"Ажырасқан, балалы болса да, рұқсат": ұлы үйленбей жүрген ана немерелі болсам деп армандайды

0
233

"Кеш те болса ұлым өз бақытын тапса екен тілегім бар"


Сурет: i.pinimg.com

Әрбір ата-ана үшін перзентінің жақсы болуы, қоғамның бір мүшесі ретінде қалыптасуы маңызды. Себебі "балам үшін" деп өмір сүреді, өмірінің мәні мен маңызын баласымен байланыстырады бәрі.

ERNUR.KZ редакциясына мұңын шаға келген Құндыз апай да сондай аналардың бірі.


"Бұрын жастықпен кез келген мәселені уайымдай бермей, дереу оның шешімін табуға тырысатын едік. Ал, жасың ұлғайып, балаңның қолына қарап, оған кіріптар екеніңді сезгенде, оның үстіне балаң әлі отбасын құрмай сүр бойдақ болып жүріп алса, ата-ананың ең бірінші уайымы сол болады екен.

Жасым қазір алпысқа таяп қалды. Мен де өз қатарларым секілді келін жұмсап, немере бағып отырғым келеді. Үйімізден баланың былдырлаған үні шықпағанына, шаңды көтеріп топырлап жүгірмегеніне қай заман?!

Өз балаларымды бағып-өсірдім, балиғатқа жеткіздім. Енді сол жалғыз ұлымнан қашан қызық көремін деп тағатсыздана күтудемін. Үш қызымды ұзаттым, жиен немерелер бар, Аллаға шүкір. Бірақ, олар тек қана қонақ болып келіп-кетеді, онда да жазғы каникулдың кезінде. Сол кезде бір жырғап, үйіміз толып, мәре-сәре болып қаламыз да, қалған уақыттарда сопайып екеуміз ғана қаламыз.

Ұлымның жасы биыл отыздан асты. Жұрттың балалары секілді қызбен сөйлесіп, кездесуге шығып жүргенін көрмедім. Сыр суыртпақтап сұраймын, бірақ ештеңе айтпайды.

Оқуын бітірген соң әпке-жезделері көмек беріп, жұмысқа орналастырған болатын. Тіп-тіке жұмысына барады, уақытында қайтады. Жақсы араласатын санаулы ғана достары бар. «Солармен бір жаққа шығып қайтса, жолында жақсы қыздар кездесіп қалар ма еді, бәлкім» деген үмітім бар ғой. Бірдеңеге ұрынып қалмай, адалынан үйлендірсем осы баламды деп уайымдаймын.

Жан-жағымнан өзім де болашақ келін боларлықтай қыздарды қарап қоямын. "Жақсы қыздар болса, таныстырыңдар" деп жеңгелері мен әпкелеріне де құлаққағыс етіп жүремін. Осы күнде туыстардың арасында «Тайлақтың шешесі» деген атым бар. Бұл сөзге шамданғанмен, қайтемін, олардың да айтып отырғандары жөн.

Ашулансам да, қолымнан келер шара жоқ. Сол ашумен бар өшімді ұлымнан аламын. Ұрысып отырып, жылап та қаламын. Ал ұлым мені жұбатып, «Анашым, жылайтын нәрсені тауыпсыз. Бір күні үйленермін, қазір көңіліме ұнайтын қыз болмай тұр. Тапқан күні сізге әкеліп көрсетемін» деп бұл тақырыпты тез жауып тастауға тырысады.

Осы жалғыз ұлымды үйлендірмей, жүрегім тыншымайтындай. «Жап-жас қыздар тұрмыс құрып жатқанда, жас жігіттер үйленіп жатқанда, қатарыңнан қалып қойдың-ау» деп қамығамын. «Өзіңнің теңің, бір-біріңнің жаныңды түсініп, бір отбасы болып өмір сүрсеңдер, маған сол жеткілікті» деп жасы өзімен қатар қыздармен таныстырып та көргенбіз. «Олармен сөзім жараспайды, тым үлкен екен» деп келеді.

«Өзің жас па едің?» деп ұрыссақ та, құлағына ілмейді. Енді жыл өткен сайын уайым тіпті күшейе түсуде. Міне, тағы бір айдан соң, жаңа жыл келеді. бұл жылымызды да босқа өткіздік. «Жыл жаңарған сайын, жасың ескіріп барады балам, көзіңді жұм да, үйлен. Тіпті есік көрген, ажырасқан, баласы болса да, көңіліңе жаққан болса, қысылма! Ұнатқан адамыңа үйлендіремін» дегеніме де оңды жауап жоқ.

Енді ұлымның достарын қолқалап жүрмін. «Сендер сырын білесіңдер ғой, қасында жүрген достарысыңдар. Бір қызды тауып, екі жастың сауабына қалыңдар. Мен де сендерге өмір бойы алғысымды айтып, ақ батамды айтып жүрер едім» деймін. Кеш те болса ұлым өз бақытын тапса екен тілегім бар."