Тойларға барғанда біреулердің санын ұстап, омырауын мыжып кеткенін көргендер бар"
Сурет: buzzfeed.com
ERNUR.KZ порталының оқырмандарына сырын шертіп, мұның шаққысы келетіндердің қатары қалың. Бұл жолғы кейіпкер (атын атамауды өтінді) - жасы елуге жақындаған көпбалалы ана.
"Жер ортасына келгенде бір шешімге келе алмау да депрессияға түсіретін жағдай екен. Дәл қазір мен сол сезімде жүрмін, айналамның барлығы қара түнек" дейді шарасыз халге түскен әйел.
"Отасқанымызға жиырма жылға жуықтағанда жолдасым екеуміздің ара-қатынасымыздың суй бастағаны, әрине, жаныма батады. Осы кезге дейін балалар жас болып, жолдасымның басқа да мінез-құлықтарына назар аудармадым ба екен, әлде ренжітіп алса, кешірім сұрап, қателігін жуып-шаюға тырысқандығы үшін бе екен осы кезге дейін өкпелеткен кездерін кешіріп келдім.
Алғашқыда ол мені қатты жақсы көретін. Соңымнан қалмады. Өзінің сезімін білдіріп, қолынан келген қамқорлығын көрсетіп, назарымды аударуға тырысқан жігітке мен де еріксіз мойын бұрдым. Қалайша қарамауға болады, сен десе ішкен асын жерге қойып, аузыңнан шыққан әрбір сөзді аңдып отырса?!
Бойы да ұзын, сымбатты, аққұба жігіттер айналамда көп еді. Арасында әрине бір-екеуі қыз бен жігіт болып жүруге ұсыныстарын білдіретін. Кейде жарайды деп келіскен кезім де болған. Бірақ бірер апта сөйлесіп жүреміз де, сөздеріміз жараспай екі жаққа кетеміз. Осылай жігіттермен сөйлесіп жүргенімді қазіргі күйеуім де білетін. Сонда да айналшықтап, қасымнан кетпейтін. Менің ашуым келетін «мына жігіттің намысы жоқ па өзі» деп.
Осылай соңымнан салпақтап екі жыл жүргенде мен де «Осы байғұс қыр соңымнан қалмайды? Сөйлесіп көрейінші бәлкім, жан сырын ақтарсын. Содан кейін өзі де кетер» деп ойладым. Бір жағынан, жаным ашыды "Неге сонша көзсіз байланып қалды екен маған" деп. Екінші жағынан, әрине, жігіттің өліп-өшіп сезімін білдіруі қандай қызға ұнамасын?
Сөйтіп, мен оған "Жарайды, махаббатыңды дәлелде" деп бетімді бұрған күні одан бақытты жан болмаған шығар. Бірте-бірте мен де оған бауыр бастым. Бұрын менің көзіме ұсқынсыз көрінетін жігіт енді күн сайын көз алдымда құлпырып бара жатқандай.
Солай бір күні алып қашты. Оған дейін «саған үйленгім келеді, сенсіз өмір сүре алмаймын, өмірімді басқа жанмен елестете алмаймын» деп көп айтатын. Бірақ тұрмыс құрғаннан кейін «сенсіз өмір сүре алмаймын» деген күйеуім көзімнің тірісінде-ақ менсіз күн көріп, өзіне басқа әйел тауып алған екен. Ойнас қой былай айтқанда.
Осыны алғаш білген кезім - екінші баланы босанғаннан кейін. Менен бұрын анам білген. Бірақ, маған айтуға батпаған. Арада біраз уақыт өтіп, мен күйеуімнің көлігінен тай массажына барған талонын және соған арналған майды көрдім. Ол кезде мойындамады, «досымдікі» деп жалтарды.
Әрине, реніш болды менің тарапымнан. Кейін балалар үшін кешірдім. Ұмытылғандай болған кезде тағы бір былығы шықты. Ол маған да, балаларына да телефонын қарауға бермейтін. Дәретханаға кірсе де қолына ұстап кіретін болды телефонын. Мен біреуге хабарласып алайын деп өтініш жасасам, қасымнан кетпей тұрып алатын.
Күдігім болса да, ұстап алмаған соң амалым құрып жүргенмін. Ақыры бір күні телефонын ақтарып отырып, жасырып қойған нөмірден хат алмасқанын оқып қойдым. Денем бір ысып, бір суып, қатты қиналдым. Сосын әлгі нөмірге қоңырау шалып «әйелі, бала-шағасы бар еркекке жабысып жүрген арсыз» деп ашуымды төктім. Сонда ол әйел «Менімен ажырасқанмын деп танысты. Оның отбасы бар екенін білмедім» деп тұр.
Жылап-сықтап, күйеуімді айтыптап, оған сөйлемей ренжіп бірнеше күн жүрдім. Ол кезде де мойындаған жоқ. Дәлелім қолымда тұр, бірақ бетбақтырмай қойды. Содан кейін тыншыдық әйтеуір осы кезге дейін.
Бірақ арасында тойларға барғанда біреулердің санын ұстап, омырауын мыжып кеткенін көргендер айтып жүрді. Күйеуімнен "Сенің абыройыңды әрдайым қорғауға тырысамын, жел сөздерді елемеуге тырысамын. Бірақ сенің қылықтарың менің абыройымды төгіп болды. Бұндай қылық жасамашы" деп өтіндім. Ол кезде де айыбын жуып-шайды.
Тағы бірде қаладағы бір қуыста, елеусіздеу орында жайғасқан қонақүйге төлеген чекті көріп қалдым телефонынан. Тағы да ұрыс-керіс. Бұл жолы да мойындамады. Досы "қолма-қол ақша еді менде, төлеп берші, алдын ала бронь жасап қояйын" деп өтініш айтыпты-мыс. Осылай-осылай өтірікшіге айналды күйеуім.
Бір сөзіне де сенген жоқпын. Бірақ, отбасымның шырқын бұзбайын, берекесін қашырмайын деп сенген сыңай таныттым. Бұл кезде төрт балалы болғанбыз. Төрт баламмен қайда барып сиямын? Бәлкім, күйеуіме ес кіретін шығар деп тағы да күттім. Осылай жүріп, қыздарым бойжетіп, ұлдарым есейіп қалғанын да байқамай қалыппыз.
Оның үстіне, керек-жарағымызды әперіп, жағдайымызды жасап отыр ғой. Сосын балалар есейгенде тіпті ұят екен, екеуміздің ұрыс-керісіміз. Ол да болса тұрмыстық ұрыс-керіс емес, сол бір күйеуімнің жеңіл жүрістігі жөнінде. Оны да балалардың көзінде айта алмайсың. Іштен тынып, көз жасымды жұтып, сырттай өтірік күліп жүруге мәжбүр болдым.
Соңғы рет қайталанғанда тіптен жарылдым. Сол баяғы үйреншікті қонақүйіне тағы да барған. Қонақүйге барардан екі сағат бұрын бір кафеге кіріп тамақтанып алған. Оның барлығын мен төлем жасаған чектерінен білдім. Чекте уақыты, сағаты көрініп тұрады ғой.
"Сенсіз өмір сүре алмаймын" деген күйеуімнің менсіз шайқап өмір сүріп жүргенін көргенде тамағыма ащы өксік тығылды. Қазір оны көргім келмейді, баяғыдай бір үйде тұрып жатырмыз. Ел-жұрт үшін, есейіп қалған балаларымыз үшін. Бірақ көңілім қатты қалды. Төсегімді де бөліп тастадым. Жиіркенемін одан. Ары қарай қандай шешім қабылдарымды білмей басым қатып отыр."