​ӨМІРІҢЕ көзқарасыңды ӨЗГЕРТЕТІН 8 жағдай

0
165

Кейде ең кішкентай, бірінші қарағанда маңызды еместей көрінетін нәрселер де өмірге көзқарасыңды түбегейлі өзгерте алады.


​ӨМІРІҢЕ көзқарасыңды ӨЗГЕРТЕТІН 8 жағдай


Адам үнемі өзгереді, сондай-ақ оның дүниетанымы да өзгереді. Бұл тәжірибеден де, жеке тұлға ретінде өсуге бағытталған күш-жігерден де туындайды. Кейде ең кішкентай, бірінші қарағанда маңызды еместей көрінетін нәрселер де өмірге көзқарасыңды түбегейлі өзгерте алады.


1. Қиындықтар

Көп жағдайда адамдар өмірдегі ауыр қиындықтарға кезіккенде өзгереді. Қаржылық сәтсіздіктер, денсаулық мәселелері, жақындарын жоғалту – кез келген ауыр сынақтар өз құндылықтары мен басымдықтарын қайта бағалауға итермелейді.

Дүниетанымдағы өзгерістер уақытша болуы мүмкін: мысалы, сенің сүйікті қызың сені тастап кеткенде, әйелдерге сеніміңді жоғалтып, махаббатты алдау деп есептеуге болады. Бірақ қайта ғашық болғаннан кейін сенің өмірге көзқарасың оң бағытта өзгереді.

Бірақ кейде қиындықтар тұрақты көзқарасты қалыптастырады, бұл үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Мысалы, қатар келген сәтсіздіктер сенің әлемнің әділетсіз деп есептеуіңе себеп болады. Сен үнемі өзіңді аяп, айналаңдағы адамдарды жек көруің мүмкін. Мұндай дүниетаным бекітіліп, өмір жақсармаса да, әлемді жаулаушы ретінде қабылдай бересің. Бұл – эмоционалды жараны дұрыс өңдемегеніңнің белгісі және психикалық денсаулығыңа зиян тигізуі мүмкін.

Қиындықтар тек негатив әкелмес үшін оларды шешіммен қарсы алып, өзіңе сенімді болу, қажет болса тәуекелге баруға дайын болу және көмек сұрауды білу маңызды.


2. Жаңа адамдармен танысу

Тіпті бірдей дүниетанымдағы адамдар болмайды. Жаңа біреумен танысу арқылы сен оның көзқарасын, қабылдау ерекшеліктерін, құндылықтарын білесің, бұл өзің үшін маңызды нәрселерді қайта қарауға көмектеседі. Жаңа адамдармен араласудағы оң да, теріс тәжірибе де пайдалы болып, өзіңді және басымдықтарыңды жақсы түсінуге көмектеседі.


3. Өз ойларыңды талдау

Құндылықтар, мақсаттар мен алғысың келетін нәрселер туралы ойлануға уақыт бөлсең, өзіңнің өмірге көзқарасыңды жақсырақ түсінесің. Сондай-ақ, бұл зиян келтіретін ойлау үлгілерін анықтап, түзетуге көмектеседі. Кейде айналадағы әлемді қалай қабылдайтыныңды ойлау терең мәселелерді түсініп, оларды шешуге көмектеседі – мысалы, өмірге теріс көзқарасты тастау.


4. Қорқынышты жеңу

Кейбір маңызды өмірлік сабақтарды тек қорқынышты жеңу арқылы алуға болады. Өзін-өзі дамыту сияқты, қорқыныштан арылу әлемге көзқарасты өзгертуге көмектеседі. Бұл ерік, батылдық, сенімділік, шешім қабылдау сияқты тұлғаның күшті қасиеттерін дамытады. Сонымен қатар, қорқынышты жеңу сенің өзің ойлағаннан да көп нәрсеге қабілетті екеніңді көрсетеді және өзіңді және өмірді басқаша көруге итермелейді.


5. Саяхат

Көп адамдар саяхатта үйдегі сияқты емес, ерекше сезімде болатынын атап өтеді. Олар жаңа әсер алады, күтпеген қиындықтарды жеңеді, адамдармен танысады және уақытты әдеттегіден өзгеше өткізеді. Бұл әлемге көзқарасты өзгертуге мәжбүрлейді, көбінесе жақсы жаққа. Достармен де, жалғыз да саяхат жасау пайдалы – көбінесе жеке сапар өзін-өзі талдауға және көзқарасты қайта қарауға ықпал етеді.


6. Жаңа дағдыларды дамыту

Дағдыларды дамыта отырып, адам жаңа нәрселерді үйренеді және өмірлік тәжірибе алады. Сондай-ақ, өзің туралы және маңызды нәрселерді түсінесің. Мысалы, жаңа хобби бастасаң, ол саған бақытты сезінуге және өмірден қанағат алуға көмектесетінін түсінесің. Өзің білетін шеңберден тыс кез келген бастама айналаңдағы нәрселерге көзқарасыңды өзгертеді.


7. Адамдарға көмектесу

Көмек физикалық та, психологиялық та болуы мүмкін – екеуі де өмірге көзқарасты өзгертуге көмектеседі. Мысалы, алғаш рет волонтерлік шараға қатысқан адам өз құндылықтары мен басымдықтарын қайта қарауы мүмкін. Ал қиындыққа тап болған жақын адамға қолдау көрсеткен адам жанашырлықты дамытады – бұл адамдармен және өзіңмен қарым-қатынасты орнатуға көмектесетін пайдалы дағды.


8. Оқу

Таныстық пен саяхаттан бөлек, өмірге көзқарасты өзгерте алатын тағы бір нәрсе – оқу. Оқу түрлі эмоциялардан өтуге, өзіңнен өзгеше кейіпкерлердің өміріне енуге, ойлануды және әртүрлі көзқарастарды қабылдауды үйретеді. Барлығы дүниетанымыңа әсер етіп, жақсы жаққа өзгеруге көмектеседі.

Аударған: А. Керімбек,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Ең жақсы демалыс – өзіңмен оңаша кездесу