"Енеммен мақтанамын!": жас келін күйеуінің анасына ризашылығын білдірді

0
201

"Кешке үйге келсек енем манты пісіріп, салаттар дайындап, мерекелік стол жасап қойыпты"


Сурет: i.pinimg.com

"Осы сайттан, басқа да әлеуметтік желілерден енесіне ренжіген келіндердің жан сыры мен мұңын көп оқимын. Ондай сәттерде өз өміріме қарап, жүрегім шүкіршілікке толып кетеді. Бүгін мен де хат жазғым келді. Бірақ реніш емес, ризашылық сезімі туралы."

Осылай деп ERNUR.KZ порталына хат жазған келіншектің айтарына құлақ түрсек.


"Мен – енемді мақтан ететін келінмін. Жақында босандым. Перзентханадан үйге келсем, атам қойдың етін тұздап отыр. Ал енем асүйде сорпа пісіріп жатыр екен. Шай ішіп болған соң ыдыс жумақшы едім, енем "Қырық күн мен жуам, сосын асүйді өзіңе тапсырам" деді күліп.

Сенесіздер ме, қырқымнан шыққанша енем ыдыс жудырмады. Өзі күнде баламды суға түсіріп, майлап берді. Қонақ келсе де "Бар балаңа қара. Жат, демал" деп бөлмемнен шығармады.

Осындай асыл жанның келіні атанғаныма Аллаға мың мәрте шүкіршілік етемін. Құрбыма айтып едім, "Ондай енем болса, жыл сайын босанар едім. Жан дүниеңді түсінетін, қолдайтын, демейтін ене – әр қыздың арманы ғой. Маған ондай ене бұйырмапты, бірақ қызыма сондай ене жолықсын деп тілеймін ", - деді көңілі түсіп.

Жаратқан тіл-көзден сақтасыншы. Былтыр туған күнімде де ерекше бір сәтті бастан кештім. Ауылдан абысыным балаларымен келіп, оларды қыдыртайық, кафеде тамақтанып қайтайық дегенбіз.

Кешке дейін қыдырдық. Кешке үйге келсек енем манты пісіріп, салаттар дайындап, мерекелік стол жасап қойыпты. "Сен күнде тамақ істеп жүрсің ғой. Жылына бір рет туған күніңде мен істейін дедім" дейді енем. Ерекше сезім. Нағыз бақыт деген осы шығар. Тебіреніп отырып іштей “Енемнің әр игі ісіне лайықты келін бола білсем екен. Мен де сізді күнде қуантсам екен” деп тіледім."