"Сендер әкесіз өспесін дедім"

0
250


Сурет: i.pinimg.com

"Өмір осыншалықты жылдам өтіп кетті ме? Қай жерден жаңылды екен? Балаларым әкесіз өспесін деп шыдағаны қателік болғаны ма? Балаларым үшін деп жасаған құрбандығы текке кеткені ме?"

ERNUR.KZ порталына келіп түскен кезекті хат оқыған жанды еріксіз осындай ойларға жетелейді.


"Осындай күздің қара суық мезгілі болатын. Қатты жел тұрып, барлық жерде жарық сөніп қалғандықтан, майшам жағуымызға тура келді. Түкпірдегі бөлмеден ғана ер адамның әлсін-әлсін жөтеліп, қарлығыңқы даусы естіледі. Ол осы үйдің отағасы болатын.

Сығырайып жанып тұрған майшамнан көз алмай, бір нүктеге қадалып отырған қызының бұндай көңіл-күйін бұрын-соңды көрмеген анасы бірінші рет қызына зер салып қарады.

Қызына ғана емес, төрт бірдей перзентіне көңіл бөлуге мұршасы келмей, оларды еркелете алмай, араққұмар күйеуінің қисық-қыңыр мінезімен алысып, өмірі өте шығыпты-ау. Желкесіне түйілген шашы, шам жарығымен ұзара түскендей қыр мұрыны, ұп-ұзын кірпіктері құдды өзінің жас кезін еске түсірді. Қызы қандай сұлу еді?! Бірақ сол сұлулықты басып тұратын бір мұң бар еді көзінде. Жүрегі тілініп кетті осы көріністі көргенде.

-Жанайым, неге олай отырсың балам? Жатып ұйықтай берсеңші,-дегенде, ол селт ете қалды. Терең ойдың құшағында отырғаны белгілі ғой. Анасының не айтқанын да қапелімде ұға алмай қалғандай.

-Не болды, қызым, саған? Бір жерің ауырып тұр ма? Мазаң жоқ қой,-дегеніне «ештеңе болған жоқ» деп селқос жауап қатты.

Анасы «Жоқ, саған бірдеңе болған, жасырма менен, айтшы не болып жүр саған?» дегенде басын шайқап отырды да:

-Иә, апа маған бірдеңе болды. Дәл қазір болған жоқ, мен есімді білгелі болып келе жатыр. «Бір жерің ауырып тұр ма?» дейсіз, жүрегім ауырып тұр апа. Сіз үшін ауырып бітті, сау жері қалмады.

-Мен не істедім?-деп шошып кетті анасы.

-Ештеңе істеген жоқсыз, өзіңіз үшін ешнәрсе істеген жоқсыз. Өзіңіз үшін өмір сүрмегеніңіз үшін ішім ашиды. Әкемнің ішкені үшін сіз кінәлі емессіз, бірақ ол «аурудың бір түрі ғой» деп оның ішкеніне көз жұма қарағаныңыз үшін кінәлісіз. Осындай өмірді көріп өскеніміз үшін, ынжық болғанымыз үшін, бақытты болып өмір сүруден қорыққанымыз үшін кінәлісіз. Мен сізге қаншама рет айттым, бұл жерден кетейікші, өзіміз өмір сүрейікші. Сонда бақытты боламыз деп айттым. Жоқ, сіз осы өмірден қол үзгіңіз келмеді. Әкемнің көрсеткен азабын тарту ұнайтын да сияқты өзіңізге...

Қыз тоқтамай сөйлей берді, ішіне жиналған бар өкініші мен өксігін шығарып тастауға асыққандай.

-Жанайым, мен сендерді ойладым, әкесіз өспесін дедім.

