"Батасын сатқан қария": оқырман әр ісін батасыз бастамайтынын айтты

0
257

Алдында шағын тақтайша. Онда қара сиямен: «Бата алып кетіңіз» деп жазылыпты.


ERNUR.KZ порталының редакциясына жолданған бұл хат - кезекті отбасылық оқиғаның баяны емес. Онда ұлттық құндылық, қазақи таным мен тәрбиенің бір бөлшегі бар. Оқиға түймедей болса да, мағынасы - түйедей.


"Бала кезімде жазғы демалысты ауылда өткізетінмін. Жаздың аптап ыстығына қарамай атама ілесіп жүре беретінмін. Бірде атаммен бірге ауыл шетіндегі жәрмеңкеге бет алдық. Әр бұрыштан саудагерлердің дауысы естіліп, біреулер баға айтып, енді біреулер саудаласып жатты.

Кенет бір бұрышта тұрған шеткі үстел көзіме оттай басылды. Үстелдің арғы бетінде егде тартқан, беті әжімге толы қария үнсіз отыр екен. Алдында шағын тақтайша. Онда қара сиямен: «Бата алып кетіңіз» деп жазылыпты.

– Ата, бұл кісі саудагер емес сияқты. Не үшін отыр? – дедім сыбырлай. Атам тоқтай қалып:

– Балам, бұл – Төлеп ата. Бұрын ауыл мешітінде молда болған. Естуімше, ұл-қызы жоқ. Қазір зейнетте. Нәпақасын осылай тауып жүр. Батасын беріп, жұрттан садақа алады. Естуімше, "Батасын бұлдап, ақшаға сатқаны несі? Бұл не сұмдық?" деп Төлептің бұл ісін сынайды екен кейбіреулер. Бірақ біраз жұрт оны шын ниетпен іздеп келеді. Өйткені, одан бата алғанның жолы ашылады деа сенетіндер көп.

Сәл кідіріп, сөзін жалғады:

– Жалпы бата деген – дұға. Бата алған адамның жолы болады. Қазақта "Ата-ананың батасы – алты молданың дұғасынан артық" деген сөз бекер айтылмаған. Біз де жас кезімізде әр ісімізді үлкендердің батасымен бастаушы едік, – деді атам.

Осы сәтте атам молданың алдына барып қолын жайды. Мен де ілестім. Қария ақ батасын берді. Әлден соң атам қалтасынан бір уыс тиын алып, қарияның алақанына салды.

– Ақ бата – екі жүз теңгеден артық. Әрине, еңбек пен ақыл жол ашады. Бірақ батасыз істің берекесі аз болады, – деді атам.

Сол күн – менің өмірімдегі ерекше сәттердің бірі болды. Содан бастап мен әр ісімді «Бісміллә» деп бастап, үлкен кісілерден бата сұрауға дағдыландым. Бұл жай ғана дәстүр емес, бұл – рухани күштің көзі екенін жылдар өте түсіндім. Жолы болмаған досымнан «Бата алдың ба?» деп сұраймын.

Құрметті оқырман, егер ата-анаң тірі болса, олардың әр күнгі батасын алуға асық. Әрбір үлкен іс бастарда, болмашы әрекетіңде де, батаның берекесін ізде. Себебі «Батаменен ел көгереді» дегенге мен өмірімде талай мәрте көз жеткіздім."