"МІНСІЗ ӘЙЕЛ болам деп күйеуімнен айырылып қала жаздадым"

0
272

"Сен мен үшін бес мезгіл бес түрлі тамақ пісіріп, дайындауға міндетті емессің. "


Сурет: Pinterest

"Бір кездері жолдасым маған баға жетпес үлкен сабақ берді. Сол кезде мен оны түсінбей, өзімше ренжідім. Оны түк түсінбейтін, отбасылық өмірге бейімделмеген адам етіп көрдім. Тек кейін уақыт өте қаншалықты дұрыс айтқанын түсіндім."

ERNUR.KZ порталының тілшісімен әңгіме-дүкен құрған Арай атты келіншек осылай деп, өз басынан өткен жайды баяндап берді.


"Біз Серік екеуміз оң-солымызды танып, әркімнің өмірге деген көзқарасы қалыптасқан уақытта отау құрдық. Мен 27-де болсам, ол 35-тегі жігіт ағасы болатын. Жолдасымның жағдайы жасалған, өз жеке шаңырағы бар. Ата-анасы қайтыс болған соң, жағдайын жасап алу үшін үйленбей біраз жүріп қалған. Бауырларының барлығы үйленіп, тұрмыс құрып, өзімен-өзі болып кеткен жандар. Менің де ағам үйленіп, сіңілім тұрмыс құрып кеткен. Жігіт таңдап жүріп жасымның 30-ға жақындап қалғанын да аңғармай қалыппын.

Отбасылы болғаннан кейін жолдасым екеуміз де тоқмейіл сезімде жүрдік. Бәрі керемет, бәрі күшті. Уақыт өте отбасылық өмірдегі жаңа мәртебеме қызығып тым терең кіріп кеткенім соншалық, бір ақымақ іс үстіне бір ақымақ іс жасадым. Ең алдымен өзімді ары қарай дамыту үшін оқып жүрген курстарды тастадым. Оны тастамасқа болмады, жұмыс пен үйдің тірлігінен қол тимей кетті. Мінсіз әйел көріну үшін жолдасымды сырттан тамақтандырмауға тырыстым. Күніге неше түрлі тәтті-дәмдіні ғаламтордан қарап, солай жасап шығу үшін қаншама уақытымды жоғалттым. Күніге кешкісін «Ертең таңғы асқа не қалайсың?» деп сұраймын. Жұмыста кезде «Кешке не пісірейін?» деп хабарласу әдетке айналды. Кешке дейін жұмыста болып, келе сала бірден кешкі ас қамына кірісем. Одан таңертеңге дайындық жасап қоямын. Жолдасымның киімдерін үтіктеп, жұмысқа дайындаймын. Әйел болған соң мұның барлығы өз шаруам деп, жолдасыма өз киімін үтіктеуге мүмкіндік бермеймін. Демалыс күндері де ешкім шашпаса да мұнтаздай болып тұру үшін үйді жинап, терезенің айнасына дейін жалтыратып қоямын.

Тұрмысқа шықпай тұрып үлкендерден «үйі таза, тамағы дәмді, әрдайым дайын тұратын әйелдің күйеуі сырттан жылу іздемейді» дегенді естіп, сеніп алғанмын ғой әбден. Сосын бар ықыласымды тамақ пен тазалыққа, жолдасымның жағдайын жасауға бөлдім. Осылайша мінсіз әйелдің рөліне берілгенім соншалық, шаруадан титықтап, азып, жүдеп кеткенімді де білмей қалдым. Айына екі рет салонға барып, өзімді ретке келтіріп тұратын едім, ол да жайында қалды. Бұрын қолым босағанда көбіне кітап оқитын едім, тұрмысқа шыққан соң шамалы демала қалсам ғаламтордан мінсіз әйел болудың жолын іздейтін болдым. Болдырып құлағанша осылай жалғаса берер ма еді, жолдасым тоқтатпағанда.

Жексенбі күндердің бірінде әдеттегідей тағы бір жаңа таңғы ас қамында жүрген маған жолдасым "Арай, тыңдашы. Сен мына істеріңнен жалықпадың ба? Шаршамадың ба? Сен мен үшін бес мезгіл бес түрлі тамақ пісіріп, дайындауға міндетті емессің. Әр демалысыңда үйді тазартып, сүртіп тұрудың да қажеті жоқ. Біз бір-біріміз үшін құл емеспіз ғой. Мен сенің өмірің емеспін, тек бір бөлшегі ғанамын. Тағдыр бізді кездестірді, ғашық болдық, отбасы құрдық, бірге сондай керемет.

Сондықтан мені өзіңнен жоғары қойып, менің әр пікірімді қоштап, қолдай берудің қажеті жоқ. Жақсы немесе жаман көрінем деп қорықпа да, тырыспа да. Сені алғаш кездестіргенде қандай болдың – солай ұнаттым, сол күйіңде қала бер, өзгерме. Ал дәл қазір сен тура менің көлеңкем сияқтысың. Баяғы сені таппай қалдым" деді.

Серік сөзін аяқтады да, «Сыртта шаруаларым бар» деп кетіп қалды. Мен сол күйі тұрған орнымда қаттым да қалдым. Шамалы уақыттан кейін жатын бөлмедегі айнаға барып қарадым. Шынында өте қатты өзгеріп кетіппін. Бұрынғы жарқырап жүретін рең азып, солғын тартқан. Бетімде қан қалмапты, сұп-сұр болып, көзімнің асты ауру адам құсап ісіп кетіпті. Өзімнің бишара халге түскен түрімді көріп (негізі күнде көремін, бірақ аса мән беріп, өзгеріп жүргенімді байқамағанмын ғой) жасымды тыя алмадым.

Қанша уақыт жатқанымды білмеймін, ұйықтап кетіппін. Тұрып ас бөлмеге барсам, Серік тықырлатып бір нәрсе істеп жатыр. Мені көріп "Жақсы демалып тұрдың ба? Мен мына жерді реттеп қойдым. Енді екеуміз сыртқа барып тамақтанып келейік. Мына дайындап қойғандарыңды ертең істеп берерсің. Ал қазір дайындал" деді.

Міне, сол күннен кейін мен – тек мен болып өмір сүремін. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге, жағынуға тырыспаймын. Жолдасым екеуміз кімнің қолы босай қалады, тірлігімізді бөліп-жармай істей береміз. Мен қайтадан өзімді қолға алып мінсіз, жайлы, шаруа әйелдің рөлінен шықтым.

Қазір тұңғышыма аяғым ауыр. Мінсіз болам деп жүріп, денсаулығыма қарамай, бала көтере алмай біраз уақыт өткізіп алыппын. Жолдасымның сол кездегі сөздері болмағанда, мен қазір отбасылық өмірден шаршап ажырасып кетер ма едім немесе өзімді мүлде жоғалтып, оның үйден, менен безіп кетуіне алып келер едім. Бақытты отбасын құру үшін ең алдымен жолдасыңызбен арадағы сыйластық, түсіністік, бірін-бірі тыңдай білу керек екен."