"Мені енеме қарауға ауылға жіберген болатын"
Сурет: mediamag.am
"Жолдасымның менен қалай суып кеткені жөнінде, оған себеп болған жағдайларды айтсам деп едім" деп ERNUR.KZ порталы редакциясының есігін қақты кезекті бір оқырман.
"Өзім жетімдікті көріп өскен адаммын. Әкем ерте қайтыс болып, анам екінші рет басқа ер адамға тұрмысқа шығып кеткен. Мен нағашы әпкемнің қолында өстім. Бала күнімнен сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықтым.
Жолдасыммен мектепте бірге жүріп, оны бітірген соң, екі жылдан кейін үйленгенбіз.
Енем былтыр жол апатына түсіп, төсек тартып жатып қалды. Күйеуім сол кезде анама қарайлас деп, үш баламен бірге Шымкентке жіберген болатын. Бірақ, бізден бөлек тұрғалы бері жолдасымның менен, балалардан суи бастағанан сездім. Қоңырау шалсақ, телефонды көтермеуді, тіпті жазған хабарламама жауап бермеуді шығарды.
Сөйтіп енемнің беті бері қарап, үйде жүріп-тұруға жараған соң, үш баламды алып, үйіме қайттым. Келгенім не керек, күйеуім бізге бір елі маңымызға жоламай, суық қарсы алды.
Бірде күйеуімнің телефоны кездейсоқ қолыма түсіп қалды. Соны ақтарған соң ғана өзінен он жас үлкен, балалы келіншекпен кездесіп жүргенін білдім. Сол кездегі күйімді, қалай қатты жылағанымды білсеңіздер ғой?! Кеудемді ащы өкініш, өксік керней берді. Мен оның ауру анасын бағып отырғанда, осылай опасыздық жасап кетті.
Әйел адам күйеуін кешіргенімен, көңілде сенім болмағандықтан бұрынғыдай қарым-қатынас болмайды екен. Мен оны кешіре алмағандықтан, балаларды алып, кетіп қалдым. Көзге бір рет шөп салғаннан кейін, үнемі сезіктеніп тұрады екенсің.
Күйеуім жарты жыл екі әйелдің ортасында жүріп, ақыры бізбен қалатын болды. Алайда менде оған сенім қалмады. Күніне жүз рет хабарласып, видеоқоңырау шалатын күйге жеттім. Ақыры көктемде күйеуім сол әйелге тағы барып жүргенін білдім. Сөйтіп қайта отбасы бола алмайтынымызды түсіндім.
Қазір ажырасып кеттік. Одан алимент те, ештеңе сұрамаймын. Балаларыма әке керек, айына бір-екі рет кездесіп, қыдыртып тұрады. Басқа әкелік қызметін көрмедім.
Тағдырдың басқа салғанына көнеді екенсің. Қазір енді бізге айналып қайтып келмесе екен деймін. Кеудемдегі өкпе, реніш бүгінде жеккөрушілік сезімге айналып кеткен сияқты. Бірақ оған жамандық тілеуден аулақпын. Өзінің қалауы сол болса, жолында тұра алмаймын."