"Некесіз екі бала тудым": жас келіншек анасының айтқанын тыңдамағанына өкінеді

0
335

"Ол қыз күйеуімнен жүкті екен..."


көрнекілік сурет: sun9-40.userapi.com

"Бізде құдалық, беташар, той – барлығы болды. Бірақ, арамызда заңды неке болмады. Тек шариғат жолымен молда шақырып, некемізді қиғыздық. Қазір бұлай молдалар да неке қимайды ғой, алдымен заңды неке куәлігін көрсетіп, содан кейін мұсылманша неке қиылады. Біз үйленген кезде бұлай болмады. Заңды некеге тұру керек деген түсінік те болмапты менде. «Неткен аңқау болғанмын?!» деп өзіме ашуланамын."

Осылай деп бармақ тістеген келіншек ERNUR.KZ оқырмандарына, әсіресе жас қыздарға сабақ болсын деп өз ақылын айтты.


"Мен тұрмысқа шыққан кезде небірі он сегіз жастағы жап-жас қыз едім. Күйеуіме бар сұлулығымды, денсаулығымды, жастығымды құрбан еттім. Бірақ, ол соны бағаламады. Ыза болатыным да осы жағдай, ол мені тастап, басқаға кетті.

Небәрі он сегіз жасымда сөз байласып, жүріп жүрген жігітіме тұрмысқа шықтым. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз еркіммен. Керісінше, ата-анам, туыстарым қарсы болды. «Әлі жассың, қиналып қаласың, кішкене жүре тұр, оқуыңда аяқта, өз бетіңше өмір сүріп көр» деп қанша айтса да, тыңдамадым. Сондықтан, өзімнен басқа ешкімге өкпелей де алмаймын.

Қыз-жігіт болып екі жылдай жүрдік. Бірге жұмыс істеген болатынбыз. Тоғызыншы сыныпты бітіріп, колледжге оқуға түскен едім. Өзімнің жан қалауым бойынша медбике болғым келді.

Оқып жүргенде қосымша жұмыс та істеп жүрдім. Ойын-сауық орталығында балаларға арналған ойын алаңында бақылаушы болып жұмыс істедім. Жолдасыммен сол жерде істеп жүрген кезде танысқанмын.

Біздің танысуымыз да, қыз бен жігіт болып жүруіміз де өте тез басталып кетті. Үйленуге де соншалықты асығыс қадам жасағанымды ол кезде ұқпадым. Негізі жастық жалынмен үйлкендердің сөзіне құлақ аса қоймаймыз ғой, дегенмен олар дұрысын айтады. Тыңдау керек екен.

Мен ата-анамды тыңдамай, ойланбастан ерте жасымда тұрмысқа шығып кеткенімді түсінгенде кеш болды. Екінші курсқа келген кезде оқуымды тастауға мәжбүр болдым. Қайынжұртым оқытпайтындарын айтты. Ол кезде күйеуім жұмыс істемейтін болғандықтан, көнуіме тура келді. Тіпті мен оған ренжімеппін де қарап отырсам. «

Оқытпаса да, күйеуімнің жанындамын, бақыттымын» деп махаббатқа мас болып жүре берген екенмін. Бізде құдалық, беташар, той – барлығы болды. Бірақ, арамызда заңды неке болмады. Тек шариғат жолымен молда шақырып, некемізді қиғыздық. Қазір бұлай молдалар да неке қимайды ғой, алдымен заңды неке куәлігін көрсетіп, содан кейін мұсылманша неке қиылады. Біз үйленген кезде бұлай болмады. Заңды некеге тұру керек деген түсінік те болмапты менде. «Неткен аңқау болғанмын?!» деп өзіме ашуланамын. Неке куәлігіміз болмаған соң, баламды өз атыма жаздырдым.

Сол кезде де шыр-пыр болып жүгірген өз анам еді. Баламның өз әкесінің тегінде болғанын қалап, «Тезірек неке қидырып, куәлікті алыңдар, баланың туу туралы куәлігін де ауыстырып алуға тырысыңдар» деп күн сайын айтатын.

Бірақ бұған күйеуім де, ата-енем де аса мән бермеді. Сонда оларға немере керек болмағаны ма? Оларға бұл туралы ескертіп айттық, мән бермеген күйінше қалды. Мен де баламның әуресімен бұл туралы ұмытып кеттім. Анам да айта-айта шаршады.

Содан арада екі жыл өтіп, екінші баламды дүниеге әкелдім. Оны да өзімнің атыма жаздырдым. Сол аралықта анамның менімен бірге жүгіріп, менің қамымды күйттейтіндей жағдайы болмады. Ол да ағамды үйлендіріп, тойдың қамымен, күйбең тіршілікпен әуре болып кетті. Баланың тегі қалай екенін сұрауды да ұмытып кеткен ғой. Солай күндер өтіп жатты.

Бір күні телефоныма бейтаныс нөмірден қоңырау келіп түсті. Ойымда дым жоқ, «алло» деп тұтқаны көтере салысыммен амандық-саулық жоқ, күйеуімді сұрады. Кім екенін, неге оның өзіне хабарласпайтынын сұрағанымда, ол ештеңені жасырмады.

Сөйтсем, ол қыз күйеуімнен жүкті екен. Үстімнен суық суды құйып жібергендей әсерде болдым. Күйеуім жұмысынан келгенше тағат таппадым. Телефонмен хабарласып ит терісін басына қаптайын деп оқталып тұрдым да, ол ойымнан айныдым. Себебі, ол үйге келемін дегенше мың түрлі сылтау ойлап тауып, сытылып кететініне күмәнім болмады.

Күйеуім үйленген соң жұмысын ауыстырған болатын. Астанадағы жекеменшік фирмалардың бірінде жұмыс істейтін. Сол жерден басталған ғой бәленің бәрі.

Мен күйеуімнен күдіктеніп жүрдім. Өйткені, заңды некеге тұрудан қашқақтағаннан бастап, бірінші баламыз туылғаннан кейін біртіндеп өзгере бастады. Көңіл бөлмеуін де түрлі сылтаулармен ақтап алатын.

Күдіктеніп жүрсем де, анық көзім жетпегеннен кейін ештеңе істей алмадым.

Отбасымыздың жалғыз асыраушысы сол кісі болғанннан кейін, балаларымды да әкесінен айырып, «өзім жеткізе аламын» деген қырсықтықтан ештеңе өнбейтінін түсініп, оны жібергім келмеді. Мейлі, сол әйелді некелеп алып, екінші әйелімен бірге тұра берсін, бірақ, балаларыма келіп, оларға мейірімі мен әкелік махаббатын беріп тұрса, маған соның өзі жеткілікті болатын еді. Онсыз да арамызда заңды неке жоқ. Басымдағы осы жағдайды шынымды айтайын, дұшпаныма да тілемес едім. Осы бір қателігімнен сабақ алып, өз өмірлеріңізде қайталамасаңыздар екен деген тілегім бар."