"Тұрмысқа шығарда бақай есебім болғанын мойындаймын"

0
210

"Бірақ, құрбыларым бірінен соң бірі тұрмыс құрып, мен солардан қалып бара жатқандай күй кешіп едім"


Сурет: pinterest.com

ERNUR.KZ оқырманы "Тұрмысқа шығуға асықпай-ақ қоюым керек пе еді?" деген күмән ішін жегідей жеп жүргенін айтты. Соңғы кездері өзімен-өзі сөйлесетін әдет шығарып, бірде жылап, бірде күле беретінін,түсініксіз сезімдерді басынан кешіріп жүргенін де жасырмады.


"Менің армандаған, аңсаған өмірім орындалмайтын сияқты ма, қалай өзі?! Бәлкім, мен де алдымдағы әпкелерім сияқты «тұрмысқа шығуым керек, уақытым өтіп бара жатыр» деп жөн келген жігітке тұрмысқа шығып кетпей, ұзақ та болса өз адамымды күтіп, бақытты әйел болуға талпынсам дұрыс болар ма еді?

Жолдасыммен сүйіп қосылдым дей алмаймын. Бақай есебімнің болғанын мойындаймын. Ештеңеден таршылық көрмесең, сол бақыт деп ойлағаным қателік екен.

Маған ақыл-кеңес бергендер де «Мен секілді бірді-бірге жеткізе алмай қиналғанша, өліп-өшіп сүймесең де, баршылық жерге тұрмыс құр. Кейде махаббат үйленгеннен кейін басталады. Бәлкім, айтқаныңның барлығын орындап отырған ер-азаматыңды уақыт өте келе сүйіп кетерсің» деп үгіттеген. Сол үгіттің нәтижесінде «Солай да дұрыс шығар, бәлкім» деген ойға келген едім.

Университте ең көрікті, көзге түсетін қыздардың бірі болдым. Бірақ, оқуға аса ынтызар болмадым. Жанымда бір партада отыратын құрбым бар еді, әйтеуір соның көмегімен оқуымды бітіріп шықтым.

Диплом алған қыздардың көпшілігі тұрмыс құруға асығады ғой. Ал менің айналамда жүрегін ұсынып, жүгіріп жүретін жігіттер көп болғасын «әлі де жүре тұруға болады, тұрмысқа шықпай қалмаймын» деп өзіме сенімді болып жүргенмін. Бірақ, құрбыларым бірінен соң бірі тұрмыс құрып, мен солардан қалып бара жатқандай күй кешіп едім. Осылай кішігірім күйзелісті бастан өткеріп жүргенімде анамның, әпкелерімнің де тұрмысқа шығуға үгіттеуі жараның үстін тырмалағандай болған. Сол мезетте жанымда болған жігіт – қазіргі күйеуім.

Басым айналып кетті. Шаршағаннан шығар. Келіндік өмірдің ауыртпалығы қызығынан гөрі көбірек секілді. Тұрмысқа шығуға асықпай-ақ қоюым керек пе еді? Соңғы кездері өзіммен-өзім сөйлесетін әдет шығарыппын. Бірде жылаймын, бірде күлемін. Түсініксіз сезімдерді бастан кешіріп жүрмін..."