"Нағыз еркек ажырасса да, әйелін жамандамайды"

0
193

"Бұл – тек әйелге емес, өз ар-намысына деген құрмет"


көрнекілік фото: ChatGPT ЖИ жасалды

Болат атты жігіт ағасы ERNUR.KZ порталының барлық оқырмандарына сыныптасының азаматтық ісін үлгі еткісі келеді.


"Мектеп кезінде Дидар біздің сыныптың мақтанышы еді. Зерек те ұстамды сол бозбала бітіре сала елордаға арман қуып кетті. Кейін естідік, Астананың төрінде қызметке тұрыпты, Қостанайдың қызына үйленіпті.

Үйленген соң ауыл жаққа сирек келетін болды. Бірте-бірте сыныптастармен араласуды доғарды. Тек инстаграмынан оның бақытты өмірінің үзінділерін көріп жүретінбіз. Шетелге саяхаттар, қызметтегі өсу, балдай тәтті екі баласының суреттерін анда-санда әлеуметтік желіге салып қояды. Жұбайының да министрлікте жауапты қызметте екенін, қайынжұртының ықпалды екенін сырттай естіп, “Дидардың бағы жанды” деп сүйсінетінмін.

Мектеп бітіргенімізге 20 жыл толып, басымыз қосылғанда Дидар арамызда болмады. Хабарласқанымда “Бір мәселелермен сотқа қатысуым керек еді, айып етпеңдер” деп қысқа қайырды. Көп ұзамай сыныптастар арасында “Дидар ажырасып жатыр екен” деген жайсыз хабар тарады. Оның гүлденген өміріне күз келгеніне іштей қынжылдым.

Арада тағы бес-алты жыл жылжып өтті. "Ел құлағы – елу" деген емес пе, Дидардың әйелі басқа біреуге тұрмысқа шыққанын, өзінің де екінші рет үйленгенін естідік.

Бірде жолым түсіп Астанаға семинарға бардым. Шымкентте мектепте жұмыс істейтін Гүлмира есімді сыныптасым да барған екен. Ол "Дидарға хабарлассай, ертең кешке бір жерге барып шай ішейік. Өзіміз боп әңгіме айтып, арқа-жарқа отырайық" деді.

Екеуміз Дидарға хабарласып, кешкі шайға шақырдық. Кездесу басталғаннан-ақ Гүлмира әйелдерге тән әуестікпен Дидарды сұрақтың астына алды: “Дидар, тойыңда көргенде-ақ әйеліңді суықтау ма деп қалып едім. Ажырасып кеткеткеніңді естідік... Шыныңды айтшы, неге ажырастыңдар? Әлде ол біреумен көңіл қосты ма? Ұзынқұлақтар солай дейді ғой...”.

Дидар сабырлы кейпін бұзбастан, сәл жымиды да “Гүлмира, бізде бәрі жақсы болды, керемет жылдарды бірге өткіздік. Қазір де жат емеспіз, бөлек тұрсақ та араласып, дос ретінде сырласып тұрамыз”, - деді. Бірақ Гүлмира қояр емес. “Ей, өйтіп алдаусыратпай-ақ қойшы. Бәрі жақсы болса ажыраспайтын шығарсыңдар. Айта берсейші шыныңды, ол енді жоқ қой. Айдаладағы бөтен адам” деп күлді. Жасырып қайтейін, бұл мен үшін де білгім кеп жүрген сұрақ еді.

Дидар “Баяғы әдетіңді әлі қоймапсың ғой, Гули” деп әзілдеп бір тиісіп алды. Сосын байыпты түр жасап, салмақты дауыспен былай деді: “Мен ол әйелмен он бес жыл бір төсекте жаттым, пісірген асын іштім. Ол – менің балаларымның анасы. Егер мен бүгін оны жамандасам, сол он бес жыл бойы қасымда “жаман адамды” ұстап келген өзімді қорлағаным емес пе? Ол – менің таңдауым болған. Оны сыйлау – өз арымды, өз өткенімді сыйлауым. Сондықтан оны жамандайды деп, сыр суыртпақтап әуре болма.”

Бұл жауаптан кейін Гүлмира үнсіз қалды. Мен қолқалап сұрамасам да, Гүлмираға қой демей, керісінше қызығушылығын қолдағандай болғаным үшін ұялып қалдым. Дидардың бұл сөзі – еркек деген атқа лайық тектіліктің көрінісі еді.

Сол жағдайдан кейін әйелін жамандаған еркек көрсем, Дидардың сөзі есіме түседі. Өмірде талай еркекті көрдім бірге жүргенде үнсіз, ал айырылысқанда аузына ие бола алмай қалған. Неге біз көбіне әйелді бағалауды тек бірге жүргенде ғана міндет санаймыз? Ал ажырасқанда неге оны “кінәлі”, “жаман”, “лайықсыз”, “о баста жақсы емес еді” деп күйе жағуға құмармыз?

Меніңше, ер-азаматтың деңгейі оның қанша табыс тапқанымен емес, әйел туралы қалай сөйлейтінімен өлшенеді. Ажырасқанда артынан жаман сөз таратпау – әлсіздік емес, адамдықтың ең биік шыңы. Бұл – тек әйелге емес, өз ар-намысына деген құрмет."