"Мен тұрмысқа шыққанда "КӨР ДЕ ТҰР, ҚАЙТЫП КЕЛЕДІ" депті"
"Басқа енелер сияқты "Қолынан түк келмейді" деп жамандаған жоқ. "Мынаны қайдан тауып әкелдің?" деп ұлына да ұрыспады. Керісінше "Келініме тиіспеңдер, бірдеңе болса маған айтыңдар, өзім сөйлесіп, түсіндіремін" деп мені қорғаштап жүреді. Тәрбиелейтін ене болса, келін барлығын да үйренеді екен. Соны түсіндім."
Осылай айтқан жас келін енесіне деген разылығын ERNUR.KZ порталы арқылы жеткізгісі келеді.
"Мен тұрмысқа шыққанда үй шаруасына ебім жоғын білетіндер «шыдамайды, көп ұзамай қайтып келеді, көр де тұр» депті. Соны есіме түскенде іштей өз-өзімді жинақтап, «әлі-ақ үйреніп кетесің» деп сілкініп алатын едім.
Мен келін болып түскен отбасында кілең ер бала, бірде-бір қыз баласы жоқ. Үй шаруасына көмектесетін қайынсіңлім болмағанымен, қайныларым бар. Солар бір жағыма шығысып, қорқынышым сейілгендей болды. Ал еркіндікте өскен, өмірі көйлек дегенді киіп өспеген маған халат киіп, орамал тағу, балалықпен бірден қоштасу қиынға соқты.
Ата-әжемнің қасында «айналайын» дегеннен басқаны естімеген мен қатты дауыс көтеріп сөйлемесе де, енемнің қатулы қабағынан-ақ аяқ тартатынмын. Бір тірлікті дұрыс жасамай қалатындай болып, өз-өзімнен іштей дірілдеп, жылармандай болатынмын. Бірақ, енем «Ешкім бәрін біліп өмірге келмейді, бірте-бірте үйреніп кетесің, мен де сен секілді ештене білмей тұрмыс құрғанмын, енемнің қасында жүріп бәрін үйренгенмін» деп талай жерде үстімнен ауыр жүк түскендей еткен.
Сырттай қатты кісі болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, сөздері дөп тиетін енем әрбір ісімді тарқатып түсіндіру арқылы үйретті. Сол кезде басқа енелер сияқты «Қолынан түк келмейді» деп өзгелерге жамандаған жоқ. «Мынаны қайдан тауып әкелдің?» деп ұлына да ұрыспады. Керісінше «Келініме тиіспеңдер, бірдеңе болса маған айтыңдар, өзім сөйлесем» деп мені қорғаштап жүреді. Тәрбиелейтін ене болса, келін барлығын да үйренеді екен. Соны түсіндім.
Сондай-ақ, келін де енесі үйретіп жатқанда барынша тырысып қағып алса, барлығы да жақсы болады. Себебі ене жаман зат үйретпейді. Енемен келін тату болса, үйдің берекесі болады. Ол екеуі жақсы болса, бәрі де тыныш, бәрі де жақсы. Айналамдағы кейбір адамдар енелерін жамандап немесе үлкен апалар келіндерін жамандап жатқанда, іштей Аллаға шүкіршілік етемін, осы отбасыға келін болғаным үшін.
Қызды өз үйінде еркелетеді. Ал келінді келін етіп тәрбиелейтін – ене. Бөтендігін сездіріп, жекімей, жаныңа жақын тартып, жәй сөзбен, ақылмен түсіндіре алған ененің келіні ешқашан жаман болмайды. «Ене жақсы болса, келін міндетті түрде жақсы болады» деген сөздер өзіме арналғандай."


