"​Отбасылы ұлыңнан ақша сұрама!": жас келіншек ата-енесінің орынсыз қылығына күйінеді

0
230

"Біз қиналып жатырмыз ба, жоқ па – еш алаңдамайды. Керісінше, әр қажетіне ақша сұрап қоңырау соғады."


"Ата-ананың негізгі парызы - перзентін от пен судан қорғап өсіріп, жоғары білім әперіп, өз бетінше өмір сүруді үйрету. Алайда көп ата баласы бөлек кетіп енді өз өмірін сүре бастағанда ақша сұрап аяққа тұруына кедергі келтіреді."

Осылай деп ой бөлісті ERNUR.KZ оқырманы. Мұндай пікірге келуіне не себеп?


"Бұл мәселені жазбасам, ашудан жарылардай боп жүрмін. Келін болып түскеніме алты жыл болды. Жолдасым екеуіміз қалада бөлек тұрамыз. Осы уақыт ішінде менің ата-анам бізге барынша қолдау көрсетіп келеді. Үй алуға алғашқы жарна, көліктің несиесін жабу, бұзылған көлікті жөндеу, жаңа үйдің жөндеу жұмыстарына ақша, тіпті балаларымыздың киіміне дейін – бәрін өз әке-шешемнен сұрадым. Олар көмектесуден ешқашан бас тартқан емес.

Ал ата-енем тек ақша сұрауды біледі. Біз қиналып жатырмыз ба, жоқ па – еш алаңдамайды. Керісінше, әр қажетіне ақша сұрап қоңырау соғады. Басқа екі ұлынан да сұрай береді, бірақ олар соңғы уақытта бермей қойған. Ал менің жолдасым жоқ дей алмайды. Жоқ болса несие алып бере салады. Кейін жалақысы түскенде сол несиені төлеуге жұмсайды. Ал мен өзіміздің қажеттіліктеріміз үшін тағы да өз әке-шешемнен сұрауға мәжбүрмін.

Әрине, ата-анаға көмектесу – ұлдың парызы. Егер дәрі-дәрмек, күтім, басқа да шұғыл қажеттіліктер болса, қол ұшын созу міндет. Бірақ зейнет жасына жетпеген, денсаулығы дұрыс ата-ананың күндіз-түні үйде жатып, сериал көріп, ұлының қиналып тапқан ақшасына телміріп отыруы – үлкен ұят. Қазір дипломы жоқ орта жастағы ата-енелер істейтін іс көп: тігін тігу, құрт-май сату, такси жүргізушісі болу, сауда жасау, тіпті онлайн жұмыс істеп, қосымша табыс табуға болады.

Ер адам – отбасының тірегі, әйелі мен балаларының қамын ойлауы тиіс. Өз ата-анасын қолдау – міндеті шығар, бірақ ол өз отбасын құрған соң, бірінші кезекте – жары мен балаларының жағдайын жасауға жауапты. Өзі несие алып, қарызға батып жүрген еркектен ата-анасының ақша сұрауы – орынсыз.

Мен ата-анамнан енді ақша алмаймын. Күйеуім де біздің қиналып жатқанымызды көруі керек. Ол осылайша ата-анасына несие алып беруді доғара ма, жоқ па – оны уақыт көрсетеді. Егер қоймаса онда ата-енеме "Отбасылы ұлыңыздан ақша сұрамаңыз. Ұлыңызға сүйеніп өмір сүруді доғарыңыздар. Ол өз отбасын асырауы керек!" деп айтудан басқа амал жоқ. Әлде, басқа жолы бар ма?"