​ЖАРТЫЛАЙ ДАЙЫН ТАҒАМДАР: денсаулыққа қауіпсізін қалай таңдаймыз?

0
202

Жартылай фабрикаттарды тұтынғанда мына ережелерді есте сақтаңыз


​ЖАРТЫЛАЙ ДАЙЫН ТАҒАМДАР:  денсаулыққа қауіпсізін қалай таңдаймыз?

Сурет: ЖИ

Қазіргі қарбалас заманда күн сайын асханаға бірнеше сағат арнауға бәрінің уақыты бола бермейді. Осындайда мұз боп қатырылған «жартылай дайын тағамдарды» көмекке шақыруға үйреніп те қалдық.

Жартылай фабрикат – шикізат пен дайын тағамның арасындағы аралық өнім. Бұл санатқа ет фаршы, қатырылған тұшпара, манты, котлеттер, вакуумдағы ет, тіпті мұздатылған көкөністер мен жидектер де жатады. Олар – жұмысбасты келіннің, жас босанған ананың, жалғызілікті бойдақтың, аяқ астынан қонақ күтетін үй бикесінің құтқарушы құралы. Танымалдығының басты себебі – дайындау жылдамдығы мен ыңғайлылығы.

Бірақ бұл өнімдер туралы біз не білеміз? Оларды үй жағдайында дайындалған таза, пайдалы тағам деп санай аламыз ба? Мұз қабатының астында жасырылған қауіп жоқ па?


Ет қосылған жартылай дайын тағамдар

Жартылай фабрикаттардың ең зиянсыз түрі – үй жағдайында өз қолыңызбен жасалған өнімдер. Егер тұшпара, манты, варениктер, котлет, фрикаделька, тефтель, люля-кебаб дайындамалары, шұжық, сарделька, т.с.с. өзіңіз дайындап, мұздатқышта қатырып, бірнеше күннен кейін пісірсеңіз, бұл сапалы әрі пайдалы үй тағамы болып қала береді.

Ал дүкеннен сатып алар болсаңыз, аздап сақтық керек. Қаптамасын мұқият қарап, өнімнің санаты көрсетілген белгіні іздеңіз. «А» санатындағы өнімдерде ет мөлшері ең жоғары болады (80%-дан астам). «В» санатында ет сәл азырақ, ал «С» және «D» санаттарында еттен гөрі қоспалар (сүйек ұны, тері, соя) көп болады.

Қатырылған балық немесе таза ет сияқты өңдеуден аз өткен тағамдар денсаулыққа қауіпсіз деп саналады.


Қатырылған қамыр өнімдері

Қатырылған қамыр өнімдері мұздатылғаннан кейін негізгі қоректік қасиеттерін көп жағдайда сақтайды. Алайда олардың құрылымы, дәмі және кейбір дәрумендерінің мөлшері аздап өзгеруі мүмкін. Демек, мұздату бұл өнімдерді автоматты түрде зиянды етпейді, бірақ жаңа дайындалған өніммен салыстырғанда сапа жағынан сәл төмен болуы ықтимал.

Мұздатылған пицца ұзақ сақталса, дәмі мен хош иісі төмендейді. Самса дайындамаларын мұзда қатырғанда еттің шырыны аздап жоғалуы мүмкін. Бірнеше рет ерітіп-мұздатса, сапасы нашарлайды. Ұзақ сақтағанда дәмдік қасиеттері төмендейді.

Қаттама қамыр – мұздатуға ең төзімділердің бірі. Құрамындағы май мен көмірсу мөлшері өзгермейді. Дұрыс сақталса, қатпарлары да бірігіп қалмайды. Бірақ ерігеннен кейін қайта мұздатылса, қамырдың көтерілу қасиеті нашарлайды.

Ашыған қамырда өзгеріс көбірек байқалады. Мұздату кезінде ашытқы жасушаларының бір бөлігі өледі. Қамырдың көтерілу қабілеті төмендеуі мүмкін. Сондықтан ұзақ уақыт сақталған ашытқылы қамырдан пісірілген өнімнің көлемі кішірек болуы ықтимал.

