" «Ол басқа әйелді сүйіп қалады» деді"
Сурет: fito-center.ru
ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы Жамал ханым өзінің басынан өткен жағдайды басқаларға ой салсын деген ниетпен айтып беруді ұйғарыпты.
«Студенттер, бойдақтар балгерге көп барады. Картамен бал аштыратын отбасылы әйелдер де көп. Соларға тоқтау болса екен деген ниетте өз қателігімді жазып отырмын.
Төртінші курста оқып жүргенде пәтерлес қыздарға еріп бір балгерге барғанмын. Кофе ішкізіп, ыдыс түбінде қалған кофе қалдығына қарап болашағыңды болжайды екен. Кезек күтіп отырған қыз-келіншек көп. Бір жарым сағат кезек күттім. Балгер түрік әйел. Орысша сөйлейді.
Ол «Алаңдамай оқуыңды оқы, сенен жақсы маман шығады. Өмірлік жарыңмен кейін танысасың. Бастапқыда қиындықтармен күресесің, кейін бәрі жақсы болады. Бірақ күйеуіңмен ажырасып кетесің» деді. «Не үшін?» деп сұрадым. Балгер кофеге қарап отырып, «Ол басқа әйелді сүйіп қалады» деді.
Арада қаншама жыл өтсе де балгердің айтқан сол сөздері санамнан шықпай жүр. Шүкір, отбасым, балаларым, күйеуім, жұмысым бар. Бірақ қуанышты, бақытты сәттерде балгердің сөзі есіме түседі де, көңілім су сепкендей басылады. Соңғы кезде тіпті күйеуімнің сөздерінен ілік іздейтін болғанмын. Той-томалақ, отырыстарда жанынан қалмай жүрем. Жұмыстан кешіксе де дегбірім қашып, қоңырау шала берем. Үйге келген соң сұрақтың астына алам.
Кеше ол ашуланып келді. «Рульде отырғанда неге қоңырау шала бересің? Саған жауап берем деп, біреудің көлігін соқтым. Сен қоңырау шалған сайын жүйкем тозады, білесің бе?» деп айқайлады. Ол ұрысып жатыр, ал мен «Ажырасудың амалын іздеп жатыр-ау» деп ойға шомып кеттім...
Осылай ұрыс-керіс кезінде күмәнді ойдың тұңғиығына батып кететін болыппын. Бір күні жынданып кетпесем болғаны.
Жұрттар жаңа жылды үлкен үмітпен, қуанышпен бастап жатса, мен болашағымнан қорқып, бір түрлі күйге түсіп жүрмін. Бекер бал аштырыппын. «Не себептен олай айтты екен? Шынымен ажырасып кетеміз бе?» деп ойланып, өзімді әлі күнге дейін жеймін. Қазір бал ашуға сенбесем де, балгердің сөзін санамнан шығара алмай әлекпін.»