Сурет: diapazon.kz
"Шындығына келсем, бұрын əйелі болған, балалары бар, алимент төлейтін ер-азаматқа күйеуге шығу азаптың азабы екен" деген келіншек неге мұндай ойға келгенін ERNUR.KZ тілшісіне түсіндірді.
"Құдай біреудің орнына барғызбасын ешкімді. Сізді өмір бақи салыстыратын болады. Күйеуіңіз салыстырмаса енеңіз, қайынжұрт, күйеудің достары бәрібір салыстырады. «Бұрынғысы анандай еді, мынаусы - мынадай» деген сияқты түртпектің көкесін көресіз… Бұрынғыдан жақсырақ болсаң игі еді, адам кемшіліксіз болмағандықтан, əр жеріңнен қылтиып шығып тұратын кешіліктеріңді мұндай жағдайда ешкім кешірмейтін болады.
Сол қателіктерді қайталамасын деп мен өз басымнан өткен жағдайды сіздерге жазғым келіп отыр. Жігітіммен үш ай жүрдім. Осы үш айдың ішінде бұрын үйленіп-ажырасқанын және бір баласы бар екенін білген жоқпын. Үйленеміз деп шешім қабылдап, менің сөзімді алғаннан кейін ғана «саған айтар маңызды әңгімем бар» деп өткен өмірі жайлы айтып берді.
Сенер-сенбесімді білмей абдырап тұрып қалдым. Бұл кезде ата-аналарымыз келісіп, «тәтті шай» өтіп қойған. «Тойды тоқтатсам өкініп қалмаймын ба?» деп көп ойландым. Өйткені, мен осы үш айдың ішінде ол жігітті жақсы көріп қалған едім.
Неге жасырғанын сұрасам, «Егер ажырасқанымды айтсам, сенен айырылып қаламын деп ойладым, сол себепті бәрін кейін түсіндіре жатырмын деп ойладым» деді.
Ол барлығын түсіндіріп, мені жақсы көретінін, айырылып қалудан қорқатынын айтып сендірді. Артқа қайтарға жол жоқ, тәуекел деп тұрмысқа шығып кеттім. Енді өкінетін сияқтымын. Ортақ балалары үшін бұрынғы келіншегімен сөйлескенде қызғанамын.
Достарының да кейде байқамай сол жайлы айтып қалғандарында өзімді қор сезінемін. Ата-енем сыртымнан қарап қалса «мені бұрынғы келінімен салыстырып жатыр» деп қуыстанып, жайсыз күй кешемін. Бұрын əйелі болған, балалары бар, алимент төлейтін ер-азаматқа күйеуге шығу азаптың азабы екен."