Бесбармаққа, кеспеге немесе лагманға арналған қамыр жаймалары мұздатуды жақсы көтереді. Олардағы көмірсу мөлшері өзгермейді, қоректік құндылығы сақталады. Тек құрылымы аздап жұмсаруы мүмкін.

Ал лаваш өнімдері мұздатылғаннан кейін де қоректік құндылығын сақтайды. Алайда еріткен кезде сынғыш немесе керісінше дымқылдау болуы мүмкін. Бұл көбіне сақтау шарттарына байланысты.


Жартылай дайын фаст-фуд

Мұздатылған картоп фри, наггетстер, картоп шариктері, ірімшік шариктері, ірімшік таяқшалары – бұл өнімдерді мұздатқанда, қасиеттері белгілі бір дәрежеде өзгереді, бірақ толықтай емес. Ең бастысы, мұздату олардың құрамындағы негізгі қоректік заттарды толық жойып жібермейді. Дсек те, ұзақ сақталса, қай-қайсының болсын дәмі төмендейді.


Маринадталған кәуап еттері

Маринадталған ет пен кәуапқа арналған етті мұздату олардың құрамындағы тұз, қышқылдар (сірке суы, лимон шырыны) және дәмдеуіштер ет талшықтарына әсер етеді. Мұздату кезінде еттің ішіндегі су мұз кристалдарына айналады. Еріткен кезде ет шырынының бір бөлігі ағып кететіндіктен, еттің құрылымы сәл жұмсаруы немесе керісінше босап кетуі мүмкін. Ұзақ сақталса, дәмі мен хош иісі әлсірейді.

Ал ақуыздардың басым бөлігі, темір, мырыш, фосфор сияқты минералдар, еттің энергетикалық құндылығы, дәмдеуіштердің көп бөлігі сақталады.

Кәуапқа арналған ет вакуумдық қаптамада сақталса, мұздатуды жақсы көтереді. Ақуыз мөлшері іс жүзінде өзгермейді. Минералдар толық дерлік сақталады. Дұрыс мұздатылған ет бірнеше ай бойы қауіпсіз сақталуы мүмкін. Алайда мұздату мен ерітуді бірнеше рет қайталау еттің сапасын нашарлатады.


Қаптаманың астында не жасырулы?

Арзан жартылай фабрикаттардың құрамында денсаулыққа жағымсыз «тосынсыйлар» болуы мүмкін.

  • Тұздың артықтығы. Өнімнің дәмін арттыру үшін қосылатын тұз гипертония (жоғары қан қысымы) қаупін тудырады
  • Транс-майлар. Өндірушілер өнімнің сақтау мерзімін ұзарту және оны қаттырақ ету үшін арзан жасанды майларды қолданады
  • Дәм күшейткіштер (глутамат натрийі). Бұл қоспа адамның дәм сезу рецепторларын алдап, тағамға тәуелділік тудырады, нәтижесінде адам қажетті мөлшерден артық жеп қояды

Зерттеулерге сенсек, ультра-өңделген жартылай дайын тағамдарды тұрақты түрде немесе шамадан тыс тұтыну қатерлі ісік қаупін 12%-ға жоғарылатады. Семіздікке, қант диабетіне, жүрек ауруларына және депрессияға әкелуі мүмкін.

Жартылай фабрикаттарды мүлдем жемеу мүмкін болмаса, мына ережелерді есте сақтаңыз.

  • Мөлшерді біліңіз. Мамандар зауыттық өнімдерді айына 4 реттен артық жемеуді ұсынады.
  • Құрамын оқыңыз. Құрамы неғұрлым қысқа болса, өнім соғұрлым табиғи. Ең дұрыс құрам: ет, тұз, бұрыш.
  • Санатына мән беріңіз. Мүмкіндігінше «А» немесе «В» санатындағы өнімдерді таңдаңыз.
  • Дайындау әдісі. Котлеттерді майға қуырғаннан көрі, тандырпеште (духовкада) пісірген немесе буда әзірлеген пайдалырақ.

Жартылай фабрикаттар күнделікті тамақтануымыздың негізі болмауы тиіс. Олар – тек уақытты үнемдеу құралы ғана. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, сапалы әрі табиғи өнімдерге басымдық беріңіз.

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Жемістер піспей жатып төгіліп жатыр ма?