"Жалақы орнына пияз берген": оқырман тоқырау кезде көрген қиыншылығын айтып берді

0
245

"Сол картина әлі де менің көз алдымда тұр"


Сурет: youla.ru

"Қазір кішкентай қиындық туындай қалса, салы суға кетіп, өз-өзін тастап жіберетін адамдар сол дәуірге барса, сынып кететін шығар. Өзім де қазір кәсібімде немесе өмірде азғандай сынақтар туындап, қиналып қалып жатсам, сол бала күнгі картинаны көз алдыма әкелемін. «Менің көргенім анамның жылағанының қасында түк емес» деймін де, қайта жігерленемін" дейді Руслан атты азамат. Ол өз өмірінен үзік сыр бөлісу арқылы ERNUR.KZ порталының оқырмандарына жігер бергісі келеді.


"Бала күнімізде бізбен құрдастар жақсы білетін болар, тоқырау заманына тап келдік. Баламыз ғой, «жоқ» дегенді түсінбейтінбіз. Ата-анамыз қолынан келгенше балаларын аш қалдырмауға тырысты ғой. Дегенмен, ол кезде көп адамдар жұмыссыз қалды, қаражат табудың өзі мұң болатын.

Менің әкем де сол кезде жұмысынан қысқартуға ұшырап, үйде қол қусырып отырып қалды. Анам ғана жұмыс істейтін. Анам мұғалім еді. Бірақ, қаншама ай бойы жалақысын ала алмай біраз қиналдық. Кейбір кездері жалақының орнына қап-қап пияз, сұйық май, ұн секілді азық-түліктермен айырбас жасайтын.

Ауылдық жерде есік алдында бақша өсіретінбіз бұрыннан. Пиязды да, картопты да өзіміз егетінбіз. Сол жылы пияз шектен тыс көп болып, анам да жалақысының орнына пияз алып келген болатын.

Сол кезде күйініп кеткен анам көз жасына ерік беріп, бар запыранан төккен болатын. Біз баламыз ол кезде, анамның бұлай жылағанын алғаш көргендіктен, үйрейленіп, үрпиісіп отырдық бір бұрышта.

Сол картина әлі де менің көз алдымда тұр. Қазір шүкір, тұрмыс-тіршілігіміз жақсы ғой, сонау тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс қайта келмесе екен. Дәл сол замандағы адамдардың шыдамдылығы мен сабырына тәнтімін.

Қазір кішкентай қиындық туындай қалса, салы суға кетіп, өз-өзін тастап жіберетін адамдар сол дәуірге барса, сынып кететін шығар. Өзім де қазір кәсібімде немесе өмірде азғандай сынақтар туындап, қиналып қалып жатсам, сол бала күнгі картинаны көз алдыма әкелемін. «Менің көргенім анамның жылағанының қасында түк емес» деймін де, қайта жігерленемін.

Әкем де сол кезде «жұмысымнан шығып қалдым» деп түңіліп кеткен жоқ. Жасыратыны жоқ, ауылдағы жұмыссыз қалған ер-азаматтар мұндай қиындыққа шыдамай, ішімдікке әуестеніп не болмаса, қолы бостықтан карта ойнап, кейбірі тіпті ұрлық жасап, «осының барлығына кінәлі – өкімет» деп аузын қу шөппен сүртіп қарап отырған кездері болды.

Ал менің әкем ешқандай жат әдеттерге бой алдырмады. Керісінше, тығырықтан қалай шығуға болатыны жайлы ойланды. Солай бізді, яғни балаларын да қасына ертіп жүріп, қара жұмысқа шыңдады.

Әкемнің қолынан келмейтіні жоқ, ұста еді. Сол өнерінің арқасында біреудің сынған жиһаздарын қайта құрастырып, ошақ-тандыр жасап беріп, ақысына еңбек ететін. Отбасымызды осылай асырады. Біз де әкемізден көрген өнеге бойынша бүгінде әрқайсысымыз әр салада кәсіпкерміз. Аллаға шүкір, еңбектенсең, алынбайтын қамал жоқ, ата-анамызды үлде мен бүлдеге орап, қалаған жеріне апарып-әкеліп, олардың алдындағы перзенттік борышымызды адал атқарып жүрміз."