"Екі бала туып, қайта ажырасып үлгерді"
Сурет: shostka.info
"Сәлеметсіздер ме, ERNUR.KZ порталының оқырмандары!
Сіздерге өз жайымды айтып, мен жасаған қателікті жасамаңыздар дегім келеді" - редакциямызға келген оқырманның хаты осылай басталыпты.
"Бес перзентімнің төртеуі – қыз бала, ортасында жалғыз ұлым бар. Кішкентайынан «Барымыз да, нарымыз да – осы ұл. Сондықтан, ол ең жақсы қызға үйленуі керек, қолымызда өте тамаша келін тұруы керек, олар керемет отбасы болуға тиіс» дегендей оймен өсірдік.
Балам 22 жасында «Үйленсем, қалай қарайсыздар?» деп сұрады. Қызымен сөйлесіп жүргендеріне бір жарым жыл болып қалыпты. Әке-шешесін жақсы танимын. Қызды да мектеп оқитын кезінде көргенмін бірнеше рет. Мектепті «Алтын белгімен» бітірген, университетті де тәмамдап, жұмыс істеп жүргенін білетінмін.
Қазір дамыған заман ғой, дереу қыздарыммен қосылып жүріп Инстаграм, Тик-Ток сияқты әлеуметтік желідегі аккаунттарын тауып алдық. Неше түрлі суреттері, видеолары шыға келді. Бір суретте иық жағына салған татуажын көріп қалдым. Енді бір видеода жазып қойған сөздері ұнамады. Әйтеуір не керек, жалпы алғанда қыз көңілімнен шықпады. Содан кейін жәйлап баламды ол қыздан алыстата бастадым.
Сондағым – өз көңілімнен жүз пайыз шығатын, мінсіз қызды іздегенім ғой. Ал қазір ұлымның жасы отызға таяды. Сол бірінші реттен кейін қайтып үйленемін деп айтқан емес. «Қашан үйленесің?» деп сұрауға мен де ұяламын. Сұрасам, өзіме дүрсе қоя беретіні анық.
Ұнатқан қызы басқа адаммен тұрмыс құрып, екі бала туып, қайтып ажырасып үлгерді. Кейде «Ұлым мен осы қыздың тағдырын мен өз қолыммен құртпадым ба екен?» деген ой келеді. «Сол кезде рұқсат бере салғанымда, қазір бәрі басқаша болар ма еді?» деген үміт қой.
«Неге сөйттім, неге бүйттім» деп өзімді кінәлаумен шаршаймын. Енді бірде «Бұйырған кетпейді, бұйырмаса, жетпейді» деген. Бұйрық болмай тұрған ғой. Әйтпесе, менің қолымда тұрған не бар дейсің? Жаратқанның қалауы болса, ешкімнің қарсылығына қарамастан қосып қояр еді» деп қайта жұбатамын өзімді.
«Жаратқан ием, балама текті, тәрбиелі әулеттің қызын бұйырта гөр!» деп тілеп жүрмін тек.