"Қаралы үйде бергенді жеп, құйғанды ішу керек": оқырман жаназада жағымсыз жайтқа куә болғанын айтты

0
298

"Өздері қайғырып жүргенде, әрдеңені іздетіп әуреге сала бергендеріңіз не?"


Сурет: i.pinimg.com

Қазіргі уақытта қазақтың жаназа шығару, жерлеу рәсіміне қатысты сыни пікір көп. Әсіресе, қаралы үйде дастархан жаю, ас та төк ас мәзіріне қатысты жиі айтылады. Қайғылы үйде дастархан жаймау немесе азғантай аспен шектелуді дін өкілдері де жиі көтеріп, тіпті арнайы шектеу салуда. Дегенмен, халық арасында жұпыны дастарханды жаназаға лайық көрмейтіндер де баршылық. Осындай пікір қайшылықтары мәселенің біржақты шешімін таппауына себепкер.

Зарина есімді оқырман ERNUR.KZ порталы арқылы жаназада өзі куә болған жағымсыз жайтты бөлісті.


"Астанаға бір жекжаттың асына келгем. Үйі даңғарадай екен, кісі көп, дастарқан мол. Үстелде түрлі-түрлі сусын бар, бірақ бір әйел «Сарыағаштың суы бар ма?» деп газды су сұрады. Таусылып қалса керек, ешкім әкеле қоймап еді. Сол үйдің келінін шақырып алып, тағы сұрады. «Ондай жоқ» деп айта алмады ма, марқұмның туыстары абдырап, жүгіріп жүріп тауып берді.

Тамақтан соң шай келгенде тағы біреуі көк шай сұрап әбігерге салды. Ол жақта сүт шай береді, ал мен сүт қосылған шай іше алмасам да үндемей отырмын. Көк шай сұратқан әйелге ашуым келді. Шыдамадым:

– Бұл той емес қой, қаралы үйде отырсыз. Өздері қайғырып жүргенде, әрдеңені іздетіп әуреге сала бергендеріңіз не? Көк шайды үйіңізге барып іше берерсіз. Ал бұндай жерде құйғанын ішіп, бергенін жеп тыныш отыру керек қой, - дедім.

Жақтырмағандар болды. Мейлі, жақтырмаса жақтырмасын. Рас қой, құдайы астың әдебі сондай. Ондай жерде ас-сусынды таңдап, талғап отыру өте орынсыз емес пе?

Өлім-жітімнің дастарханына сусын, тәттілер мен жемістер қоюды да алып тастау керек. Шелпек пен бауырсақ, бір тамақ және шай жетеді. Осыны заң ба әлде ереже сияқты қылып па, әйтеуір нақты бекітіп, сақталуын қадағалайтын уақыт келгендей."