"Әріптес әйелге үйленіп кетті": күйеуімен бір ұжымда істеген әйел қалай ажырасқанын айтты

0
288

"Оларды іссапарға жіберер кезде менен де рұқсат сұраған"


Сурет: i.pinimg.com

"Астанаға келген соң күйеуімнен айырылып қалдым. Онымен ажырасам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген болатын"

ERNUR.KZ порталына мұның шаққан кезекті кейіпкердің мәселесі қоғамда кең етек алған - ажырасу. Неге екі жаққа кеткендерін жазбасынан біліңіз.


"Екі ұлдың анасымын. Қазір Астанада тұрып жатырмыз. Мұнда өмір сүру оңай емес, оның үстіне жалғызбасты анаға тіпті қиын.

Тұрмысқа шыққан соң, екі балам дүниеге келгенше ауылда тұрдық. Ауыл демесең, жап-жақсы өмір сүріп жүргенбіз. Бірдеңеден қысылдық, өмір сүру қиын болды деп айта алмаймын. Бай болмасақ та барлығы жеткілікті еді.

Ал Астанаға көшіп келуіміз балаларымыздың болашағы үшін еді. Балаларымыз қалада тұрсын, қалада өссін дедік. Мұнда жастарға мүмкіндіктер өте көп. Балаларымыз білім алсын, жақсы өмір сүрсін деп тып-тыныш отырған жерімізден түрткілеп, күйеуіме айтып жүріп Астанаға көшкен болатынбыз.

Сондай шешімді қабылдап, күйеуімді де көндіргенім үшін кейде өкініп те қалатыным бар. Өйткені, Астанаға келген соң күйеуімнен айырылып қалдым. Нақтысы ажырасып кеттік. Онымен ажырасам деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген болатын.

Мұнда жұмысқа орналасу да, пәтерге орналасу да оңай шаруа болған жоқ. Оның үстіне ешкімді танымайтын, бірде-бір туысымыз жоқ қалада жаңадан өмір бастау үшін жүректілік керек. Алайда біз осының барлығын еңсеріп, үлкен қалаға үйренісіп те алдық. Не болса да, жастық жалын барда барлығы оңай өтеді екен.

Жолдасым да, мен де басында қарапайым жұмыстарды істеп жүрдік. Нақтысы, мен мектептің асханасында, ал күйеуім бір мекеменің күзетшісі болып орналасты. Мұнда тек айлыққа қарап өмір сүреміз. Балаларымызды балабақшаға орналастырдық. Ай сайын балабақшаның төлемақысы мен пәтерақысын әрең төлеп, үнемдеп азық-түлікке жұмсап, солай аяққа тұрдық. Үлкен ұлым мектепке баратын жылы жолдасым мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

Негізі жолдасым екеуміз группаласпыз, екеуміз бір мамандықты бітіргенбіз. Жолдасым ол жерде бір жыл жұмыс істеген соң, бір орын босап, мен де сол жерге, күйеуімнің жанына жұмысқа орналастым. Барлығы жақсы еді, табысымыз да жақсы, таза жұмыс. Бірақ күйеуімді екеуміздің ортақ әріптесіміз өзіне қаратып алған екен. Менің ешқандай арам ойым жоқ, барлығымыз әріптеспіз деп жүрдім. Бір жерде жұмыс істеп жүрген соң, ешқандай күдік те болмапты менде.

Бірақ іссапарға бару қажет болса, басшылық сол екеуін жіберетін. Сонда басталған екен бұл мәселе. Ерлі-зайыпты екенімізді бүкіл ұжым біледі, оларды іссапарға жіберер кезде менен де рұқсат сұраған. Сонда аңқау басым «иә, барсын» деп рұқсатымды бергенмін ғой. Енді олардың арасындағы байланыс бірте-бірте ұлғайып, пыш-пыш әңгіме жүріп жатқанда да «күйеуім менің жанымда жүр ғой» деп аса мән бермеппін. Ақыры ажырасумен аяқталды.

Барлығы белгілі, дәлелді болған соң, мен шыдамай жұмыстан шығып кеттім. Ал олардың ұяты да, ар-намысы да жоқ екен. Беттері бүлк етпей үйленіп алды. Тіпті, араларында заңды неке де жоқ. Қатты көңілім қалды, енді тұрмысқа шықпаймын, балаларым үшін өмір сүремін деген шешімге келдім."