"Баламның бетін тырнап тастаған" - келіншек оқыс оқиға мен тылсым жағдай қатерден сақтап қалғанын айтты

0
286

"Ояна сала бірінші көргеніміз – ұлымның бетінің тырналғаны, ал алғашқы сезгеніміз – газдың иісі болды"


Көпшілігіңіз өміріңізде кем дегенде бір рет түсіну қиын, жұмбақ, оғаш жағдайларға тап болған шығарсыз. Ақылға қонымды болмағасын ба, миымыз жетіп жетік түсінбегесін бе, әйтеуір көз жұма қараған боламыз. Біреу «басымнан осындай өтті» деп айтып берсе, болуы мүмкін екенін біле тұра, сенбестік танытамыз. Бірақ мұндай паранормалды жағдайлардың болып тұратыны – рас.

ERNUR.KZ порталына хат жазған оқырман осындай тылсым жағдайдың өмірінде бірнеше рет орын алғанын айтыпты. Ең қызығы, бәрі бір үймен байланысты екен.


"Ол кезде әлі пәтер жалдап тұратынбыз. Үй иесі «үйді сатамын, тезірек босатыңдар» дегесін тез арада жаңа баспана табу керек болды. Сөйтіп дұрыстауын тапқанша паналай тұрайық деп қаланың шет жағынан ескі үйді арзан бағаға жалдадық.

Сол үйде түнеген алғашқы күндері-ақ мені ойландырып қойған бір жайт болды. Таңертең ерте тұрып, әжетханаға кріп кеттім. Бұл уақытта күйеуім жұмысқа кетіп қалған, 6 жастағы ұлым ұйықтап жатқан.

Бір кезде сырттан тысырлап аяқ дыбысы естілді. Ұлым оянып, мені іздеп жүр екен деп ойладым. Қорқып қалмасын деген оймен «балам, мен мындамын, дәретханадамын» деп дауыстадым. Ол үндемеді. Бірақ әрі-бері жүрді, біресе маған жақындайды, біресе ары қарай кетеді. Бірде жүгіріп келе жатқаны естілді, дәретханаға жетпей бұрышта тоқтады. «Қазір шығамын, күте тұр» деймін, тағы үндемейді.

Шықсам, далада ешкім жоқ. Ал үйге кіргенде ұлымның мен кеткенде қалай жатты – әлі де тура солай тәтті ұйқыда екенін көрдім.

Ол кезде «көршінің балалары ойнап жүріп кіріп кеткен болар» деп мән бере қоймадым. Ал сәл кейінірек болған мына жағдай тіпті есімізді шығарды.

Шырт ұйқыда жатқан жерімізден баламның жылаған даусынан ояндық. Қасымызға кеп қалыпты. Ояна сала бірінші көргеніміз – ұлымның бетінің тырналғаны, ал алғашқы сезгеніміз – газдың иісі болды. Күйеуім дереу тексеруге кетті. Сөйтсек ас бөлмеде газдың құбыры шығып кетіп, үй ішін күлімсі иісі ала бастаған екен. Дереу газды өшіріп, құбырды жалғап әбігерге түсті. Ал мен сыртқа шығып, жылаған ұлымызды жұбата алмай әлекпін.

Кейін сұрап білгеніміздей, ұлым ұйықтап жатқанда мысық секілді бірдеңе кеудесіне секіріп отырып алып, бетін тырнап-тырнап алыпты. Қатты ауырды дейді. Кәдімгідей тырнақ іздері түсіп, қызарып қалған, анық көрініп тұр.

Егер осы бір белгісіз жануар ұлымызды жылатпағанда, ол бізді оятпағанда, бәріміз де газға уланып өліп кетуіміз әбден мүмкін еді. «Құдай сақтады» деп мың рет шүкіршілігімізді айттық.

Ал әлгі белгісіз жануар бізді құтқарды айтуға аузымыз бармады. Өйткені оның не болғанын біле алмасымызды сөзсіз түсінгендейміз. Өзіміз үйде жануар ұстамаймыз. Сырттан кірді дейтіндей де емес, есік-терезенің бәрі тас жабық боп тұрған.

Сол жағдайдан кейін ол үйден көшіп кеткенше, одан кейінгі жаңа пәтерде де ұлымызды қасымызға алып жататын болдық. Тек өз үйімізді салып бітіріп, сонда көшкен соң ғана біраз уақыттан кейін қайта бөлек ұйықтауға үйренді."