-Сол бір кездері мен де солай ойлағанмын. Сіз күшті, мықты әйел болғандықтан, өмір бойы озбыр күйеудің тоқпағына шыдап, төрт баласын өсірді деп. Бірақ, ондай емес екен. Сіз қорыққандығыңыздан бізді бұл адаммен бірге өмір сүруге мәжбүр етіпсіз. Сіз өзіңізбен қоса, бізді де бақытты өмірдің дәмін сезуге мүмкіндігімізден айырдыңыз. Мысалы мен қызыл дипломды қолыма алдым, білім қудым. Бірақ бақытты емеспін. Өйткені,мен де осының барлығын сіз үшін істедім. Анам қуансын, өмірі ашылмайтын қабағы жадырасын дедім. Ағам 16 жасынан бастап жұмыс істеді. Ол не көрмеді? Бақытты деп ойлайсыз ба? Жоқ. Ол тіпті отбасын құруға қорқады. Өйткені, сіздер бізді бақытты болуға үйреткен жоқсыздар. Бала бақытты ата-ананы көріп өскенде ғана бақытты бола алады. Ал біздің көргеніміз күнделікті ұрыс-керіс, әкемнің таяғы. Бізді бар болғаны «құрбандық» болуға үйреттіңіз. Бізге бақытты өмірді көрсете алмадыңыздар.

Осы сөздерден соң, анасы жылап жіберді. Тізесін құшақтаған ана бітуге айналған майшамды тіктеп отыра берді.

Өмір осыншалықты жылдам өтіп кетті ме? Кеше ғана етегі толған бала еді, бүгін барлығы да есейіп, қанат қағып ұшып кетті. Қазір ғана қызының өңменінен өткізе айтқан жан сырын ой елегінен өткізіп отыр.

Күйбең тіршілік, озбыр күйеу, жаны ашымайтын қайынжұрт деп өмірі өтіп кетіпті. Тістеніп өмір сүргені ғана қалыпты. Қай жерден жаңылды екен? Балаларым әкесіз өспесін деп шыдағаны қателік болғаны ма?

Ата-анасы да «сол босағадан өлігің ғана шықсын» деп тастап кетіп еді, одан басқа өмір бар екенін білмеген де екен. Балаларым үшін деп жасаған құрбандығы текке кеткені ме?

Қазір жасы алпысқа таяды. Ата-анасының қалауы үшін, кейін балалары, отбасы үшін өмір сүріпті. Жақсы киім киіп, жайраңдап той-томалаққа да бармапты. Көңілі ашылмапты. «Балаларыма жақсылық жасадым» деп ойлағаны бақытсыз күндерді сыйлаған екен. Ойлана берді. Таңға дейін көз ілмеді... Әйелдің өмірінде алғаш рет «мен» деген сезімі оянды.

Таңертең малын өріске шығарып, қайта оралғанда күйеуі оянды. «Басым сынып барады, су әкелші» деп еді, «өзің барып ал» деді салқын ғана. Әдетте жүгіріп суын әкеліп, ыстық шайын беруге асығатын еді, бұл жолы өйтпеді.

Одырая қараған күйеуі «Бұл үйде су сұрасаң да бермейді, мен саған ешкім емеспін бе сонда?» деп әдеттегідей жанжал шығарды. Әйелі оны елемей, өз тіршілігін жасап жүре берді. Күнделікті жасап жүрген тіршілігі, бірақ ішінде соғыс болып жатыр. Артынан қуып келген күйеуі бұрышта тұрған айырды алып ұруға беттегенде әйелі сабынан ұстай қалды. Көздері қанталаған күйеудің көзі қасқайып қарап тұрған әйелінің көзіне түсіп кетіп еді, алғаш рет артқа шегінді.

«Сен не, әкеңді...» деп былапыттап келе жатыр еді, «Тіліңді тарт, боқтанбай сөйле!» деп айырды жерге лақтырып жіберді әйелі. Көзіндегі жасты сүртіп кетіп бара жатқан әйел алғаш рет өзін еркін сезінді. «Мен өзімді таптым!» Бұл оның жан-дүниесіндегі төңкеріс болды."