Адам ақылына сыймайтын, ғылыми тұрғыдан толық түсіндірілмеген, көбіне мистикалық сипаттағы құбылыстар зәуде бір болып тұрады. Бойда қорқыныш пен таңданысты қатар туғызып, түсініксіз күйге бөлейтін оқиғаларды тыңдау да бір қызық. ERNUR.KZ порталы редакциясына осындай бір тылсым баяндалған хат келіп жетті.
"Осы оқиғаны әжем бала кезімізде жиі айтып беретін еді. Шынымен болды ма әлде ертегі ретінде өз ойынан шығарды ма екен, онысын білмеймін. Әйтеуір біз имандай сеніп, әр тыңдаған сайын қорқатынбыз. Қазір де есіме түскенде жүрегім дір ете қалады.
Әжемнің айтқаны: ол кезде атам екеуі де әлі жас, үйленбеген кездері екен. Көрші ауылға би кешіне барған әжемді атам шығарып салмақшы болады. Жолды қысқартайық деп бидай алқабын кесіп өтуді ұйғарады.
Бидайдың бойы биік боп өсіп тұрған кезі екен. Әр қадам аттаған сайын масақтар басын иіп, біреулері күтіп алса, біреулері шығарып салып тұрғандай болады. Жүрген кезде сабақтарының сыбдыры әуезді болып естіледі. (Әжемнің сипаттауы солай, өздері үшін сондай әсерлі болған ғой)
Екеуі әңгіме айтып жүріп бара жатып, кенет алдарынан жарқыраған көйлек киген, шашын жайып бос жіберген қыздың келе жатқанын байқайды. Ол кезде қыздарға шашы жаюға болмайды екен. Не өріп тастайды, не орамалға жасырады. Ал мына қыздың ұзын шашы жалбырап, алыстан анық көрінеді. Әрі көйлегі де айдың сәулесіне қайта-қайта шағылысып, жылт-жылт етеді. Бірақ ол қыздың жүрген жерінде бидай сабағы майыспайды, сыбдыры да естілмейді дейді.
Қыз өте жақын келсе де, бұларды байқамағансиды. Немесе шынымен көрмейді ма екен, әйтеуір басын бұрып қарамайды, мән бермейді де. Атам мен әжем сонда да тығылғысы келіп, бидайдың арасына отыра қалыпты. Тура тұстарынан өткенде олар қыздың аяғы жерге тимей, бидайдың үстінде қалықтап әлде сырғанап бара жатқанын көреді. Қыз көзден ғайып болғанда, екеуі бар күштерімен алға қарай жүгіреді.
Сөйтіп атам әжемді үйіне жеткізіп салыпты. Бірақ өзі ауылына қайтпай, бір танысының үйіне қонып қалады. Өйткені, қараңғыда қайтадан екі ауылдың арасын жүріп өтуге жүрексінген екен.
Бірақ содан кейін екі ауылдың адамдарынан да сондай қызды көрген-білгендер болмаған сияқты. Әйтеуір ондай ештеңе естімепті. Елетеді дейін десе, біруіне емес, екеуіне де көрінген."