"Келінім қыздарымның келгенін жақтырмайды"

0
552

«Жаңа жылда ғана келді ғой, қайта-қайта шақыра береміз бе?»


Сурет: ЖИ көмегімен жасалды

"Менде де көңіл бар, ренжимін, ашуланамын, мұңаямын. Бірақ бұл сезімдер көбіне іште қалады. Сырымды, шаңырағымдағы мәселелердің бәрін абысындарыма, жеңгелеріме, құрбыға айта бермеймін. Кейбірі айтылады, кейбірі қалады. Сол айтылмаған реніш пен сырлар сыртқа жоғары қан қысымы, жүрек пен бас аурулары, қатерлі дерттер түрінде шығады екен."

Осылай деген Зылиха апа алдағы уақытта ренішін іште сақтамай, ең болмаса ERNUR.KZ порталы арқылы оқырмандармен бөліскісі келетінін айтты.


"Мен – енемін. Біреуге қатал, біреуге әділетсіз, біреуге артық адам болып көрінетін шығармын. Бірақ мен де біреудің келіні, біреудің әлпештеген қызы, біреудің сүйген жары болдым.

Менде де көңіл бар, ренжимін, ашуланамын, мұңаямын. Бірақ бұл сезімдер көбіне іште қалады. Сырымды, шаңырағымдағы мәселелердің бәрін абысындарыма, жеңгелеріме, құрбыға айта бермеймін. Кейбірі айтылады, кейбірі қалады. Сол айтылмаған реніш пен сырлар сыртқа жоғары қан қысымы, жүрек пен бас аурулары, қатерлі дерттер түрінде шығады екен.

Әнеугүні түс ауа төрт жасар немерем келіп, ертегі айтып беруімді сұрады. Әке-шешесі «телефон бермеңіз» деп ескерткелі бері ертегі айтып жүрмін. Білетінімнің бәрін айтып тауысыппын. Бүгін не айтам деп көп ойландым. Сөйтіп жас кезде енемнің айтқан бір хикаясы есіме сап ете қалды. «Кеше осыны келініме айтқанымда, дөп кетер еді-ау» деп ойладым.

Өйткені кеше екі жілік ет алғанда «Қыздарды, күйеу балдарды, абысындарың мен қайнағаларыңды осы аптада тамаққа шақырып жіберейік» дегем. Келін «Жаңа жылда ғана келді ғой, қайта-қайта шақыра береміз бе?» деп шап ете қалды.

Байқаймын, қыздарым үйге келсе жақтырмайды. Олар мен тірі болған соң келеді де. Менің көзім кеткесін қазіргідей келгіштемейді ғой. Қарашаңырақта жиі бас қосу бауырларды жақындастырады. Бірақ бұл ойларымды келінге айтпадым. Күрсіндім де, қойдым.

Әйткенмен соған әлі ренжіп отыр едім. Қарашаңыраққа иелік еткен соң, ағайындардың басын қосу солардың міндеті екенін аңыз әңгіме арқылы түсіндіргім келді. Сөйтіп немереме әдейі дауыстап айтып бердім.

«Бір патша өзінің сарайындағы тігіншінің ісін тамашалап отырып, таңғалыпты. Тігінші матаны қымбат, гауһармен апталған қайшысымен қиып-қиып тастайды да, қайшыны аяғының астына тастай салады. Сосын қиылған маталарды тіге бастайды. Тігіп болған соң, кіп-кішкентай инені сүртіп-тазалап, бас киіміне қадап қояды. Патша: «Қымбат қайшыны аяқ астына тастай салдың, ал түкке тұрғысыз инені төбеңе шығарғаның қалай?» деп сұрайды. Сонда тігінші: «Патшам, қайшы қанша жерден алтынмен апталса да, оның міндеті – бүтінді бөлшектеу, кесу, ажырату. Ал ине – бөлінгенді біріктіреді, жыртылғанды бүтіндейді. Мен үшін кесетін алтыннан, біріктіріп тігетін қара ине артық» деп жауап беріпті.»

Хикаяны аяқтап, «Балам» дедім немереме, «Өмірде қайшы сияқты болма, ол тек бөледі. Ине сияқты бол, ол – жалғайды. Біздің әулетке «қайшы-мінез» емес, біріктіретін «ине-пейіл» керек. Кесіп тастау оңай, ал жамап, тігу – сабыр мен махаббаттың ісі. Ертең мен де марқұм шалыма, атаңның қасына кетем. Бірақ мен кеткен соң, соңымда уайым емес – тыныштық, өкпе емес – өнеге, ынтымақ қалса екен деймін...»

Ақырын асүйге құлақ салдым. Тарсылдатып сәбіз турап отырған келін тына қапты, демек тыңдап отыр.

Бұл аңызды енемнен естігенде кәдімгідей ойланып, «Мен осы үйге келін болып түскеннен бері «қайшы» болып жүрмін бе, әлде «ине» ме?» деп өз-өзіме сұрақ қойғам. Келінім де бәлкім өзіне сұрақ қойып, ойланып отырған болар... Әлде қазіргі келіндерге ашық айту керек пе?

«Келін, мен сенің жауың емес, екінші анаңмын. Ертең мен кеткенде, осы үйдің отын сен жағасың. Қара шаңырақ – перзенттердің кез келген уақытта аунап-қунап кететін, әке-шешесіне, балалық шағына сағынышын басатын ыстық ұясы, ата-анасының үйі. Сондықтан олар келгенде қабағыңды түйме» деп айтқаным дұрыс шығар, ә?! Осы сөзді іштей қайталап, айтуға оқталып отыр едім, асүй жақтан «Апа, қыздарыңызбен сөйлестіңіз ба бүгін? Ертең қазанға ет салайын, шақырсаңызшы, жиендерді алып, жезделер де, бәрі келсін» деген келінімнің даусы шықты.

Жаңа ғана көкірегімді қарс айырып тұрған ренішім әп-сәтте тарқады да кетті..."