"Балаларымды бірдей көрмей алалап, бөлектеп өсіріппін"

0
634

"Енді сол балалық өкпе менің жалғыздығымның себебіне айналды"


сурет: gemini ЖИ арқылы жасалған

"Әжем бар. Кішігірім аудан орталығындағы даңғарадай үйде жалғыз өзі тұрады. Неге жалғыз тұратынын білмейтінмін. Әйтпесе, менің әке-шешем бар, басқа да ұл-қыздары бар отбасылы. Не әже біреуінің қолына келмейді, не олар қасына бармайды" деген бойжеткен мұның сырын жақында ғана түсінгенін айтты.

Өзінің білгенін ERNUR.KZ оқырманларымен де бөлісіп, сөзінің соңында "Өміріңізде мұндай қателіктерге жол бермеңіз!" деген тілегін жеткізді.


"Жаңа жыл қарсаңында әжемді үйге шақырып, қонақ еттім. Оған әдемі, жібектей жұмсақ көйлек сыйладым. Моншаға бардық. Әсемдік салонына апарып маникюр мен педикюр жасатып бердім. Кешкі шай үстінде әжем рақметін айтты. Сосын әңгіме арасында өз өміріндегі қателіктерін еске алды.

«Қызым, менің өмірімде қуаныш та, өкініш те көп болды. Жас кезімде бәрі дұрыс деп ойладым, бірақ уақыт өте келе түсіндім: әр қатты сөз, үнсіз қалған сәт, әділетсіз шешім – өзіме де, жақындарыма да жазылмас жара болып қалыпты. Егер уақытты кері айналдырсам, бәрін басқаша істер едім. Әттең, әттең-ай... Қызым, менің қателіктерімді қайталама» деді әжем.

Бірінші айтқаны:

«Келіндеріме алғаш үйге түскеннен бастап сын айттым. «Мынадай тамақ пісір, былай киін», «Өз орныңды біл», «Ерте тұр» деп те қыстым. Оларды солай өз тәрбиеме үйретем деп ойладым, бірақ сөздерім жүректерін жаралағанын байқамаппын. Олар мені сыйлағанымен, қызым сияқты жақын болмады, көңілдері суып, алыстап кетті.

Кейін арада ұзақ уақыт өтіп ауырып жатқанымда Нәзира жеңгең келіп қараған. Сол кезде айтып қалды «Сізді анамдай көретін ем. Сіз ше, мені қызыңыздай көре алдыңыз ба? Жоқ, өйтпедіңіз. Сосын мен де «анамнан артық емес, анамдай да емес» деген ой түйдім» деп. Сол сәтте жүрегім езіліп, өкініштен көзім жасқа толды. Мен келіндеріме жылулық сыйлаудың орнына, сынаумен болыппын. Сын жүректерді алыстатады, ал жылу жақындатады. Ауыр сөздің ізі мәңгі қалады, ал мейірімді сөз – мәңгі жылу екен»


Екінші есіне алғаны – балалары:

«Мен төрт баланың анасымын, бірақ мойындаймын, үлкен ұлымды ерекше жақсы көрдім. Оған бәрін бердім: уақытымды, мейірімімді, жақсы заттарды. Қалғандарына олай көңіл бөлмедім. Бірақ махаббат тең бөлінбесе, жүректер бөлінеді екен. Кішілерім кейін менен де, ағаларынан да суыды. Енді сол балалық өкпе менің жалғыздығымның себебіне айналды.

Бала – гүл. Гүлдің бәріне бірдей күн, бірдей су керек. Нағыз ана махаббаты – алаламай, тең сүйе білу. Қызым, балаларыңа бірдей жылу сыйла, өйткені махаббатты бөлген жүрек – өмір бойы жаралы болады»

Әжемнің сөзі жүрегіме жетті. Оның әр сөзі – өмір мектебінің сабағы. Сізге де сабақ болсын, оқырман. Өмірімізде мұндай қателіктерге жол бермейікші!»