, көрші бөлмеде тұратын. Күн сайын көріп жүрген соң, менің оған деген сезімім ашылып, оны көрген сайын үдей түсті. Басында ол менің өзіне деген сезімімнің бар екендігін сезбеген де шығар. Бірақ, уақыт өте келе бәрібір сезеді ғой.

Өйткені, өзіңіз ойлаңызшы, күн сайын бір қыз алдыңнан шығып, көзін ала алмай қарап тұрса, сөйлесіп қалуға, жаныңнан табылуға тырысып жүрсе, ол қылығын байқамай қалу мүмкін емес деп ойлаймын. Мысалы, қыздар да сезеді ғой, жігіттің өзіне деген көзқарасының қандай екенін. Сезімін ашып айтуға батылы жетпей жүргенін де іштей сезеді. Сол секілді жігіт те қыздың қылығынан өзіне деген көзқарасты сезеді.

Ал мен ғашық болған жігіт менің өзіне деген сезімімді сезбеді деп айта алмаймын, бірақ алғашқы қадамды жасамады. Бәлкім, оның маған деген сезімі болмаған шығар, болса да өте әлсіз болған шығар. Солай үш жыл бойы оны жақсы көріп, артынша сезімімді білдірдім. Өйткені, ол университеттің соңғы курсында оқып жүрген болатын. Өзім әрекет етпесем, өкініште қалатынымды білдім. Сондықтан, кейде оқуына көмектесіп, тамақ жасап қонаққа шақырып жүрдім. Ол менің сезімімді білсе де, маған немқұрайлы қарайтын. Оның диплом жазуына басынан бастап, соңына дейін көмектестім. Осыдан кейін маған бұрыла бастағандай көрінді. Дипломын жазып біткен соң арамызда ерекше байланыс пайда болды. Қыз-жігіт болып жүрдік, жүрмедік деп те айта алмаймын.

Содан мен өз сезімімді ауыздықтай алмадым, ол кісіге беріліп, жүкті болып қалдым. Бұл менің алғашқы қателігім болды. Бірақ, ол үшін өкініп, жылап, қорқып өмір сүрген жоқпын. «Ел-жұрт не дейді?», «ата-анамның бетіне қалай қараймын?», «олардың жүзін жерге қараттым ғой» деген ойлар болғанымен, қатты бір түңіліп, өзімді жек көрген жоқпын. Баланы алдырып тастаймын деген де ой болмады. Керісінше, ол мені сүймесе де, арамызда бала болатынына қуандым. Ашығын айтқанда, оны өзіме үйлендірудің жолын таптым деп ойладым.

Осылайша оқуымды бітірейін деп жатқан кезде жүкті болғандықтан, оған «Мен не істерімді білмеймін. Бұл туралы ата-анама да айта алмаймын. Сол себепті, сен маған үйлен» деп ашық айттым. Басында ол бас тартып, байбалам салды. Үйленбеген жағдайда арыз жазатынымды айтып бопсаладым. Ақыры ол жігіт маған үйленіп, бір жарым жыл бірге тұрдық. Мен қатты қуанғандықтан, алғашқы жылдың кемшіліктері білінбеді. Ол жұмыстан келіп тамағын ішіп, қайта кетіп қалатын.

Мен оған тұрмысқа шыққаныма, баламды оң жақта отырып босанбағаныма қуанып, барынша жақсы әйел болуға тырыстым. «Қашан келесің?», «қайда жүрсің?» деген секілді сұрақтарға жауап бермейтін.

Бастапқыда бір жақты махаббат болып еді, ол соңына дейін солай болып қалды.

Қазақта көп айтады ғой, «өзі сүйген қыздардың соры ғана» деген сөзді. Шынында да дәл солай. Мен өзім сүйгендіктен, екі өкпемді қолыма алып соңынан жүгіре беріппін.

Ақыры ол маған қол көтеріп, маған мәжбүр болғандықтан ғана үйленгенін айта бастады. Бір күні «Мен сені сүймеймін. Мені баламен ұстай алмайсың. Босқа басымды байлама. Өзіңнің де өміріңді бұзба» деп айтты. Басқа қыз-келіншектерге менің әрекетімді қайталамауға кеңес беремін. Қанша талпынып, отбасымды сақтап қалуға тырыссам да ер адам сүймесе бәрі бекер екен. Тек өзің шаршайсың.

Қазір ажырасқанымызға бес жарым жыл болды. Блам үшін өмір сүріп жүрмін. Оны әлі де сүйемін. Бірақ мені шынайы сүйетін, бағалайтын адам кезікпейінше тұрмысқа шықпаймын деген уәдем бар. Өйткені, шынында да өзі сүю қыздардың соры ғана екенін мықтап ұққан жандардың бірімін.