"Сенің кесіріңнен үш рет таңертең ауыз бекіте алмадық," – деп айтып жүр.
көрнекілік фото: pinterest.com
"Менің түсінігімде нағыз мұсылман – айналасына тыныштық пен мейірім сыйлайтын жан. Намаз оқып, ораза ұстаған адам өзгелерге салмақ салмауы, керісінше, айналасына жайлылық сыйлауы керек. Ораза адамның тек қарнын ғана емес, ниетін, мінезін де тазартады дейді. Ал сабырсыз, мейірімсіз құлшылық қаншалықты дұрыс?"
Осылай деп келелі ой тастады түркістандық жас келін. Ол ата-енесіне ашып айта алмаған сөзін ERNUR.KZ порталы арқылы жеткізгісі келеді.
"Рамазан айында үш-төрт рет таңертең тұрып, ата-енеме шай бере алмаған едім, соны әлі айтып жүр. Одан бері қанша ай өтті ғой, ал олар әлі қояр емес.
Мен ешқашан келіндік қызметімді міндетсінген емеспін. Ағайын-туыстың үйіне қонаққа барсам да, асүйде ыдыс жуып, шай тасып жүрем. Жұмыстан қашпайтынымды енем жақсы біледі. Бірақ Рамазан айында ерте тұра алмағаным рас. Сол кезде есігімді қағып, әбден жүйкеме тигені-ай!
Рамазан – кешірім мен сабыр айы дейді ғой. Үлкен кісілер ғой деп, мен де ренішімді ішіме бүгіп келдім. Алайда енем әлі күнге дейін: "Сенің кесіріңнен үш рет таңертең ауыз бекіте алмадық," – деп айтып жүр. Бұл сөзді естіген сайын ашуым келеді.
Биыл ата-енемнің ораза ұстағанына он жыл болады екен. Ал менің келін боп түскеніме әлі бір жылдан енді асты. Бір айлық бөпем бар, сол бөпеммен әуре-сарсаңмын. Бірақ ата-енем мұны ескермеді.
Рамазан айында "Неге ерте тұрып тамақ ысытпайсың?", "Неге шай дайын емес?" деп, таңды ұрыс-керіспен бастады. Ал мен олар үшін бәрін дайындап қоямын. Тефальға су толтырып, дастарханға кесе, қасықтарын қойып, үстін сүлгімен бүркеп кетемін. Таңертең тек шәугімнің түймесін басу мен тамақты микротолқынды пешке салу ғана қалады. Бәрін есептеп көрдім: шай қайнауға – бес минут, тамақ ысытуға – бес минут. Бірақ енем сол бес минуттық жұмыс үшін мені оятады. Қатты ұйықтап жатсам да, есікті тоқылдатып тұрып алады. "Бәрі дайын тұр ғой. Қайнаған шайды демдеу қиын ба?" деп айтқым келетін, бірақ ата-енемнің ораза ұстағанын құрметтегендіктен айта алмадым.
Кешке бар өнерімді салып, бешбармақ та, манты да, бауырсақ пен самса да пісіремін, салаттар жасаймын. Айтқан тамақтарын дайындаймын. Бірақ таңертең сәресіге тұру маған өте қиын.
Түнде бірнеше рет бала емізіп, ұйқым бөлінеді. Шаршаймын. Сондықтан таңға жуық сәл де болса көз ілуге тырысамын. Алайда енем менің мұнымды түсінбеді, ұйқыдан тұрғызып алады. Кейде өздері ұйықтап қалса, "Сен шай қоймадың!" деп, ашуланып, ауыз бекітпей қалғандары үшін мені кінәлайды.
Енем мен қайынатам қаусаған қарт болса, үндемес едім. Бірақ олар әлі тың, өз істерін өздері атқара алады. Дәрет алатын су да, шай жасауға қажеттінің бәрі үйде бар. Сонда да мені кінәлайды.
Үйде әр жұма сайын қайталанатын тағы бір жағдай бар. Қайынатам әр жұма мешітке намазға барады. Бірақ мешітке кеткенше үйдің берекесін алады. Бәрімізді аяғымыздан тік тұрғызып, өзіне қызмет еткізеді. Киімі дайын болуы керек, аяқ киімі тазалануы керек, жуынатын бөлме бос болуы керек. Намазға баратынын міндетсініп, ашуланып, айқайлап кетеді.
Намаз бен ораза адамды сабырға, мейірімге шақырмай ма? Намазға бет бұрып жүргендер осыны ұқса екен. Мен діндар адам емеспін. Бірақ мен үшін дін – ең алдымен, жақсы адам болу, жақындарыңа қамқорлық жасау, ешкімнің көңіліне қаяу түсірмеу.
Ал қайынатам үшін дін – тек намаз оқу мен ораза ұстау сияқты. Енем де "Оразамын" деп тек сериал көріп жатты. Балама қарасуды, қолым тимей, үлгермей жатқанда тамақ пісіруге көмектесуді білмеді.
Менің түсінігімде нағыз мұсылман – айналасына тыныштық пен мейірім сыйлайтын жан. Намаз оқып, ораза ұстаған адам өзгелерге салмақ салмауы, керісінше, айналасына жайлылық сыйлауы керек. Ораза адамның тек қарнын ғана емес, ниетін, мінезін де тазартады дейді. Ал сабырсыз, мейірімсіз құлшылық қаншалықты дұрыс?"