"Өзімнен он сегіз жас үлкен" - бойжеткен тұрмысқа шығатынын ата-анасына айта алмай жүр

0
279


Сурет: t3.ftcdn.net

"Сіздермен қазір басым қатып, шешімін таба алмай жүрген мәселем туралы бөлісейінші. Себебі бұл оңай шешім емес, адамның бүкіл өміріне қабылданатын шешім, бір адамның тағдыры" дейді ERNUR.KZ порталының тұраты оқырманы Алима. Ол өміріндгі маңызды шешімді қабылдауда батылдық таба алмай, ата-анасына айтуға бата алмай жүргенін жеткізді.


"Жасым – жиырма екіде. Қыз баласы үшін бұл жас тұрмысқа шығу үшін ерте де, кеш те емес, әдемі жас. Қыз бойжете бастағанда сөйлесіп жүрген жігіт туралы сұрайтын жандар көбейеді ғой. Тұрмыс құру туралы ой-пікірін тықпалайтындар да көбейеді. Маған да жеке шекарама өтіп «Қашан тұрмысқа шығасың? Сөйлесіп жүрген жігітің бар ма?» деп мазалайтындар бар. Бірақ мен оны мәселе көрмеймін, оларға тек қана күліп жауап беремін.

Алайда «сөйлесіп жүрген жігітім бар» деп айтуға кішкене қысыламын, сондықтан, жасырамын. Оның себебі, сөйлесіп жүрген жігітім өзімнен едәуір үлкен. Онымен осыдан біршама уақыт бұрын танысып едім.

Таныстығымыз да кездейсоқ орын алды. Ол кісімен ары қарай байланысып, сөйлесіп кетеміз деп ойламаған едім. Тек қана жол-жөнекей, бірге сапарлас болып қалған соң, жолды қысқартып танысып, әңгімелесіп келгенбіз.

Қазір ол кісімен араласып жүрмін. Менен бақандай он сегіз жас үлкен. Яғни, қырықтағы кісі. Сөйлеген сөзі, дүниетанымы кең болғандықтан ба екен, екеуміздің әңгімеміз жарасты. Онымен сөйлескен кезде барлығын ұмытып кетемін. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге бауыр басып қалдық.

Соңғы кезде ол кісі маған үйленгісі келетінін айтып жүр. Ол бұрын үйленген екен бірақ ажырасып кетіпті.

Сіз деп сыйлап жүріп оны жақсы көріп қалдым.

Ол мен жайлы анасына айтыпты. «Қарсы емеспін, балам, сендер бақытты болсаңдар болды» деп батасын беріп отыр екен. Әрине, қай ана болса да баласының бақытты болғанын қалайды ғой. Ал мен анама ол жайлы айтқанымда, маған қарсы екенін айтты.

Менің анам да өз қызын ондай адамға тең көрмеген шығар, қанша дегенмен қимайды ғой. Бұрын-соңды тұрмыс құрмаған, оның үстіне өрімдей жас қызын ажырасқан қырықтағы еркекке қандай ана қисын?

Солай қазірше екі жақта жүріп, басым қатып кетті. Ал әкеме ол жайлы қалай айтарымды білмей отырмын.

Мүмкін әкеме түсіндіріп айтсам, дұрыс шешімді айтар ма екен деп үміттеніп отырмын. Ол адамды жақсы көремін, өткеніне де, жас айырмашылығына да қарамаймын деп отырмын, егер әкем рұқсат берсе..."