"Күйеуді тыңдамау керек екен" - келіншек жолдасының сөзі неге кедергі болғанын баяндады

0
254

"Амалсыздан көзім жасқа толып, Меркіге қайттым"


Сурет: storage.kun.uz

"2018 жыл. Екі баламды енеме аманаттап, күйеуім екеуміз Алматыға жұмыс іздеп бардық. Жаспыз. Арманымыз көп еді. "Жаңа өмір бастаймыз", "Әсем қаладан баспана аламыз. Балаларымыз үлкен қалада оқиды" деп сендік. Бірақ бәрі оңай болмады" деп әңгімесін әріден бастады өзін Эльмира деп таныстырған келіншек.

Меркілік оқыманның ERNUR.KZ редакциясына хат жазуына түрткі болған жағдайдың жалғасын төменнен оқи отырыңыздар.


"Көп ізденіп, ақыры бір университеттің асханасына ыдыс жуушы болып орналастым. Тек ыдыс жумадым, бос уақытымда асхананың қабырғаларын, сөрелерді жуып жылтыратып қойдым. Жұмысты адал, бар жаныммен атқардым. Шын беріліп істесең, еңбегің еленбей қалмайды. Мен бойымдағы ұйымдастырушылық қабілетімді де қостым. Асханадағы үстелдердің орнын өзгерттім, тәртіп орнаттым.
Бастық аға мен әпке отбасымен бірге сол бизнесті жүргізетін. Маған көп нәрсені сеніп тапсыра бастады. Аспаз апайлар да "сен келгелі асханамыз таза, ыдыстар орын-орнында" деп алғыстарын жаудырып жүрді. Уақыт өте келе бәрімен туыстай болып кеттім. Жұмыстан кешке шығып бара жатқанда басшы әпке "үйге ала кет" деп тамақ, тәттілер дайындап тұратын. Қыздарындай еркелетіп, қолдап, сенім артты.
Бір күні әпке университет маңынан кофехана ашты. Сеніп, соның бастығы етіп қойды. Жауапкершілік, жоғары жалақы – мен үшін бұл үлкен мүмкіндік еді. Өзіме қарап, әдемі киімдер алдым. Таза жерде жұмыс істеп, өмірім гүлденіп келе жатқандай болды. Табысымның бір бөлігін депозитке жинай бастадым. Сол кезде небәрі 25 жаста едім.

Енді аузымыз аққа тие бастағанда, күйеуім "Мен Меркіге қайтам. Алматы ұнамады" деді. Бұл қалаға не үшін келгенімізді есіне салдым. "Ауылда не істейміз? Бес жыл, мүмкін жеті жылда баспаналы болармыз. Есесіне мүмкіндік көп қой бұл қалада. Ал ауылда жүріп біз он-жиырма жылда да үй аламаймыз" дегеніме көнбеді. "Қалсаң қал. Мен қайтам" деді.

Сол сәтте бүкіл әлемім тоқтап қалғандай болды. Ол Алматыны ұнатпады. Жалдап тұрып жатқан пәтер ұнамады. Дұрысы, өмірді өзгертуге төзімі жетпеді. Түнімен түсіндіруге тырысқанымды қайтейін, таңертең киімдерін жинап ауылға кетіп қалды.
Жұмыс беріп отырған аға мен әпкеге барып айттым. Олар "Жалақыңды көтереміз. Балаларыңды алып кел, балабақшаға орналастырып береміз" деді.

Күйеуіме қоңырау соғып жалындым, көнбеді. Амалсыздан көзім жасқа толып, Меркіге қайттым.

Содан бері он шақты жыл өтті. Бірақ ештеңе өзгермеді. Сол баяғы тіршілік. Сол баяғы күйбең. Ескі үй. Жақында қайным үйленеді. Енем "Үй тар, бөлек шығасыңдар" деді. Енді жалдап тұратын времянка іздеп жатырмыз.

Он жыл бұрын күйеуімді тыңдамай жұмысымды жалғастыра бергенде қазір өз баспанамыз болар еді ғой деп күйінем. Алматыдағы сол мүмкіндік – менің өмірімді түбегейлі өзгертер жол еді. Өз жолымды тапқан болар ма едім?
Қазір үйде жұмыссыз отырмын. Күйеуім вахталық жұмыс істейді. Белгілі емес пе, тапқаны ас-судан артылмайды.

Түсінгенім, кейбір мүмкіндіктер өмірде бір-ақ рет келеді екен. Көзді жұмып қайтадан Алматыға кетіп қалайын десем, бұрынғыдай жұмыс табыла қоймайтын сияқты. Бұрынғыдай жалындап тұрған жас та емеспін. Ішімдегі отым сөніп қалған секілді. Ешнәрсеге зауқым жоқ, тек өкініш бар..."