«Бегемот», «Бауырсақ»: кұйеуінің мазағынан шаршаған келіншек жан сырын айтты

0
237

"Тым болмаса достарыңның көзінше олай демеші"


«Бегемот», «Бауырсақ»: кұйеуінің мазағынан шаршаған келіншек жан сырын айтты

Сурет: ru.pinterest.com

"Мені мазалап жүрген, тіпті депрессияның тереңіне тартып бара жатқан мәселе бар. Қанша әрекет етсем де салмағымнан арылу оңай болмай тұр" деп мұңын шақты ERNUR.KZ порталының оқырманы.


"Тұрмысқа шыққан кезімде елу үш келі едім. Кейін балалы болдым. Бірінші баладан кейін он келі, екінші баладан соң бірден он бес келі салмақ қосып алдым. "Бұл салмақ жүктіліктің әсерінен, кейін баланы аман-есен босанып алған соң, бұрынғы салмағыма тез ораламын" деп сенімді болған едім. Бірақ, салмақты жинап алу оңай болғанымен, одан арылудың өте қиындығын түсіндім.

Ешкім де өзінің дене тұрқының ұсқынсыз болғанын қаламайды ғой. Оның үстіне, жаны нәзік әйелдер қауымы қанша жаста болса да сымбатты, жіптіктей арық, қыпша бел болып жүргенді қалайды.

Бірақ барлық әйел бірдей емес, қыз бала тұрмысқа шығып, балалы болған соң мүсіні өзгереді. Кейбіреулер бала босанғаннан кейін еш қиналмастан тез арада қалпына келіп алса, кейбіреулерге бұл – өте қиын процесс. Жүктілік кезінде қосып алған салмақтан арылу қиын болғанымен қоса, екінші баланы босанып, үсті-үстіне салмақ қосып алатындар да бар.

Мен де сондай әйелдердің қатарынанмын. Жылма-жыл үш бала таптым да, салмағым жүз келіге бір-ақ жетті. Әрине, қалайша мұндай күйге жеткенімді де байқамай қалдым. Үй тіршілігі, үпір-шүпір үш баламның жағдайын жасаймын деп өзіме көңіл бөлуге уақытым да болмады.

Жұмыс істемеймін, үйде күйеуімді күтіп, балаларымның бабын жасап, үй шаруасында отырған әйелмін. Ал жолдасым күнделікті жұмысына барып-келеді. Жан-жағындағы неше түрлі сұлу, сымбатты қыз-келіншектерді көріп, мені олармен салыстыратын шығар. Бәлкім, басқалармен салыстырмаса да, бұрынғы өзіммен салыстыратын шығар.

Әйтеуір соңғы жылдары ғана емес, салмақ қоса бастаған сәттен бастап мазақ ететін. «Бегемот», «Бауырсақ» деп басқалардың көзінше де кемсітіп, мазақ етіп отыратындығы жаныма тиді. Достарының көзінше әзілдеп жатырмын деп талай рет келемеждеп, келеке етті.

Талай рет оған жалынып, "Тым болмаса достарыңның көзінше олай демеші. Маған да оңай болып жүрмегенін білесің ғой. Қанша әрекет етсем де салмағымнан арылу оңай болмай тұр. Маған ұнамайды дейсің бе әдемі болып жүрген? Көпшіліктің көзінше мені өзің кемсітсең, басқалар не демейді?» деп жылағанмын.

Менің ең осал жерім сол шығар бәлкім, қатты ашулансам, күйзеліске түссем, сол жағымсыздықтан құтылу үшін тәтті тағамдармен ашуымды басуға тырысамын. Соның әсерінен салмағым да тез өседі. Аштықпен арықтап көрейінші деп интернеттен көріп, екі күн тамақ жемей, үшінші күні тамақтанған кезімде шыдамай көп жеп қойдым. Бұл әдістің маған көмектеспейтінін білдім. Фитнес залдарына баруға балаларым кішкентай, оларға қарайтын адам керек. Үйде шама шарқымша сол интернеттен көрген жаттығуларымды жасаймын. Бірақ салмағым өте үлкен болғандықтан, тез шаршап қаламын, бір жағынан балаларым да мазасызданып, етегіме жармасып мүмкіндік бермейді.

Тез арада арықтауға арналған зиянды тәсілдер де бар. Яғни арықтататын дәрі қабылдау. Бірақ оны қолдамадым, өйткені, маған денсаулығым қымбат.

Әрине, айтуға ғана оңай ғой, бірақ салмақты жинап алу оңай болғанымен, ол салмақтан арылу өте қиын. Бұны мен өз басымнан өткізген соң түсініп отырмын. Бала туған соң балаға сүт болсын деп қарның тойып тұрса да артық тамақтанудың арқасында біртіндеп салмақ қосып алғанмын өзім.

Оған күйеуің түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп, арықтауға мотивация беріп, жігерлендіріп отырса, онда әйелге де жеңілдеу болар еді. Ал керісінше, менің күйеуім секілді өзі онсыз да қамығып жүрген, қалай арықтасам болады деп жолын іздеп жүрген әйелге жаңағыдай қорлау сөздеріп айтқан кезде ол әйелдің еңсесі түспей қайтсін?!

Мен өзімнің артық салмағыма да қол сілтедім, ол күйеуімнің мазақ сөздерінің қасында түк емес секілді мен үшін."