Редакцияға хат жолдаған оқырман өзінің оқиғасы отбасылық қиындыққа тап болғандарға ой салса екен дейді...
Сурет: i.pinimg.com
"Бір күні әкемнің үйіне бардым. Көңілім алай-дүлей, жүрегім алабұртып тұр. Көп ойланған шешімімді айттым.
– Әке, мен ажырасамын!
Әкем үндемеді. Терең күрсінді де, орнынан тұрып, аулаға шықты. Мен соңынан ілестім. Үнсіздігі мені одан бетер мазасыздандырып барады. Әкем бақшаға қарай бет алды. Бақшада жеміс ағаштарының ортасына келдік. Әкем бір ағашты көрсетіп, маған күрек ұсынды.
– Мынаны құлату керек. Түбін қаз, - деді. Жап-жасыл тал. Неге кеспекші. Мен таңырқап тұрдым. Бірақ әкемнің сөзін жерге тастамадым. Терлеп-тершіп қазып, ағашты құлаттым. Бірақ тамыры жерден толық ажырамады. Әкем:
– Жетеді. Ал енді жүре бер. Ажырасу туралы кейін сөйлесейік. Өзім шақырам, қазір шаршап тұрмын, - деді.
"Шындап келсе менің өмірім ғой, өзім білем. Құптаймын дей салса қайтер екен?" Іштей ренжіп қайттым. Бірақ әкемнен қорыққандықтан амал жоқ көндім.
Үш апта өтті. Әкем шақырды. Ажырасудағы себептерді сұрады. Тыңдай жүріп бақшаға аяңдады. Мен кескен ағаштың үстіне отырды. Ағаштың бұтақтары да, жапырақтары да солмаған, жапырақтары жасыл, бұтақтары тірі тұр. Таңғалмасқа амалым қалмады. Әкем иығыма қолын қойып:
– Көрдің бе, балам, - деді сабырлы үнмен. – Тамыр аман болса, ағаш та тірі. Сен ағашты құлатқаныңмен, тамыры әлі топырақта.
- Ия, білем ғой. Өсімдіктану пәнінде оқығанбыз, - дедім. Әкем маған тік қарай отырып сөзін жалғастырды:
– Әйелің – сенің отбасыңның тамыры. Оны қиып тастасаң, бүгін емес, ертең бәрі құриды: балаңның бақыты, үйіңнің жылуы, өзіңнің тыныштығың. Тамырсыз ағаштың көлеңкесі де, жемісі де болмайды, балам. Сен қазір ашумен, ренішпен шешім қабылдап тұрсың. Терең ойлан, жан-жақты ойлан...
Әкемнің сөздері жүрегіме жетті. Үнсіз тұрмын. Ойым астаң-кестең болды. Сол түні ұйықтай алмадым. Әйелім еске түсті. Бірге өткізген жылдарымыз, қол ұстасқан сәттеріміз, алғашқы қуаныштарымыз, бірге жылаған кездеріміз... Отбасымыздың әрбір сәті ағаштың тамырлары секілді тереңге кеткен екен.
Ертесіне әйеліме бардым. Қатты құшақтап, кешірім сұрадым. Ол үндемей құшақтады. Сол екі құшақта сенім, үміт, махаббат қайта тірілгендей болды. Біз қайта табыстық.
Зымыраған уақыт-ай! Содан бері бес жыл өте шығыпты. Жұмыстан келгенде балаларым алдымнан жүгіріп шығады. Бірі костюмімді шешіп, бірі қолымдағы сөмкемді алады. Екі жасар Әлиім қолымнан сүйрелеп асүйдегі орындыққа ертіп барып отырғызады. Сосын өзі алдыма шығып отырып алады. Бұдан артық бақыт бар ма десеңізші?!
Әкем айтпақшы, қиындықтар әр үйде болады. Сол қиын сәттерде тамырды сақтай алсақ – ағаш қайта бүр жарады екен. Сол кезде ашумен ажырасып кетпегеніме, әкемнің ақылын тыңдағаныма қуанам."


